Атырау, 24 қараша 13:08
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Тариф, қайда барасың?

2 048 просмотра

Жақында парламент депутаттары табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттік жүзеге асыруға енгізген «Тарифті инвестицияға алмастыру» бағдарламасын сынға алды. Халық қалаулыларының айтуынша, тұтынушылардың ақшасы монополистердің артында тұрған әлдекімдердің қалтасына түскен және ешкім кәсіпорынды ешқандай жаңғыртудан өткізбеген.

Парламенттегілермен кездесуге дейін Агенттік басшылығы сауда және экономиканы дамыту министрлігімен бірлесе отырып, әдістеме жасақтады. Осы әдістеменің көмегімен әрбір күнтізбелік жылдың басында инфляцияға қатысты коммуналдық тарифтердің өсу әсерін болжап отыратын болады. Бұл формула «табиғи монополиялар және реттеуші нарық субъектілерінің қызмет тарифтерінің өзгеруінен инфляциядағы рұқсат етілген салым есебі» деп аталады. Меніңше, бұл тарифтер мен бағаның бүгінгі және алдағы уақытта өсуін ақтап алуға тырысқандық сияқты. Осы әдістемеге сәйкес, әрбір өскен тарифтің инфляцияға әсері мына формула бойынша анықталады: V = (Т х γа х γр), бұл жерде  Т деген – тарифтің өскенін, γа – қызмет түрлері бойынша салмақ мәні,γр – Қазақстан аймағының салмақ мәні. Инфляцияға байланысты тарифтердің өзгеруінен жалпы қолжетімділік салымды анықтау үшін алынған мәліметтер жинақталады. Көрсетілген салмақтық белгілердің қайдан алынғандығы мүлдем түсініксіз. Алайда, ол туралы кейінірек тоқталатын боламыз.

Бұл әдістемеде Атырау облысының салмақтық мәні 0,03130 (аймақ халқының үлесіне сәйкес) құрайды. Қызмет көрсету түрлерінің салмақтық мәні бойынша: салқын сумен жабдықтау – 0,00981, ыстық сумен жабдықтау – 0,02687, канализация – 0,00347, электр энергиясы – 0,02843, газ – 0,01084, орталық жылыту – 0,04033. Телефонистер мен қоғамдық көлік қызметтерінің салмақтық мәні аталған жоқ. Ал, Атырауда басқа тарифтердің өсуімен қатар, соңғы уақытта телефон қызметі осы жылдың 1 сәуірінен бастап - 20% және қоғамдық көлік қызметі биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап - 25% қымбаттайды.

Биылғы жылы өзгеріссіз қалған жалғыз ғана тариф – ол  ыстық сумен жабдықтау және жылу. Оның есесіне үстіміздегі жылдың сәуір айында сұйытылған газдың литрі – 33 теңгеден 70 теңгеге дейін, электр энергиясы киловат/сағат үшін – 5,13 теңгеден 5,35 теңгеге дейін, салқын су – текше метрі үшін 20 теңгеден  29 теңгеге дейін және канализация – 22 теңгеден 24 теңгеге қымбаттады. Осы қымбаттауды ұсынылған формула бойынша инфляцияға қалай әсер ететіндігін есептеп көрелік. 

Vгаз= (70-33) х 0,01084 х 0,03130 = 0,01255

Vэлектр энергия= (5,35-5,13) х 0,02843 х 0,03130 = 0,00019

Vсалқын су= (29-20,14) х 0,00981 х 0,03130 = 0,00272

Vканализация= (24-22) х 0,00347 х 0,03130 = 0,00021

V жалпы жинақтайтын болсақ= 0,01255 + 0,00019 + 0,00272 + 0,00021 = 0,01567.

ҚР табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттігі ұсынған әдістеменің бірде-бір жерінде соңғы цифрмен не істеу керектігі көрсетілмеген. Өлшеу бірліктері жоқ. Бұл сан коэффициентті білдіреді деуге болады. Сонда егер «1»-ді 100% деп қабылдау керек болса, онда соңғы айлардағы Атырауда болған көптеген тарифтердің өсуінің инфляцияға әсері бар-жоғы 1,5% құрайтын болады. Демек, біздің барлығымыз үшін оның әсері іс жүзінде нақты біліне де қойған жоқ. Ол солай ма?

Алайда, іс жүзінде осындай қарапайым ғана формула бойынша еліміздегі инфляцияға тарифтердің өсуінің әсерін есептеу мүмкін емес – оған көптеген басқа факторлар да (азық-түлік, отын, шеттен әкелінетін тауар бағасының өсуі, валюта бағамдарының өзгеруі, әлемдік нарықтағы ауытқулар, еңбекақы мен зейнетақының өсуі және т.б.) әсер етеді.

Оның үстіне бәрі де тарифтердің аталмыш факторлармен бірге өсуі басты мәселе екендігін жақсы түсінеді және оны өз қалталарына қарап-ақ сезеді. Алайда, тарифтердің инфляцияға әсерін нақты социологиялық зерттеулер, коммуналдық қызметке төлейтін отбасының орташа статистикалық шығындарын талдау жолымен ғана өлшеуге болады. Мұның орнына бізге «қызмет түрлері бойынша салмақ мәндерімен» арифметикалық ойынды ұсынып отыр. Нәтижесінде берекелі көрініс пайда болады: тарифтердің өсуі инфляцияға әсер етпейді. Және оған сендіру талап етілді. Алайда, кімді сендіру керек? Тұтынушының ісі  ойдан алынған «салмақ мәнімен» емес, нақты өсіп жатқан коммуналдық қызмет шығындарымен және нақты құнсызданған ақша кірістерінде болуы керек.  Демек, «инфляцияға қол жетімді салым» есептеу формуласы бәлкім, монополистердің тарифтерді жай ғана өсіруіне әлдебір салмақтылық және ғылымсымақтық маңыз беру үшін жасалған болар.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

23 мамыр 2012, 18:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.