- Қош келдіңіздер! – бізді «Бестерек» қыстағындағы қожайын әйел Нұрсилә САБИРОВА қарсы алады. Бөгде адамдарды сезген ауладағы иттер үріп, үйге кіруге асықтық. Үй ішінде жанған тезектің таныс иісі шығып жатыр екен.
«AЖ» тілшісі мұндай жерге алғаш рет келіп отырған жоқ, бірақ қыстаққа күзгі сапар кезінде дала жылы болса, бұл жолы көктем басталғандай көрінгенімен, аязды дала желі өңменіңнен өтеді. Сондықтан, ыстық сусынға өзгеше дәм беретін қазақтың тары қосылған ыстық шәйі дөп келді.
«Бестерек» шаруа қожалығы Исатай ауданының әкімшілік орталығы Аққыстау ауылынан 13 шақырым жерде орналасқан. Нұрсилә апа жұбайы Қанат ЖАКИНМЕН бірге осы жерде 15 жылдай уақыттан бері қала тұрғындары үшін «жағдайы жасалмаған» жерде өмір сүріп келеді.
Жазда ерлі-зайыптылар қыстаққа жақын жердегі шағын каналда ағып жатқан суды пайдаланады. Ал қыс мезгілінде су артерияларын мұз басқан кезде суды аудан орталығынан сатып алады. Үй іші тезекпен және отынмен жылытылады. Нұрсилә Нұржанқызы тамақты он күнге жететін газ баллонының көмегімен дайындайды.
Қожайын әйелмен әңгіме арасында әйнегі ыстан қарайып кеткен керосин шамын байқадым.
- Апай, сіздерде электр қуаты қалай?
Отбасы 2013 жылға дейін қыстақтағы 8 отбасына жел генераторлары мен күн батареяларын салу үшін жергілікті бюджеттен 20 миллион теңге бөлінгенше керосинка пайдаланған екен. Бұл отбасының қатарына Жакиндер де іліккен. Жел күші мен «Күн» деп аталатын алыс жұлдыз сәулелерінің қуатымен электр энергиясына айналатын бұл «пропеллерлер» мен үлкен де жарқыраған жалпақ панельдерді «Колор-СТ» ЖШС орнатыпты. Содан соң бұл техникалық жабдық мемлекеттен шопандарға ақысыз пайдалану үшін берілген.
- Бір күнде өндірілген энергия, әсіресе, күн шуақты және желді болса, әбден жеткілікті. Әрі біз электр энергиясын көп жұмсамаймыз, кешке теледидар көріп, сүт тартқан кезде ғана болмаса, - дейді үй иесі әйел.
- Ал бұрын электр энергиясы болмаған кезде қалай өмір сүрдіңіздер?
- Біздің шаруа қожалығымыз үлкен, анда-мында барғанша қараңғы түседі. Кешкі асты ішіп болғанда, ұйықтайтын уақыт болады. Осылайша күндер өтті.
Бұл отбасының шаруашылығы шынымен де үлкен: қойы, жылқысы, сиыры, ешкісі, тауық пен қаз да бар. Нұрсилә апаның жұбайы вахтада болған кезде, оған мал бағуға сіңлісі мен балалары көмектеседі. Ал біз мал төлдеу маусымына тап болыппыз. Шаруашылықты аралап жүргенде загондардың бірінде лақ дүниеге келіпті. Енесі болса лағына елжіреген бақылаушыларды жақындатпай, айбаттанып сес көрсетіп жүр. Қошақан, лақтар мен бұзаулар тұратын загонды үй иелері әзілдеп перзентхана деп атайды екен. Жануарлар жасына қарай әртүрлі «бөлмелерге» бөлінген. Нәзік аяқтарымен нық тұратын ең үлкен төлдерге екі аптадай уақыт болған.
Анастасия АЛЮШИНА
Суретті және бейнежазбаны түсірген Марат ТАКУЛИН