Атыраудағы Жилгородок ықшам ауданының Мұқанов және Шәріпов атындағы көше тұрғындары өздері тұратын көше атауының нақты кімге тиесілі екенін түсінбей дал. Олардың айтуынша мұндағы бірнеше көшелерге бір кездері соғыста қаза тапқан майдангер Хиуа МҰҚАНОВ пен жазушы–мұнайшы, қоғам қайраткері, репрессия құрбаны Сабыр ШӘРІПОВТІҢ есімі берілген. Алайда шамасы Атырау қалалық әкімдігі мәселенің байыбына бармай көше атауын өзгерте салған деп санайды олар. Енді ол көшелер қазақ әдебиеті классигі Сәбит МҰҚАНОВ пен тағы бір әдебиетші-қайраткер Әди ШӘРІПОВ атымен аталып жүр. Сонымен, кінәлі кім: өткенді сараламай көше атауын аттас басқа қайраткерлер есіміне өзгертуді ұсынған ономастикалық комиссия ма, әлде ресми шешімді мойындамай жүрген тұрғындар ма?
Ләззат ҚОСМАҒАМБЕТОВА - өлке тарихына бей-жай қарай алмайтын атыраулықтардың бірі. Жилгородоктағы көше атауларының дұрыс жазылмауының салдарын ол бірнеше жыл бойына білуге талпынып жүрген тәжірибелі филолог. Ол облыстық мұрағатты ақтарып Хиуа Мұқанов жайлы мәліметтер табуға тырысыпты.
ХИУА МҰҚАНОВ ...
Жилгородоктағы Базарная көшесін Гурьев облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан ЛКЖО ОК екінші хатшысы, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан Хиуа Мұқанов есімімен атау туралы шешімді 1982 жылғы 27 сәуірде Гурьев қалалық халық депутаттары кеңесі қабылдаған. Осылай деп облыстық атқару комитеті алдына кепілдеме жазғандардың бірі, сол кездегі қалалық халық депутаттары атқару комитетінің хатшысы Әипқали БЕКЕШ қарт екен. Алайда бүгінгі қалалық ономастика комиссиясының белді мүшесінің бірі Ә.Бекеш бұл жайлы есіне түсіре алған жоқ.
Өкінішке орай, облыстық мұрағаттан Хиуа Мұқановтың автобиографиясынан басқа мәлімет таппадық.
Ол 1910 жылы Ақтөбе облысындағы Қарабалы болысында дүниеге келген. Х.Мұқановты 1 жасында әкесінің інісі Мұқан асырап алады. Тоғыз жылдық мектепті бітірген соң ол Қызылордадағы екі жылдық бухгалтерлер курсына түседі. 1931-37 жылдар арасында Доссорда, Қосшағыл мұнай кәсіпшілігіндегі комсомол комитеттерінде хатшылық қызмет атқарады. 1937 жылы Гурьев облыстық ЛКЖО ОК хатшысы, содан соң республикалық орталық комсомол комитетінің екінші хатшысы болған. 1943 жылдың 11 ақпанында Харьков облысы Балакелен қаласы үшін болған ұрыста ерлікпен қаза тапқан.
Хиуа Мұқанов отбасын құрмастан өмірден өтеді. «Отбасылық жағдайым - үйленбегенмін, ол оқуға деген ұмтылысыммен байланысты» деп жазады өзі туралы Хиуа Мұқанов өмірдерегінде.
... ЖӘНЕ САБЫР ШӘРІПОВ КІМ ЕДІ?
Хиуа Мұқанов атындағы көшенің неге Сәбит Мұқанов есіміне ауысып кетуін іздеп жүргенімізде атауы өзгеріп кеткен тағы бір көшеге тап болған едік.
- Жилгородоктағы Сабыр Шәріпов көшесі де белгісіз себептермен Әди Шәріпов көшесі деп аталады. Осының бәрі 2009 жылғы халық санағынан басталды- дейді Ләззат Қосмағамбетова.
Этникалық ныспысы татар, қазақ жазушысы Сабыр Шәріповтың шын есімі-Мұхаммедсабыр Шаримфұлы ДӘУЛЕТШИН. Ол 20 жылға жуық өмірін Эмбанефть» тресіне арнаған. Трестің Мәскеудегі басқармасы орынбасары, 1932-34 жылдары Ирандағы «Кевир- Хуриан» АҚ директоры қызметін атқарған. Ал 1938-1941 жылдары Құлсары мен Доссордағы «Ембімұнайдың» терең барлау мекемелері конторы директоры болған. Бүгінде өзіміз білетін Доссор, Байшонас, Мақат, Иманқара, Құрсай кеніштері Сабыр Шәріповтың басшылығымен ашылған кен орындары екені тек санаулы ғана адамның есінде болар. Тек өкініштісі сол, оның өмірі де басқа қайраткерлер тәрізді шпионажбен айыпталып, ату жазасына кесіледі. Кейін 1958 жылы ақталады.
КӨШЕ АТАУЛАРЫ НЕГЕ ӨЗГЕРДІ?
Әрине, біздің қазақтың классик жазушысы Сәбит Мұқанов пен қоғам қайраткері, жазушы Әди Шәріпов есімдерінің Атырау көшелеріне берілуіне зәредей де қарсылығымыз жоқ. Бірақ Жилгородок тұрғындары тәрізді біздің де көше атауларының өзгертілуі себебін білгіміз келген. Расына келгенде, бұл сұраққа тұшымды жауапты ешкімнен ала алғанымыз жоқ. Қолымызға түскені тек 2011 жылдың 22 маусымында қаланың бұрынғы әкімі Мереке ИСМҰРАТОВ пен қалалық мәслихат хатшысы Б. ҚАЗИМАНОВ қол қойған Атырау қаласы әкімдігі мен қалалық мәслихаттың №4-1-144 «Атырау қаласы көшелеріне, қиылыстары мен даңғылдарына атау беру туралы» шешімі ғана.
Ал облыстық онамастика және көрнекі ақпаратқа бақылау жасау бөлімінің бастығы Жеміс ДИЯШОВАНЫҢ айтуынша, бұл іске қала әкімі мен қалалық тіл және ономастика комиссиясы жауапты.
- Сонда облыстық ономастика бөлімі не нәрсеге бақылау жасайды?
-Мемлекеттік қызметте жоғарыдан қысым жасауға болмайтынын білесіз ғой. Біз бақылау жасағанмен, көше атауының өзгеруіне араласпаймыз, - деді ол.
Сәния ТОЙКЕН