
Грузияға қызылша қауіп болып тұр. Бірақ ата-аналардың көпшілігі иммунизация бағдарламасына сенімсіздік танытып, балаға вакцина жасатудан бас тартқан.
Басқалары секілді Анна Парцвания да – баласының денсаулығына алаңдайтын ата-аналардың бірі. Бірақ қазіргі жағдайда қызылшадан гөрі вакцина үрей туғызып отыр.
Анна Парцвания, жергілікті тұрғын:
– Вакцинацияға сенімсіздікпен қараймын. Бала кезімде маған екпе жасаған емес. Балаларымның дені сау болғанын қалаймын әрине. Бірақ екпе жасатқым келмейді. Естуімше, қазіргі вакциналар өмірге өте қауіпті.
Ал мамандар Анна сияқты ата-аналар жағдайды ушықтырып отырғанын айтады. «Вакцинацияның еш зияны жоқ», – дейді сала мамандары. Мейлі бала, ересек болсын, бәріне бірдей екпе егу керек. Егер бала күндегі вакцинаны дәлелдейтін құжат болмаса, қайта жасауға тура келеді. Кей жағдайда жұмыс орнынан анықтама сұратуы мүмкін. Мұндайда айыппұлмен құтылып кету екіталай. Ауруды бақылау ұлттық орталығы басшысының айтуынша, Грузияда қызылша эпидемиясы кеңінен етек алып келеді. Соңғы ақпар бойынша, жыл басынан бері 300 оқиға тіркелген.
Амиран Гамкрелидзе, қоғам денсаулығы мен ауруды бақылау ұлттық орталығының жетекшісі:
– Өкінішті. Бірақ көп бала қызылшаға қарсы екпені жіберіп алды. Қазір балабақша мен мектептердегі осындай жағдайларды анықтап жатырмыз. Әсіресе ересектерге қауіп төніп тұр. 20-40 жас арасындағы қала тұрғындары үшін қауіп жоқ деп айтуға келмейді. Жүкті болғысы келетіндерге міндетті түрде екпе жасату керек. Әйтпесе бала иммунитеті әлсіз болады.
2005 жылға дейін елде қызылша эпидемиясы тіркелген емес. Сол жылы 8 мың адам ауырып, 9-ы қайтыс болды. Келесі оқиға 10 жылдан кейін қайталанды. Ол кезде 11 мың адам ауырып, оның төртеуі ажал құшты. Грузин мамандарының айтуынша, қызылшаның белең алуына иммунизация бағдарламасындағы олқылықтар себеп. Сол себепті дәрігерлер екпе жасаудан жалтармауды сұрайды.
Дереккөз: 24.kz
В Атырау -4