Атырау, 25 қараша 18:41
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Бұлардай ешкім ән айтпайды

Сурет Бейнежазба
5 955 просмотра


Бұл жасөспірімдер құлақпен естіп, тілмен жеткізе алмаса да, республикалық, халықаралық өнер байқауларында облыстың атын шығарып жүр.  «АЖ» тілшісі  олармен, сондай-ақ ұстаздары,   Атырау облыстық есту қабілеті нашар және мүлдем естімейтін балаларға арналған арнайы мектеп-интернатта 8 жылдан бері жұмыс жасайтын Исатай ЕЛЕУСІНОВПЕН сөйлесті. Ол мұнда әннен, биден және іс тігуден дәріс береді. сурдоаудармашы арқылы тілдесіп мақсаттарымен танысып, өнерлерін тамашалап қайтты.  

- Есіңізде болса, Исатай, сіз туралы АЖ тілшісі осыдан сегіз жыл бұрын жазған еді. Сол кезден бүгінге дейін мектепті көптеген түлектер аяқтап шықты. Қазір олар қай жақта жүр?

Алғашқы бітірген түлектердің басым бөлігі Құрманғазы ауданынан болды. Олар қазір ауылдарында балық шаруашылығы саласында қызмет етеді. Ал Атыраудағы Қазақ саңыраулар қоғамының филиалында көрпе-көпшік, арнаулы киімдер тігетін цех бар, соңғы түлектердің көпшілігі сол жерде еңбек етеді.  

- Оқушыларыңыздың қандай жетістіктерін атап өтер едіңіз?

- «Шаттық» ән-би ансамбліміз Астана қаласында өтетін «Жұлдызай» республикалық балалар шығармашылық конкурсынан 6 жыл қатар жүлделі орындар алып келеді. Біздегі оқушылардың ыммен ән айтуға ынта, талпынысы жақсы. Былтыр Атырауда өткен халықаралық almaly.kz өнерлі балалар байқауында бірінші орынды жеңіп алдық. Бұл халықаралық байқау еді, сондықтан қазылардың барлығы өзге елдерден келді. Біз оларға оқушыларымыздың құлағы естімейді деп айтпадық. Тек аты жөні, орындайтын нөмірі туралы мәліметті береміз. Қазылар әбден бағасын беріп болған соң, балаларымыздың құлағы естімейді деп айтсақ таңқалып жатады.


- Бұл балалардың сау балаларға қарағанда психологиясы өзгеше болатын шығар, оларға қалай жеткізесіз?

- Бұлардың өмірге көзқарасы басқаша. Мүгедек деген түсінік олар үшін екі қолы мен аяғы жоқ адам. Бұлардың тек құлағы естімейді демесеңіз, қалған жұмыстың бәрін сау адамнан кем жасамайды. Қазір оқушылар наурыз айында өтетін «Жадыра жас дарын», «Би думаны» байқауларына дайындық үстінде. Оқушылар сабақтарынан шыққан соң билеп жаттығады, одан соң әркім өздерінің киімдерін тігеді. Мен кесіп дайындап беремін.

- Киімдерге қаржы бөліне ме?

- Жоқ. Директор демеуші іздейді. Киімдердің тек матасын ғана сатып аламыз, ол 10 қызға 100 мың теңгеге шығады.

- Алдағы конкурстарға қандай жаңа әндер дайындап жатсыздар?

Репертуарымызда Қазақстан, туған жер туралы әндеріміз бар. Қазіргі заманғы кез-келген әндер бізге келе бермейді.  Көбіне бізге Кешью тобының бұрынғы құрамы орындайтын әндерді айту ыңғайлы.

- Балалар сіздердің мектептеріңізге қалай келеді?

- Білуімше, аудандарда осындай кемістігі бар балалар әлі де көп, бірақ ата-аналар арнайы мектепке әкелмейді. Бар екенін білмеуі де мүмкін. Көбінесе жарысқа кетіп бара жатқанда адамдарды пойызда кездестіреміз. Балалардың қимылын көріп мұнша баланы қайдан әкеле жатсың деп сұрайды. Жағдайды түсінген соң «менің туысымның баласы немесе көршінің баласының құлағы естімейтін еді» деп артынан хабарласып балаларын әкеліп жатқандар бар.

Оқушылар мектеп бітірген соң қайда барады?

Мысалы, Қаракөз қызымыз сервис колледжде дизайнер мамандығына түсті, Перизат хореограф боламын дейді. Қыздар көбіне аспаздыққа, ұлдар құрылыс мамандықтарына түсіп жатыр. Біздің балалар теориялық сабақтан гөрі практикалық сабақтар көп ұнатады. Бұрын оқушыларда колледжге түссек, оқи алмаймыз деген үрей болған. Бірақ біреуі бастап мамандық алып, жұмысқа орналасқаннан кейін солардың ізімен кәсіп иесі атанды. Қазір оқушылардың барлығында мектептеноқуға түсем, жұмыс жасаймын деген үлкен мақсат бар.

Сонда сізде неше мамандық бар?

Негізгі алғашқы алған мамандығым автомеханик. Екінші жоғары мамандығым музыкант. Кейін хореография, сурдоаудармашы мамандықтарын меңгердім, сертификатым бар. Сурдоаудармашылықты осы мектепте игердім. Содан бері жыл сайын Астанаға барып шеберлік сыныбынан білімімді шыңдап келемін. Өйткені жылма-жыл жаңа сөздер еніп жатады. Биыл саңыраулар қоғамы емтихан қабылдап, сурдоаудармашы деген куәлік берді.


Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

6 наурыз 2018, 18:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.