Атырау, 26 қараша 13:49
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Мұнайлы астана: дөңгеленген дүние

Сурет Бейнежазба
4 101 просмотра


Сәрсенбі күні, 14 ақпанда драма театрда Атырау қаласының әкімі Серік ШАПКЕНОВ қала тұрғындарының алдында дәстүрлі есеп беру жиынын өткізді.

 ЖАҢА ОРЫНДАР

Қалыптасқан формат шеңберінде ол сөзін өткен жылы орындалған жобалардан бастады. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі, шағын және орта бизнес нысандарының саны, жаңа жұмыс орындарының саны өсіп жатыр. Ауыл шаруашылығы саласында едәуір өсім байқалады: 2016 жылға қарағанда ет, сүт және жұмыртқа өндірісі 100 пайыздан астамға артты.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 871,9 млрд теңгені, өсім 0,5% құрады. Облыс бойынша жалпы көлемдегі қала үлесі - 36%. Атырауда, әкімнің айтуынша, өткен жылы 16 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған.

2017 жылы қала билігі қаладағы бос учаскелерді қала балансына қайтару жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, Жеңіс саябағы маңындағы бұрынғы «Қиял әлемі» ойын-сауық бағының алаңы мемлекет меншігіне қайтарылды.

- Бұл мәселе көп жылдар бойына шешімін таба алмай келді. Алдымен парк болған жер бизнес нысандарын салуға берілді, бірақ ақыры игерілмеді. Өткен жыл ішінде пайдаланылмаған 11,7 га жер телімдері қайтарылды.

Әкім алынған аттракциондар паркінің болашақтағы тағдыры туралы айтпады. Қауесетке сенсек, ол жерде жаңа парк болмақ.


ҚОШ БОЛ, САСЫҚСАЙ

Шапкенов басталып жатқан жыл жоспарларымен де бөлісті. Билік ақыры Сасықсай деп аталатын шіріген сарқынды сулар тұндырғыларының бірін жабуға уәде берді. Құны 10,1 млрд теңге болатын КТС (кәріздік-тазарту станциясы) келесі жылы Атыраудың сол жақ жағалау бөлігі үшін кәріздің сарқынды суларын өркениетті түрде өңдеу жұмыстарын бастауы тиіс. Естеріңізге салсақ, 2016 жылы билік ескі КТС-тің тозуына байланысты техникалық төтенше жағдай жариялаған болатын.

- Үлкен апат орын алған жағдайда бүкіл қаланы нәжіс сулар басып қалар еді, - деп мойындады Шапкенов. - Құрылғы 1978 жылы іске қосылған, осы уақыт ішінде оған күрделі жөндеу жүргізілмеген. Сарқынды сулар булану алаңына жетпес бұрын толықтай тазарту циклынан өтпейді. Жаңа кешен қуаты тәулігіне 70 000 текше метр құрайды. Сарқынды суларды тазарту механикалық және биологиялық әдіс бойынша кезеңмен жүргізіледі. Қаланың оң жақ жағалауына КТҚ салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.

БАҚ, КӨШЕЛЕР, СПОРТ АЛАҢДАРЫ

Қала басшысы, сондай-ақ, инвесторлар есебінен ойын-сауық саябағының құрылысын бастау ниеті туралы хабарлады. Қала университет маңындағы өзен бойынан ауданы 6,5 гектар болатын жағалаудағы ұзын учаскені саябақ үшін бөліпті.

- Оның ішінде 3,1 гектар жер жасыл желектер отырғызуға арналған. Саябақ аймағына арша, бөртегүл егіледі. Әткеншектер, балалар ойын алаңы, шағын футбол алаңы, streetworkout, скейтбордингке арналған алаң, ұзындығы 300 метрдей жаяу жүргіншілер субұрқағы, жаяу жүргіншілер  және велосипед жолдары қарастырылған, - деп жоба детальдарымен бөлісті әкім.

Биіктігі 55  метрден астам шолу дөңгелегі саябақтың орталық нысанына айналмақ (астаналық шолу дөңгелегінің биіктігі 65 метр – З.Б.).

2018 жылы жалпы ұзындығы 187 километр болатын қаладағы 194 көшеге жарық орнату жоспары бекітілді. Бұл инвесторларды тарту арқылы жүзеге асырылмақ. Қаладағы 27 мектеп заманауи спорт алаңдарымен қамтылады.


СҰРАҚ-ЖАУАП

Баяндамадан кейін әкім тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Адамдар әдеттегіше өздерінің коммуналдық проблемаларын шешуді, баспана немесе жөндеу жұмыстары туралы сұрады. Жол салу ең жиі қозғалған тақырып болды. Шапкенов қолданыстағы заңға сәйкес, жергілікті биліктің жеке баспананы, тіпті, ауа-райы қолайсыздығынан зардап шеккендерді жөндеуге немесе оның орнына басқа үйді айырбастауға міндетті еместігін еске салды. Мүгедек баланың анасы мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін өте қажетті медицина орталықтарын көбірек салуды өтінді. Қала басшысының айтуынша, Атыраудан екінші оңалту орталығын салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Зал бұл жаңалыққа қошеметпен қолдау білдірді.

Қарамағындағы қызметкерінің есебін облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ та тыңдады. Облыс әкімінің есебі 21 ақпанда өтеді. Ол да өзіне тікелей тұрғындар жолдаған сұрақтарға комментарий берді.



Зульфия БАЙНЕКЕЕВА 

Суреттер мен видеоны түсірген Марат ТАКУЛИН

14 ақпан 2018, 18:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.