Атырау, 26 қараша 11:32
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Әкіммен кездесу

Сурет Бейнежазба
7 371 просмотра


21 ақпанда Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ 2017 жыл үшін қала мен облыс тұрғындарының алдында есеп берді. Кездесу әдеттегіше 2500 адамға дейін сыятын Х.Досмұхамедов атындағы университеттің дене шынықтыру және сауықтыру орталығында өтті. «Бәрі де пікірлерін айтсын» дегендей ұйымдастырылған шара шамамен 5 сағатқа созылды, зал іші толы болды.

НЕ ЖАСАЛДЫ?

Өткен жылы көмірсутек өндіру көлемі өсті: үш компания - ТШО, НКОК және «Ембімұнайгаз» - 42,3 млн тонна мұнай және 20,9 млрд текше метр ілеспе газ шығарды, бұл тиісінше, 2016 жылғы деңгей бойынша 125,6% және 131,3% .

Мемлекеттік бюджетке біздің облыстан жыл ішінде 2,2 триллион теңге салық пен басқа да міндетті төлемдер түсті, соның ішінде республикалық бюджетке 809,1 миллиард, жергілікті бюджетке 237,5 миллиард теңге түсті. Ұлттық қорға 1 трлн 145,4 млрд теңге аударылды.

Әкім кейбір мұнай ұңғымаларын жою жөнінде хабарлады, жалпы өздігінен ағатын 180 гидрогеологиялық ұңғымалардың 123-і жойылуы тиіс. Биыл үкіметтік деңгейде иесіз 60 ұңғыманы жоюға жобалау-сметалық құжаттама әзірленетін болады.

Қоқыс полигонын және қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауытқа қатысты мәселе Атырау үшін тағы да кейінге қалдырылды. Аудандардың жолы болған: Құлсарыда, Аққыстауда, Индерборда, Махамбетте, Мақатта, Сүйіндікте, Котяевкада, Ганюшкинода, Миялыда және Сағызда осындай қоқыс полигондары үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленген. Құрылыс 2019 жылы басталады.

Қазіргі таңда 164 ауылдық елді мекендердің 128-і ауыз сумен қамтамасыз етілген.

«Рухани жаңғыру» аясындағы шараларға өткен жылы 12,9 млрд теңге жұмсалған.

Орташа айлық еңбекақы 262 581 теңге, жұмыссыздық деңгейі 4,9% құрады.

Өткен жылы қолданыстағы бейнебақылау жүйесі 16 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, 27 қылмысты ашуға көмектескен. Барлығы 141 мың әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. Биыл тағы да 429 камераны орнату  жұмыстары басталды, жобаға 1,8 млрд теңге бөлінді.

Әкім жақында Махамбет Өтемісұлы атындағы драма театрының мәртебесі өзгергенін, енді ол академиялық театр деп танылғанын хабарлады.


НЕ ЖАСАЛАДЫ?

Биыл қала маңындағы Жайықтың оң жақ жағалауын айтарлықтай өзгерту жоспарланып отыр. Жобалар бір-бірінен өтеді: жер қойнауын пайдаланушылардың қаражаты есебінен университет маңындағы 1800 метр жағалауды Байбарыс (Әлиев көшесінің бойындағы) көпіріне дейін абаттандыру. Жағалауда жарықтандырудан басқа жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары, балалар мен спорт алаңдары, орындықтар мен беседкалар болады. Жағажайларды да абаттандыруға уәде етілді.

- Жаңа жағалау қаланың символына айналады. Мұнымен жұмыс  бітпейді, қаладағы Жайық жағалауының бүкіл аумағын қалпына келтіруге көмектесетін әртүрлі нұсқаларды әзірлейміз, - деді әкім.

Исатай және Махамбет алаңын қалпына келтіру жоспарланған. Жобада көгалдандыру, субұрқақтар, сәулет композициялары, жабындарды жаңарту жұмыстары қарастырылған.


Биыл ТШО, Isker және Шлюмберже кеңселерінің үшбұрышындағы алаңда тутұғырдың құрылысы басталады. Бұл алаң өткен жылы пайдаланылмай тұрған жер ретінде жер иелерінен сот арқылы алынған болатын. Жоба бойынша тутұғырдың биіктігі 91 метр болады, осылайша ол қаланың ең биік нысанына айналмақ.

Аудандарда да одан кем түспейтін әсерлі жобалар күтіліп отыр. Исатай ауданында, Каспий теңізінің жағалауында оқу-сауықтыру  лагері жоспарланған. Зинеден ауылында болғандар теңіз жағажайының керемет табиғаты туралы жақсы біледі. Ноғаевтың командасы оған барлық қажетті инженерлік коммуникацияларды жүргізуге уәде береді.

Махамбет ауданындағы Сарайшық музей кешенін кеңейту және қалпына келтіру жобасы бекітілді. Кешенде әкімшілік ғимараттар, қонақ үй, кітапхана, зертханалық орынжайлар бой көтереді. Сол жерден туристер үшін этноауыл салуға уәде етілді.



АЙТА БЕРСІН

Әдеттегідей, есеп беру кезінде әрдайым сұрақтар қойылып, жауаптар беріледі. Бұл кезде қала мен облыс тұрғындары өздерінің «даңқты сәтіне» қол жеткізеді. Кейбір қала тұрғындары бұл сөздерді тікелей түсінеді. Мысалы, ақсақалдардың бірі әкімге өлеңдетіп бата берді. Бірақ адамдар көбінесе өзекті болған мәселелерді айтады, шағымданады немесе әкімнен көмек сұрайды.

Осылайша, бұл өзіңіздің, көбінесе, тұрмыстық жағдайға байланысты проблемаңыздың шешімін тез табуға жақсы мүмкіндік. Өз орындарынан көтерілген шенеуніктер немесе үлкен компаниялардың басшылары, әсіресе, облыс әкімі көп мән беріп: «Егер жауапқа қанағаттанбасаңыз, менің қабылдауыма келіңіз» дейтін болса, халыққа кез келген нәрсеге уәде беруге дайын.

Осы жағдайды көп адамдар пайдаланып қалуға тырысады, сондықтан бұл бөлім жыл сайын ұзағырақ болады. Бүгін ол 3 сағаттан астам уақытқа созылды, оның барысында ондаған спикерлер Ноғаевтың пікірін немесе жеке қабылдауына шақыру алды.


Көпшілік үшін Ноғаев 2016 жылдың сәуіріндегі оқиғалармен сабақтастық байланыста қалады. Осы кездесуде оған екі рет осы туралы еске түсірді. Белсенді Минал КЕНЖЕКОВ әкімнен сотталған Макс БОҚАЕВ пен Талғат АЯНДЫ тұрғылықты жеріндегі колонияға, Атырауға ауыстыру мәселесіне араласуды өтінді. Осы ұсыныспен оған тағы бір ақсақал да жүгінді. Залдағылар екі қарияға да үлкен қошемет білдірді.

- Әрине, әлденені өзгерту сіздің қолыңыздағы нәрсе емес екенін түсінеміз, бірақ, ең болмағанда тырысып көрсеңіз, бұл тарихи маңызды мәселе, - деді олардың бірі.

Әкім екі азаматтық белсендінің сот үкімі бойынша сотталғанын, бұл мәселелер заңдылық тұрғыда шешілетінін және оны шешуге өкілеттігі жоқ екенін еске салды.

Оның қарамағындағыларға қатысты бірнеше шағымдар түсті. Қала тұрғыны ІЗТІЛЕУОВА облыстық спорт басқармасының басшысы Азамат БЕКЕТТІҢ дөрекілігіне шағымданды.

Көршісімен соттасып жүрген әйел прокуратура органдары мен облыстық ІІД-ге қатысты айтарлықтай айыптаулар ұсынды. Ол өз ісіне әдеттегіше облыс әкімінің есеп беру жиынына қатысып жүрген сенатор Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВТІ тартуды жоспарлаған. Алайда микрофонға оның кезегі жеткенше, сенатор қапырық залдан шығып кетті. Айтпақшы, егер қателеспесем, осы хикаяны сол кейіпкерлермен бір жыл бұрын оның анасы өткен есеп беру жиынында егжей-тегжейлі айтып берген еді. Енді әкімнен ІІБ мен ІІД-нің бірнеше басшыларын жұмыстан босатуды талап етті.

- Бұл менің құзыретімде емес, - деп әкім бұл ұсынысқа жауап беріп, жоғары сатыдағы ведомостволарға және сотқа жүгінуге кеңес берді.


Жалпы жыл сайын осындай есеп беру жиналысында әкімнің өзі ғана емес, сонымен қатар жыл сайын өздерінің бар екенін еске түсіретін адамдар тобы да бой көрсетеді. Кем дегенде, олардың төртеуі өткен жылы да өз сұрақтарына комментарий алған еді. Мұндай іс-шараларда қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің басшысы Нұрлы ХАБИЕВАНЫҢ есімі де үнемі аталып өтеді.

Ол барлық әкімдердің тұсында аман-есен лауазым орынтағында көбірек отырған шенеуніктердің ең сирек түріне жататын шығар. Бір жыл бұрын Ноғаевтың есебінде бір зағип жан мүгедектердің мұқтаждығы үшін берілген 100 миллион теңгенің жоғалғаны туралы сұрақ қойған болатын. Бұл жолы Әнуарбек МЕРАЛИЕВТІҢ айтуынша, Хабиева төсекке таңылған мүгедек анасы үшін заңмен тиесілі жөргектерді беруден бас тартқан.

- Кейінірек оның кеңсесінің маңындағы қоқыс орнынан памперстер орамасын көрдім, ал мұның бір бумасының құны 15 мың теңге тұрады. Егер ол үшін бұл ақша болмаса, жұмыссыз мен үшін бұл үлкен қаражат, - деген ол «нәтижелі жауапты» талап етті. Әкімнен орынбасары Нұрсәуле САЙЛАУОВАНЫҢ қатысуымен бұл жағдайды анықтау туралы уәдесін алған ол дереу:

- Нәтижесіз жауабыңыз үшін рахмет! – деді.



Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суреттерді және бейнежазбаны түсірген Марат ТАКУЛИН  

21 ақпан 2018, 20:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.