Жарты жылдан бері Химпоселок ауылынан Атырау орталығына қатынайтын №7 маршрут бойынша автобустар жүрмей қалған.
- Стройконтораға дейін таксимен 100 теңге беріп жетіп аламыз. Ары қарай баратын жерімізге автобусқа отырамыз. Ал кешке ешкім 100 теңгеге Химпоселокке дейін әкелмейді. 500 сұрайды,- дейді ауыл тұрғыны Өкила. - Осылай жүргенімізге қаншама уақыт өтті, бұл жақта адам тұрады-ау деп біреуі де ойламайды ма? Депуттатты сайладық, өтіп алғаннан кейін атын да ұмытып қалдық, түрін де көрмедік.
Зинаида: - Таксиге бір күні мінсек, бір күні ақша болмайды. Қоғамдық көлік тоқтағалы қиын болды. Немерем №13 гимназияда оқиды. Сабағына жая барып жүр.
№7 маршрут неге жүрмейді? - біз «Смарт Атырау» КММ директорының м.а. Л.РЫСПАЙҒА сауал жолдадық.
- 14 шақырымға созылатын Лесхоз ықшам ауданы – Авангард ықшам ауданы – Химпоселок – Қара депо» бағытындағы №7 маршрутқа «Атырау такси» ЖШС 2014 жылдан бастап қызмет көрсетіп келді. Алайда, 2017 жылы тасымалдаушы мекеме көрсетілген бағыттың ұзақ әрі тиімсіздігін айтып, қызмет көрсетуден бас тартты,- дейді Рыспай. - Бұл мәселе қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімімен өзара талқыланып, нәтижесінде тасымалдаушы «Автомобиль» жеке кәсіпорынымен уақытша келісімшарт жасалып, «Қара депо – Химпоселок – Авангард ықшам ауданы» бағытында 4-5 шағын автобус (газель) қызметке кірісті. Алайда қазір олар да жүрісін тоқтатты. Мәселені шешіп жатырмыз.
Әскербек НҰРМҰҚАНОВ, Химпоселок тұрғыны: Химпоселок – облыс орталығының шеті, автобусқа мінетін тұрғындар аз болғандықтан тасымалдаушыларға тиімді емес, сондықтан жүргілері келмейді. Қаланың дәл іргесінде тұрып-ақ, көрініп тұрған жерге бару үшін Стройконтораны айналып келеміз. Мәселені басқаша шешу керек деп есептеймін: Канцев көшесіне тіке өтетін көлік жолын салу керек.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор
Видеоны тұрғындар жіберді