Италияның парламенттік сайлауына санаулы күндер қалды.
Әлеуметтік сауалнама нәтижелері бойынша халықтың көпшілігі Сильвио Берлускони басқарған коалицияны қолдап отыр. Басы талай дау-дамайға іліккен миллиардердің үлкен саясатқа қайта оралуы күтпеген жағдай. Сот жауабына тартылып, 2011 жылы премьер-министр қызметінен кеткен Сильвио Берлускони халықтың сенімін жоғалтпаса керек-ті.
«Алға, Италия!» партиясының жетекшісі Сильвио Берлускони үлкен саясатқа қайта оралды. Ол өзі жетекшілік ететін коалицияны сайлаушылардың 36 пайызы қолдап отыр.
2011 жылы премьер-министр болған Берлускониге «жемқорлық пен салық төлеуден жалтарған» деген айып тағылып, тергеу жүргізілген. Тіпті сот үкім шығарып, оған мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынған болатын. Дегенмен мұның бәрі Берлусконидің саяси сахнаға оралып, сайлауға қатысуына кедергі келтірген жоқ.
Сильвио Берлускони, «Алға, Италия!» партиясының көшбасшысы:
- Маған жалған айып таққанына барлығының көзі жетті. Сол себепті жұрт мені қолдап отыр. Бүгінгі таңда жеке өзім үміткер бола алмасам да, өзгелерден озық тұрған саяси көшбасшымын.
Сильвио Берлускони бұған дейін төрт мәрте Италияның премьер-министрі болып сайланған. Жиырма жыл бойы Италия саясатының басты тұлғасы болған азаматтардың бірі. Қазіргі кезде елде күшті көшбасшы болмағандықтан, миллиардер осы сәтті пайдалануға ниетті.
Лука Заманьи, сайлаушы:
- Берлускони тек саясатпен ғана айналысқан жоқ. Ол алдымен кәсіпкер ретінде табысқа жетіп, 60 жасқа келген соң елдің дамуына өз үлесін қосуды ұйғарған.
Джессика Хайле Селассие, сайлаушы:
-: Сильвионың өзі Италия емес пе? Оған дауыс бермегенде кімге береміз? Ол көптеген жылдар бойы тірегіміз болды. Ол Италияның бұрынғы дәрежесін, яғни Еуропадағы алдыңғы қатарлы мемлекет атағын қайтара алатынына сенемін.
Алессандро Ругна, сайлаушы:
- Ол сенуге болатын тұлға. Сөзін ісімен дәлелдеп жүрген саясаткер. Оған билікте болған жылдары дәлел.
Берлускони басқарған коалиция салықты азайтып, зейнетақы мөлшерін өсіруді уәде етіп отыр. Ал ең бастысы «қатаң үнемдеу» саясатынан бас тартпақ. Әлеуметтік зерттеулердің нәтижесіне сүйенсек, бастама жұрттың көңілінен шыққан. Тіпті сайлауда көпшілік дауыс жинай алатын жалғыз саяси күш дейді. Алайда жоспар жүзеге аспай қалса, жақтастарының қолдауы арқасында Берлускони жаңа үкімет құруға ықпал ете алады.
Дереккөз: 24.kz