Өткен жылы Атырау облысындағы түзету мекемелерінен 299, жыл басталғалы бері 31 адам жазасын өтеп шыққан. Олар қоғамға қалай бейімделеді, оларға мемлекеттік органдар қалай көмектеседі?
Тәжірибе көрсеткендей, жазасын өтеу мерзімі аз болса, оның бостандықта өмірге бейімделуі оңай болады. Ал ұзақ уақыт жазасын өтеген азаматтарды туыстары ұмыта бастайды, өздері де қайта шаңырақтарына баруға да қысылып, баспанасыз қалады. Қазір Атырау қаласындағы әлеуметтік-бейімдеу орталығында жазасын өтеген 2 азамат тұрып жатыр. Екеуі жазаларын өтеп шыққаннан кейін үйлеріне бармай, осы орталықты таңдаған. Олар бұл жерде 1 жыл ғана тұра алады
- Тек қана оларға емес, орталықтың барлық тұрғындарына тегін үш мезгіл тамақ, төсек жабындары тегін беріледі. Ішке тәртіпке бағынса болғаны, сотталғандар үшін арнайы тәртіп жоқ,- дейді орталық директоры Өміржан ЖҰМАНИЯЗОВ. - Күндіз жұмыс істеуге болады. Мысалы бостандыққа шыққан екі азаматтың біреуі күндіз кез-келген көтерме жұмыс істеуге шықса, екіншісі денсаулық жағдайына байланысты ем алып жүр. Екеуі де еңбекке жарамды, еңбекқор азаматтар. Құжаттарын жұмыспен қамту ортылығына тапсырып қойдық, хабар күтудеміз.
Бірақ сотталғандардың барлығы да шыға салысымен, тұратын жер мен екі қолға бір күрек таппай қиналып жатады. Түрмеге қайта түсетіндердің көбі, қоғамға сіңісе алмай, жұмыс таба алмағандар.
Мирболат КУПИСОВ, Атырау облыстық ҚАЖ Департаментінің бастығы:
- Жазасын өтеп, бостандыққа шыққан күні ол туралы барлық мәлімет сотталғанның таңдап алған мекенжайы, мамандығы және тағы басқа ақпараттар жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі. Оларға мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмыс, қайта даярлау және кәсіптік даярлық курсы ұсынылады. Білімі болмаған жағдайда қайта оқып, жұмысқа тұру мүмкіндігі бар. Қазір 1120 адам бізде пробациялық бақылауда тұр.
- Жазасын өтеу мекемелерінде мамандыққа даярлай ма?
- Мекемелерде ағаш, темір, қағаз өңдеу, тоқыма және тігін цехтары жұмыс жасайды. УГ-157/9 мекемесінде орналасқан колледжде автокөлік жөндеу слесары, электро-газ дәнекерлеуші,ағаш шебері мамандықтары, ал УГ- 157/11 түзету мекемесіндегі колледжде тігіншілікке, аспазшылыққа, кондитерлікке оқытылады. Өткен жылы 77 жазасын өтеуші кәсіптік диплом алды. Мамандық алғаннан кейін, оларға ақылы жұмыс ұсынылады. Олар ЖК- мен және РМК «Еңбек- Атырау» филиалдарымен жеке еңбек келісімшартын жасасып, ай сайынғы еңбек ақылары жеке шоттарына аударылады.
2017 жылы 73 жазасын өтеген азамат жұмыспен қамтылса, қысқа мерзімді даярлық курсынан 28 сотталған өткен. Сонымен қатар бостандыққа шыққан әр адамға әлеуметтік көмек ретінде бірретік қаржы беріледі. Берілетін қаржы көлемі оның әлеуметтік жағдайына, отбасы құрамына байланысты 30-100 мың теңге аралығын құрайды. Кімге қанша беретіндерін қалалық әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия шешеді.
Гүлнәр ТУРАШЕВА, Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, жұмыспен қамту секторының бас маманы:
- Әр мекеме немесе кәсіпорын жұмысшыларының 1%- ын сотталған азаматтар құрауы тиіс. 2017 жылы біздің бөлім арқылы 65 жазасын өтеген азамат жұмысқа тұрса, оның 50-і квота бойынша, 15-і бос орындар бойынша жұмысқа орналастырылды.
- Жазасын өтеген азаматтарға жұмыс орнынан қандай да бір дискриминация болмайды ма?
- Бізге мұндай арыз-шағым түскен жоқ. Бірақ көпшілігі ұзақ уақыт емес, тек қана мезгілдік жұмыс істейді.
Игілік ӘУБЕКЕРОВ, Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бастығы:
- Жазасын өтеп келген азаматтарды жұмыспен қамтуға әкімшілік арнайы квота бөледі. Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің бірқатар баптарында (олар Еңбек кодексінің 26-бабында көрсетілген) жазасын өтеп келгендерге білім, мәдениет және спорт салаларында балалармен жұмыс істеуге тыйым салады.
Фархат ӘБІЛОВ