Атырау, 28 қараша 04:00
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Халықаралық олипиададан жүлдемен оралды

5 306 просмотра

Қаңтардың 12-сі мен 22-сі аралығында Кипр мемлекетінің Паралимний қаласында дәстүрлі халықаралық рейтингілік олимпиадасы өткен болатын. Оған қатысқан атыраулық қазақ-түрік лицейінің 11 сынып оқушылары тағы да жүлдемен оралды.

Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған бұл олимпиадаға Қазақстаннан 68 бала қатысқан. Кипрден бір күміс, екі қола медальді еншілеген қазақ-түрік лицейінің оқушылары бұл ірі білім сайысына екі жылдай дайындалған. Жұмыстарын да орыс тілінде жазғанымен, ағылшын тілінде қорғап, қазылардың сауалдарына сол тілде жауап берген. 

Халықаралық білім додасында атыраулық өрендер математика мен химия пәндерінен сынға түскен. Математика пәнінен 3-орын алған Абылай Құрамысов «Случайные блуждания по решеткам составленным из правильных многоугольников» деп аталған ғылыми жұмысын Кипрден бұрын Мәскеуде өткен халықаралық олимпиадаға апарып, ондағы қазылар алқасының жасаған ескертулерінен сабақ алып қайтқан.

- 1827 жылы Роберт Браун деген кісі өмір сүрген. Ол микроскоппен қарағанда, қызықты фактіге көзі жеткен. Бөлшектер (частица) өзімен өзі жүретінін байқаған. Сөйтіп, формулалар шығарғысы келген. Сол бөлшектердің жылжуы арқылы біршама уақыттан кейін қайда баратынын бақылағысы келген. Себебі, қазір нанотехнологияда ұсақ бөлшектерді ғана қолданады. Нано дегеніміздің өзі  ұсақ роботтар ғой. Ол осылайша бір формула тапқысы келген. Ал мен өз жұмысымда ондай формулалар жоққа жақындығын дәлелдеп отырмын. Ешқашан да таба алмаймыз дедім. Осы жұмысыма қатысты Мәскеудегі қазылар алқасы «тағы ойланып қара, мәселен біздің әлем де бөлшектерден құралып, бір-бірімен соғылып, үлкейді ғой. Мүмкін, біздің планетаның қалай пайда болғанын да ойлап табарсың» деді. Мен планета ойламаған жерден пайда болған ғой дедім. Қысқасы, қазылар алқасы қызықты етіп мысалдар келтіріп жаз деп кеңес берді. ¤з жұмысымда әлемде ұсақ бөлшектердің болмайтынын дәлелдедім, - дейді Абылай.

Оның ғылыми жетекшісі - Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-нің физика-математика ғылымдарының докторы Салтанбек Мұхаметжанов болса, қолдап, сын-пікір жазған елімізге белгілі математик Асқар Жұмаділдаев екен.

Осы математика пәнінен 2-орынға шыққан Өрлен Жақсылықовтың жұмысы – «Алгоритм и формула связаные с биномиальным коэфициентом» деп аталды. ¤рлен де олимпиадаға бармай тұрып жазғы демалысында Ақтөбе, Алматыдағы оқытушы-профессорлармен кездесіп, кеңесіп, пікірлесіп, материал жинастырып, жұмыстарын талқыға салып, мұқият дайындалған. Атыраудағы Халел Досмұхамедов атындағы университеттің профессорларына да жолыққан. Оның ғылыми жетекшісі сол оқу орнының профессоры Аққабыл Абдиров болса, жалпы жетекшісі болып, лицейдегі ұстазы Бауыржан Асанов тағайындалған.  

¤рлен өз жұмысында есеп шығару үшін қолданатын жаңа оңай формуланы ойлап тапқанын айтады.

Ал химия пәні бойынша 3-орын иесі атанған Нұрхат Лекеровтің жұмысы - «Новый пенообразователь на основе керотина» деп аталды. Оның ғылыми жетекшісі - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің химия ғылымдарының қандидаты Жанар Оспанова болған. Абылай жаз мезгілінде сол оқу орнына ғылыми жетекшісімен ақылдасуға арнайы барып тұрғанын айтты. «Менің тақырыбым өзекті әрі жаңа. Мен өзім химия пәніне 7-сыныптан бері қызығамын. Лицейді бітірген соң, химия инженері немесе химиотехнолог болғым келеді» дейді ол. Өз жұмысында ол сиырдың мүйізі мен тұяғын, терісін далаға қоқыс ретінде тастағанша, оны өзіндік жолдармен тиісті қоспалар қосып, көпіршік түзген сұйықтық алу арқылы пенобетон дайындауға болатынын мәлім етті. Осылайша құрылысқа қажетті материал - пенобетонды шетелден сатып алмай-ақ, өзімізден өндіріп шығаруға болады екен.  

Қазақ-түрік лицейінің оқу бөлімі жөніндегі меңгеруші Жансерік САТТАРДЫҢайтуынша, жүлделі орын алған оқушылардың Алматыдағы «Дарын» білім орталығының тізімінде тұрғанын жеткізді. Оның айтуынша, халықаралық рейтінгілік олимпиадаға іріктеу осы орталық арқылы жүзеге асырылады. Себебі, еліміздің мектеп оқушылары түрлі деңгейдегі білім додаларынан, оның ішінде республикалық олимпиадаларда орын алып жүрген болса, осы орталықтың мәліметтер базасының тізіміне енеді.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

27 қаңтар 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.