Биік мінберлерден айтылып жататын есептегрге қарамастан Атырау облысында мал шаруашылығы кенже дамып келе жатыр. Басты себептердің бірі - малшы жетіспейді.
Мәселен, 2017 жылы 78 әлеуметтік жұмыс орны құрылса, бұлардың бір бөлігі шаруа қожалықтарына жіберілген.
- Біз бұл секторға 22 жұмыссызды жібердік. Олардың орташа еңбекақысы 45 мың теңге. Оның 35%-ы субсидия арқылы, ал қалған 65%-ын жұмыс беруші төлеуі тиіс. Малшылардан көмекшіге сұраныс болғанмен, ынта білдірушілер аз.,- дейді Индер аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Мерует НҰҒЫМАНОВА.
Шаруа қожалығының басшылары да жұмыс қолын жетіспеушілігін айтады.
- Жұмыспен қамту орталығынан келген адам малдың бағу тәсілін біле бермейді. Менің мысалы, көмекшілерім бар. Ай сайын еңбекақысын беремін, бұған қоса тамағы мен темекі, тағы басқа ұсақ-түйектер тегін. Алайда жалақының аздығынан бәрінен бірдей жауапкершілік талап ете алмайсың. Бюджет есебінен олардың жалақысын көтеру керек,- дейді «Жанбай» ШҚ басшысы Ғалымжан НҰҒЫМАНОВ.
- Колледждің 70-ке жуық мекемемен келісімі бар. Олардың ішінде 20-шақты шаруа қожалығы бар. Студенттерімізді жер өңдеу, егін егу, төлдету, жем дайындау сияқты науқандық жұмыстарға жібереміз,- дейді колледж директорының өндірістік оқу ісі жөніндегі орынбасары Асылбек МҰСТАФА. - Бірақ оқушылардың барлығы бітіргеннен кейін өз мамандықтарына сай жұмысқа барады деп айта алмаймын. Мысалы, 2016 жылы бітіруші түлектің 36-сының 15-і ғана мамандығы бойынша жұмысқа орналасты.
Кейбір фермерлер жұмысқа үйсіз-күйсіз адамдарды жалдайды. Алайда бұл жағдайдан шығудың жолы емес.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор