2018 жылы өңірімізде тұрғын үй салу үшін берілетін жер телімі өткен жылғымен салыстырғанда екі еседей артық бөлінеді. Бұл туралы брифингте Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек НӘУТИЕВ хабарлады. Бүгінде жер кезегінде 102 мың адам кезекте тұр. 2017 жылы 2415 жер берілсе, биыл 4180 жер беріледі деп күтілуде.
Өткен жылы 12 мың тонна көлемде балық аулау лимиті бөлініп, оның 87 пайызы игерілген:
- Игерілмеуге ауыл шаруашылығы министрлігінен балық аулау лимитін бөлу туралы бұйрықтың кеш шығып, балықшылардың аулап үлгере алмай қалуы себеп болды.
АЖ сауалдары:
Биыл балық аулау маусымы қашан басталады? Кооперативтерге теңізден балық аулауға рұқсат беріле ме? Маусымда тағы қандай өзгерістер бар.
- Лимит бөлу мәселесіне келсек, күні кеше министрліктен бұйрық шығып, әділет басқармасына тіркелді. Енді былтырғыдай әкімдік тарапынан кідіртулер болмайды. Балықшылар жергілікті жерден тиісті құжаттарын алады да мұз кеткен бойда кіріседі. Теңізге балық аулау мәселесіне келсек, оны алдымен заңдастыруымыз керек. Балық аулауға рұқсат етілмейтін жерлерді заңды түрде жауып, содан кейін ғана теңізді ашамыз. Әзірге көктемгі маусымда бұрынғыша аулайтын болады.
Облыстың балық шаруашылығы саласында 19 табиғат пайдаланушылар жұмыс жасаса, олардың ішінде екі-үшеуі ғана өңдеумен айналысып, қалғандары тұздап, шетелге сатып жатыр.
«Сонымен бірге көптен бері көтеріліп жүрген Жайық пен Қиғаштың арнасын ашу мәселесі. Былтыр Қиғашта 131 шақырымды тазалау жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды. Оған жыл аяғында 1 миллиард 79 миллион теңге қаржы бөлінді. Жайық арнасының 65 шақырымы тазаланады. Оның құны 2.2 миллиард теңге. Оның 500 миллион теңгесі бөлінді.
Көктемгі өр суы келісімен бөгеттердің нашарлығынан бірқатар елді мекендерге қауіп төніп тұр. Өткен жылы облыс аумағындағы топырақтан тұрғызылған 415 шақырымдық бөгеттің 170 шақырымы қалпына келтіруді қажет ететіндігін айтылған еді. Бұл мәселе шешілді ме?
Былтыр өңірде су мөлшері өзінің қалыпты деңгейінде болды. Осы жылы судың көлемі көбірек болады деп отырмыз. Қазірдің өзінде бірталай су келіп жатыр. Осы мәселе бойынша бөгеттерге қанша қаражат керектігі жөнінде жергілікті әкімдіктер зерделеп жұмыстар жасады. Қазір қаржыландыру мәселесі шешіліп жатыр. Жұмыстарды наурыз айында бастаймыз. Қауіпті жерлер Құрманғазы ауданының Дыңғызыл елді мекенінде және Махамбет, Индер аудандарының аумағында бар.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Сурет және бейнежазбаны түсірген автор