Атырау, 26 қараша 11:37
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Коллективтің жырын айт

3 164 просмотра


2016 жылдан бері елімізде жаппай ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерін құру жүріп жатыр. Осы және басқа да мәселелер туралы  «АЖ» тілшісі Индер ауданынындағы «Жанбай» шаруа қожалығының басшысы Ғалымжан НҰҒМАНОВПЕН (суретте) әңгімелесті. 

- Басқаны қайдам, біздің облыста құрылып жатқан ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерінің саны бар да, сапасы жоқ десе болады. Үкімет тарапынан кооператив құрыңдар деген тапсырма болар, ол дұрыс та, керек те шығар. Бірақ сол кооперативтер жұмыс жасап жатыр ма, қандай деңгейде, мемлекеттің субсидиясын алуға жарамды қызмет етіп отыр ма? Ауданымызда мемлекеттің ақшасын алып, оны тиімді қолданбай отырған кооперативтер бар. Аты бар да, заты жоқ.

- Неге солай ойлайсыз?

- Мысалы, бізде ірі қара малын асылдандыру бізде былай жүреді: бір шаруаның 15 ірі қарасы бар дейік. Сол шаруа асылдандыру үшін қазақтың ақ бас екі бұқасын алып келеді де малды түрлендіріп жатырмын деп субсидияға, басқа жеңілдіктерге ие болады. Мен осыған түбегейлі қарсымын. Неге дейсіз ғой, малдың тұқымы бір рет әкелінген аталық малмен асыл болмайды. Оны өз тәжірбиемнен айтсам, кеңес үкіметі кезінде «Бақсай» совхозында жұмыс жасағанымда мемлекеттен мол қаржы бөліп, қойды асылданыдыру үшін 200 қошқар әкеліп, 8 жыл зоотехникалық-селекциялық үздіксіз еңбек етуімнің арқасында ғана нәтижеге жеттік. Ал біздегі жай әлгі.

Тағы бір мәселе, малды бордақылау немесе асылдандыру үшін қоректік тамағы тоқ болуы керек. Ал бізде жайылыс болар шөп кем, өте тапшы. Ол үшін малдың жайылатын жерін таңдауымыз керек. Бұрын жоңышқа өсіру болды, кейін осының бәрі қалды. Жоңышқаны қолға алу керек. Онда бордақылау да, асылдандыру да бос сөз болып қала береді. Құрама жемді біз Оралдан өте қымбатқа сатып алып отырмыз.

-Жылдан-жылға құрғақшылықтың орын алуы шаруаларды тығырыққа тіреуде. Су тапшылығы орын алмас үшін не істеу қажет.

- Бұрын қазған жеріңнен су шығатын, енді 2-3 метрсіз су көзіне жету мүмкін болмауда. Мұншалықты терең құдық қазу кез-келген шаруаның қолынан келмейді. Жерасты суының қандай деңгейде, қай тұста жатқанын анықтау арқылы скважиналар арқылы қол жеткізу керек. Бұдан 2-3 жыл бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасымен құдықтар қазу, шегендеу жайына үкіметтен қаржылар қаралып еді. Осы жұмыс мәресіне жетпей тоқтап қалды. Міне, бұл істі дереу қайта қолға алмаса болмайды.

-Басқа қандай проблемалар толғандырып жүр.?

- Көп. Оның бәрін жеткізу мүмкін емес. Бізде ветеринар, зоотехник, агроном мамандарымыз зейнеткерлік жасқа жетті. жастар бұл мамандыққа көп бара бермейді. Білікті мамандар керек, қарапайым шаруа бұл ғылым саласын терең білмейді ғой.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Суретті түсірген автор

27 ақпан 2018, 11:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.