Атырау, 26 желтоқсан 16:28
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Бахром нәпақасын Атыраудан табады

2 727 просмотра

Бүгінде біздің қоғамымыз бен экономикамыз гастарбайтерлермен тығыз байланысқан. Атыраудағы жалдамалы жұмыстағы ұлты өзбек немесе қарақалпақ азаматтар еңбегі мол сұранысқа ие. Өйткені, олар алатын ақшасына шүкірлік етсе, бізді қанағатшылығы қызықтырады. Солардың арқасында аймақта ірі өнеркәсіп және тұрғын нысандары, сондай-ақ, жеке үйлер, уақытша баспаналар мен дүкендер салынып жатыр.

 

ОЛАР НЕ ҮШІН КЕЛЕДІ?

Қарақалпақстаннан келген Бахром 40 жаста. Қазір ол өз бригадасымен бірге қала шетіндегі поселкелердің біріндегі үйдің сыртына әрлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Нысанның қожайыны – Артур есімді жас жігіт. Оның айтуынша, 13х15 көлеміндегі бір қабатты үйдің құрылысы былтыр басталған. Сол кезде үйдің «қорабын» (іргетасы, қабырғасы мен төбесін) өзбектер 600 мың теңгеге көтеріп берген. Биыл қарақалпақтар қабырғаларды пенопластпен қаптап, содан соң декоративтік қаптауды бастайды. Бұл жұмыстардың жалпы құны - 150 мың теңге.

Атыраудағы құрылыс маусымы ішінде Бахром 3-4 объектіде жұмыс жасап үлгеріп, шамамен 500 мың теңге табыс табады екен. Оны бір жылға бөлсе, орташа алғанда айына 40 мың теңгеден келеді. Бұл отбасын асырауға жете ме деген сұраққа, ол басын шайқады. Ол қартайған анасын, әйелі мен үш баласын жалғыз өзі асырап отыр екен. Үлкен баласының жасы 15-те. Әйелі жұмыссыз, анасы біздің ақшамызбен есептегенде, 15 мың теңге зейнетақы алады. Тандыр нанға ай сайын екі қап ұн кетеді, бір қабы 3 000 теңге, сиыр етінің келісі – 600 теңге тұратын көрінеді. Бірақ қалай дегенмен де, Бахром өз отанында айына 40 мың теңге табыс таба алмайды.

Сондықтан да олар Қазақстанға нандығын табуға келеді. Алайда көпшілігінің құрылыстан хабары жоқ. Бірақ кез-келген жұмысқа кірісіп кетеді де бәрін жүре-бара игереді. Әрине, олардың еңбексүйгіштігін атап өтпеске болмайды.

 

ЗАҢСЫЗ ЖҰМЫС КҮШІ

Еңбек мигранттарына жергілікті тұрғындардың қарым-қатынасы әр алуан. Бірақ меніңше, олардың артықшылықтары көп сияқты. Өйткені қалай дегенмен де, олар негізінен қазақстандықтарды қызықтырмайтын жұмыс орындарында еңбек етеді. Өзбекстанның немесе Қарақалпақстанның гастарбайтерлері тіркелмесе де немесе қонақ визасын алып, тіркелсе де заңсыз келген азаматтар боп саналады. Өйткені, олардың «мейман» ретінде бұл жерде жұмыс істеуге қақылары жоқ. Жергілікті жұмыс беруші салық төлемес үшін оны шетелден тартылатын жұмыс күші ретінде рәсімдегісі келмейді.

Сондықтан, көктемде келуші шетелдіктердің саны көбейген кезде, көші-қон полициясы басқармасы бақылауды күшейтеді. 14-20 мамыр аралығында 7 күнге созылған «Нелегал-2012» жедел-алдын алу шаралары аяқталды. Оның мақсаты – заңсыз көші-қон жолдарын құрықтау.

Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, тек 14-15 мамырда шетелдік жұмыс күшін тарту бойынша 22, ҚР азаматтарын тіркеу мен құжаттау (мерзімі өткен құжаттар, басқа қалада тіркелуі және т.б.) бойынша 120 ереже бұзушылық анықталды. ІІД баспасөз қызметіндегілер түсіндіргендей, олар төмендегідей заң бұзушылықтар: 1) қабылдаушы тарап гастарбайтерлерді заңсыз жалдаған, олардың қонақ визасы арқылы жұмыс істеуге қақысы жоқ; 2) оларды мүлдем тіркемеген; 3) басқа жақтан келушілердің тұрғылықты мекен-жайының ауысқандығы туралы хабарламаған. Мәселен, Авангардқа тіркеліп, бірақ Балықшыда тұрып, сонда жұмыс істейді. Осы екі тәулік ішінде ІІБ қабылдағышына 61 заңсыз келушілер (бәрі де ТМД азаматтары) қамалып, 10 шетелдік елден тысқары шығарылған.

 

ДӘЛЕЛДЕУДІҢ ҚИЫНЫ-АЙ

ІІД көші-қон полициясы басқармасының бастығы Гүлжан ЛҰҚМАНОВАНЫҢ айтуынша, жұмыс беруші шетел, соның ішінде ТМД елдерінің азаматтарын тек облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы арқылы жұмысқа тартуға құқылы. Ресей мен Белоруссия азаматтары ғана екі тарапты келісім-шарт бойынша  жұмыс істеу артықшылығына ие.

- Бізге қонақ визасы бойынша келген өзбектер мен қарақалпақтардың қыдырып емес, табыс табуға келетіні түсінікті ғой...

- Әрине, олардың жұмыс жасайтындықтарын дәлелдеу қиын. Бірақ егер жұмыс беруші заңсыз жұмысшысының еңбегін заңдастырғысы келсе, оған жұмыспен қамту департаментіне құжаттар тізімін тапсыруы керек.

Ал республикалық биліктер проблема ауқымын түсіне бастаған сыңайлы (гастарбайтерлер тек Атырауға ғана келмейді). Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің шетелдік жұмыс күшін тарту бөлімінің бастығы Хайдар ТӨЛЕУІШОВТІҢайтуынша,  2012 жылғы 13 қаңтардағы №45 Үкімет қаулысының өзгерістеріне сәйкес, еңбек мигранттарының 4-санаты – маусымдық жұмысшы деген пайда болған (бұрын 3-еу болатын). Бірақ әзірге бұл санат әлі дұрыс жасақталған жоқ. Шетелдік маусымдық жұмысшыны тарту үшін, жұмыс беруші оған төмендегідей құжаттар пакетін (құжаттар тізімі шамамен алынып отыр, өйткені тәжірибе жүзінде қолданылып көрген жоқ) тапсыруы тиіс: сотталмағандығы туралы анықтама (түпнұсқа), 086 формасы бойынша медициналық анықтама, медициналық сақтандыру, шетелдік жұмыс күшін тартуға негіздеме, форма бойынша жұмыс берушінің арызы, төлқұжаттардың нотариалды расталған көшірмесі. Комиссия мақұлдағаннан кейін жұмыс беруші әр жұмысшыға депозит ашуы тиіс, сол кезде ғана рұқсат алады. Құжаттарды қарау ұзақтығы әрі кетсе – екі апта.

Атырау облысына шетелдік (таяу және алыс шетелдерден) жұмыс күшін тартудың 2012 жылға жалпы квотасы - 13 245, бірақ бұл цифр аталмыш қаулыдағы өзгеріске дейін бекітілген болатын:

- Осыған байланысты бізге санаттар бойынша үлестірімдерді қайта қарауымыз үшін министрліктен хат келді, - деді Х. Төлеуішов.  

Сәуле ТАСБОЛАТОВА, суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

 

Гастарбайтердің уайымы

Республикалық «Нелегал» жедел-алдын алу шаралары қаладағы құрылыстарды толықтай дерлік тоқтатып тастады. Көші-қон полициясы басқа жақтан келген құрылысшыларды іздеуге кіріскенде, олар жасырынып та үлгерген. Алайда еңбек етуге деген зор құлшыныстарымен  олар бәрібір байқатпай  ғана жұмыс жасай береді. Маған осындай «тыныш» құрылыстардың біріне барудың сәті түсті.

…Менің келетінімді ескертіп қойған екен. Олар мені қатты абыржып, күтіп отырды. Егер аяқ астынан қатты дыбыс естілер болса, бәрі жан-жаққа бытырай қаша жөнелердей еді. Көзіммен алтаудың ішіндегі ең бастысын мерлеп тауып алдым. Бұл қиын емес еді: ол бәрінен де биік көрініп, жолдастарын арқасымен тасалағандай болды. Оның (Айбек деп атайық) ресейлік азаматтығы бар, бірақ ұлты өзбек. Қалған бесеуі - Өзбекстан азаматтары.

- Сіздер «Нелегал» операциясы туралы білдіңіздер ме?

- Ол 14 мамырда басталды. Маған 12-де Астанадан қоңырау шалып, 21-іне дейін өз адамдарымды алып, тығылып қалуым керектігін ескертті. Біз осыншама уақыт демала алмаймыз ғой, сондықтан бізді таба алмайтын шағын құрылыс таптым.

- Қазір көпшілігін ұстап алған, олар бұл шара туралы білген жоқ па?

- Білді. Бұл жерде біздікілердің көбі жұмыс істесе де, бәрі  бір-бірін жақсы біледі, бірінен – бірі  хабардар боп отырады. Кім, қайда, не салынып жатқанын, қандай жұмысшылар керек екендігін, қанша төлейтіндігін біледі. Қара тізім де бар, ондай құрылысшыға аяғын аттап баспайды. Біреуге жұмысқа жалданбас бұрын, ол туралы ақпарат жинап аламыз. Ұстау шараларына қатысты да саңырау емеспіз. Ақымақтар мен  байланысы жоқтар ғана ұсталып қалады.

- Ал сіздің байланысыңыз бар ма?

-  Әрине.

- Оны пайдаға асырған кезіңіз болды ма?

-  Иә, бір жағдай болды, бірақ ол туралы айтпай-ақ қояйын. Бәрін де ақша шешеді ғой. Бірақ бұл шара соңғы уақытта жүргізіліп жатқан ең салмақтысы, егер ұстап алса, ешқандай да ақша көмектеспейді. Сондықтан қазір бой тасалаған абзал. Егер төлқұжатқа қара белгі соғып, елден қуып жіберсе - ең қорқыныштысы сол болмақ. Өзбекстанда белгіні алып тастау оңай деген қауесет жүргенін білемін. Егер ақшаң болса, бәрін реттеуге болады. Бірақ өзіңіз түсініп отырған боларсыз, егер ақшамыз көп болса, мұнда не үшін келіп жүрміз? Сосын неге біздің соңымызға түсетінін түсінбеймін. Егер бізді бұл жақтан шығарып жіберсе, жұмысты кім істейді?

- Атыраудағы құрылыста тек Өзбекстан азаматтары ғана жұмыс істей ме?

- Соңғы кездері молдавандар пайда болды. Бұрын олар жоқ еді.

- Шынымен де, барып тіркелу сондай қиын ба?

- Қиын емес. Бірақ қажеті қанша? Бізді жұмысқа алғанда, бастығымызға тіркеусіз болғанымыз тиімді: салық төлемейді, әр үш ай сайын бізді көші-қон полициясына апарудың қажеті болмайды және т.б. Былайша келіскен оңай ғой: біз өз жұмысымызды жасаймыз, ақшамызды аламыз да тарасып кетеміз. Бізге тыныштық берсеңіздерші...

Анастасия ПАСТУХОВА

23 мамыр 2012, 19:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.