Атырау, 24 қараша 12:45
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Шоқырлар шоғырланған мекен

5 998 просмотра

Еркінқала селосында орналасқан Атырау бекіре өсіру зауытының құрылғанына биыл 14 жыл толады. Зауыт жаңадан құрылса да, жабдықтары ескі.

 

КӨПТЕН КҮТКЕН АНАЛЫҚ

«Атырау бекіре өсіру зауыты» РКМК-ныңдиректоры Рашиден ҚАЛИДУЛЛИННІҢ айтуынша, зауыттың балық аулау бригадасы Төменгі Пешнойдан күніне 3-4, әрі кеткенде 5 уылдырық шашатын аналық балықтарды аулайды екен. Бұлар шоқырлар мен бекірелер. Қорытпаға келер болсақ, ең болмағанда уылдырық шашатын бір аналығын ұстауға үлгереміз бе екен деген күмән болған еді. Өйткені қорытпа балығы қыста уылдырық шаша бастайды. Ал наурызда өзенге тек бірлі-жарымы ғана кіреді. Биыл мұз кеш түскендіктен балықшылар сәуірдің бастапқы күндерінде ғана ау-торларын салған болатын.

Дегенмен, біреуін қолға түсіріпті. Көптен күткен аналықты Дамбыда орналасқан Жайық-Атырау бекіре балығын өсіру зауытына жіберу ұйғарылған. Екі зауыт та бірдей қуаттылыққа (жылына 3,5 млн құртшабақ) ие. Мемлекеттік тапсырыста түрлік құрам бойынша талаптар қойылмаған: қорытпа жетіспесе, бекіренің құртшабақтарын өсіруге болады. Екі зауыттың жоспары – 7 млн құртшабақ. Бұған мемлекеттен жылына миллион доллар бөлініп отыр.

 

ТЕМПЕРАТУРА ҚАНДАЙ?

Ұсталған болашақ «аналар» мен «әкелерді» ағын сулы бассейндерде ұстайды. Егер су температурасы 18 градустан аспаса, уылдырықтардың жетілуі кешеуілдейді. Осылайша уылдырық шашу процесін кейінге шегеруге болады. Бұл балықтарды жинақтап, инкубаторда бірден уылдырықтың көп көлемін ұрықтандыру үшін жасалады. Ал бекірелерге уылдырық шашқызу үшін гипофиз гормонын егеді.

Бастысы, құртшабақтардың инкубациялық кезеңі ішінде қоршаған ауа температурасы төмендемеу керек. Әйтпесе, уылдырықтан жетіліп келе жатқан дернәсілдер қырылып қалады. Сондықтан да биыл уылдырықты ұрықтандыруға әдеттегіден кеш кірісті. Өйткені, Қазгидромет мамыр айының басында ел аумағында күн суытады деп ескерту берген болатын. Бірінші онкүндіктің аяғында Атырауда күн жылынған кезде бұл жұмысты ихтиологтар қолдарына алды.

Енді құртшабақтар үшін ең қауіпті кезең артта қалды деп батыл айтуға болады. Өмірге келген алғашқы күндерінде оларды уылдырық құрамындағы сарыуызбен қоректендірді. Содан кейін оларды зауытта 36 тоғанда өсірілетін дафниямен жемдеді. 21 мамырда Атырау бекіре өсіру зауытында 2 миллиондай екі апталық құртшабақтар инкубаторлардан тоғандарға жіберілді.

 

ПАРТИЯ БАҚЫЛАУЫМЕН

…Титтей ғана, тез қозғалатын, сүліктерге ұқсайтын құртшабақтарды ихтиологтар ебелектермен аулап, пластмасса легендерге салады. Содан кейін оларды 50 литрлік бөшкелерге құйып, ГАЗ-53 көлігімен тоғандарға апарады. Зауытта әрбіреуі 3 гектардан 10 тоған бар. Биылғы жылы алғаш инкубация процесінен алынған 2 млн құртшабақтар 4 тоғанда тіршілік ететін болады. Ихтиологтар әрбір су қоймасына ашқарақ шағалаларды, суқұзғындары мен қарғаларды үркіту үшiн бос қалбыр банкаларды іліп, бақша қарақшыларын орнатып қояды. Содан кейін зауыт жұмысшылары уылдырықтың екінші партиясын ұрықтандыруға кіріседі, бұл маусым айының ортасында жүзеге асырылады.

Уылдырық алынғаннан кейін аналық балықтарды олардың табиғи ортасына жібереді. Кейде уылдырық шашқаннан кейін балықтар өлетін жағдайлар кездеседі. Екі жағдайда да балықтарды акт бойынша есептен шығарады. Есептен шығару комиссиясына балық қорғау қызметінің, «Нұр Отан» партиясының, облыстық әкімдік пен мәслихаттың, ғылыми мекемелердің өкілдері мен табиғат пайдаланушылар кіреді.

Қазіргі уақытта жыныстық жағынан жетілген балықтарды дайындау жалғасуда. Мәселе мынада - мемлекеттік тапсырыс бойынша алынған құртшабақтарды шығарғаннан кейін, зауыт ауланған қара балықтар үшін өтемақы ретінде балық аулау артельдері бөлген ақшаға майшабақтар өсіре бастайды. Өзенде жұмыс істейтін 9 артельдің әрбіреуі 100-ден 500 мың теңгеге дейін қаржы бөледі. Бұл тағы бірнеше жүз мыңдаған құртшабақтарды өсіруге мүмкіндік береді.

 

АУА-РАЙЫ КЕДЕРГІ БОЛМАЙДЫ

Болашақта мемлекет ауа-райына және аналық балықтардың болуына тәуелді болмас үшін екі балық өсіретін зауытты жаңартуға уәде беріп отыр. Таяудағы бірнеше жылда зауыттарды қайта жарақтау керек, бұл олардың қуаттылықтарын екі есе арттыруға мүмкіндік береді. Жаңартудан кейін ол жерде бекіре тұқымдастардың аналықтары өсіріледі, уылдырықты кез-келген жыл мезгілінде ұрықтандыруға болады. Зауыттарға тауарлық бекірелерді өсіруге және оны өз шығындарының бір бөлігін өтеу үшін нарыққа сатуға рұқсат етіледі. Бұдан басқа, 2014-2016 жылдары Атырау облысында қуаттылығы жылына 30 млн құртшабақ болатын тағы бір бекіре өсіру зауытын салу жоспарланған.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

23 мамыр 2012, 23:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.