Атырау, 10 қазан 16:48
 бұлттыВ Атырау +15
$ 489.06
€ 536.21
₽ 5.05

Шегірткелер шабуылы

8 010 просмотра

«Шегіртке Еркінқалаға келді!», - деп дабыл қағады жергілікті  фермерлер.

ШАРУАЛАР ШЫР-ПЫР

Бұл жай айқай емес. Оны  фототілші екеуміз көзімізбен көрдік. Еркінқала сыртындағы шағын аралға Жайықтан қайықпен өтіп келдік. Ел аузында «Шошқа аралы» деп аталған қалың қамыс шегірткеден көрінбейді. Құж-құж қайнап,  қамысты отап келеді. Ол жерден шаруа қожалықтарына дейінгі ара қашықтық 5 шақырым айналасында. 

«Қайраткер» шаруа қожалығының иесі Қайырберлі САБЫРОВ (суретте) биыл жерге алғаш рет түрен салып отыр. Ол 5 гектар жерге жеміс ағаштары мен бірқатар бақша өнімдерін еккен екен.

- Шегірткеден жалаң қолмен қалай қорғанамыз? Еш қолдау болмаса айналаны отпен қоршаймыз ба деп отырмыз,-дейді ол.

Ал оның көршісі «Арай»  ШҚ иесі Есенгелді МАРДАНОВ 25 гектар жерінің тек жартысына жуығын пайдаланып отыр екен. Ол да қияр, баклажан, қызанақ, бұрыш тәрізді көкөністерді еккен.

- Егер олар жабылса өнім болмайды деген сөз, - дейді  егінші.

 

ҮРЕЙЛІ ҮЙІР

Былтыр шегірткелерді өзінше саралаған ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдіктерді қорғау жөніндегі аймақтық бөлімінің бастығы Әбила ҚАЗИЕВА 33,4 мың гектар егіндік және шабындық жерлерге шабуыл жасауы мүмкін деп болжағанын да білеміз.

Бірақ ол «шегірткелер бақылауда, оған бола байбалам салудың қажеті жоқ» дейді. 

- Республикалық бюджеттен қаражат бөлінді, облыс аймағындағы жағдай бақылауымызда. Қызылқоғаны улап келдік, 22 мамырдан бастап Еркінқалаға кірісеміз, - деді бөлім бастығы.

- Шегірткелерден құтылудың ең тиімді әдісі топырақтағы жұмыртқаларын құрту деседі ғалымдар. Ондай жұмыс неге жүргізілмеген, өйткені сіздерде алдын ала болжау болды ғой.

- Бұл жәндіктерді мүлдем болдырмау қолымыздан келмейді. Жерде жатқан личинкалары өз  температурасына жеткенде шығады. Сәуірдегі аномалия ауа-райы салдарынан маусымда шығатын  шегірткелер ерте шықты.

Әбила Қазиеваның айтуынша, Атырау облысында негізінен итальяндық прус пен азиаттық шегіртке кездесіп отыр.

- Итальяндық прустың қызыл қанаттары топтанып  ұшып келе жатқанда көзге өртті елестетеді. Ал азиаттық шегірткелер қара бұлт тәрізді болады. Бірақ зиянкестігі жағынан бір-бірінен қалыспайды, - деп түсіндірді ол. Итальяндық прус Қызылқоғада 1 100 га жерге тараған, ал азиаттық шегіртке жайлаған аумақ -200 гектар. Содан соң Индердегі Елтай, Өрлік селолары аумақтары жатады, ондағы залалсыздандыруға тиісті аумақ -200 гектар.  Атырау қаласы аймағында Еркінқала мен Кеңөзек ауылдық  округінің әрқайсысында -1 100 гектар залалсыздандыруға жатады.

Ауыл шаруашылығы маманы қорықпаңыздар деп басу айтқанымен, шегірткені ауыздықтамаса жұттың  басы болатыны анық.

Сәния ТОЙКЕН

 

«ЖС» АНЫҚТАМАСЫ

Шегіртке –үйірлі шегірткелердің бір түрі, қорек табу үшін бірнеше жүздеген километр қашықтыққа ұша алады. Әдетте бұл ыстық, қуаңшылық жылдары орын алады. Бір үйірде 100 миллион шегіртке болуы мүмкін. Олар бір күн ішінде жолындағы бүкіл өсімдіктерді жеп, 120 км жерді ұшып өте алады. Ересек шегірткені химиялық препараттармен жою әдісінің тиімділігі шамалы, өйткені олар уланғаннан соң бірнеше күннен кейін ғана өледі. Оған дейін әжептәуір зиян келтіріп үлгереді.барып қырылады.

23 мамыр 2012, 22:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.