Атырау облысының Исатай ауданында жел электр қондырғысы салынуда. Бүгінде олардың алтауы салынған, жетіншісін монтаждау жұмыстары жүргізілуде. 2018 жыл аяғына дейін жалпы қуаты 52 мегаватт болатын осындай 36 қондырғы салынады.
Жеке құрылыс компаниясы мамандарының (ырымға сенетіндіктен әзірге атамауды өтінді) айтуынша, өңірімізде үнемі күшті жел болатын жерді таңдауға екі жылдан астам уақыт кеткен. Исатай ауданындағы Манаш ауылына жақын жердегі учаскені лайық деп тауыпты. Осы жерде жоғарыдағы желдің орташа жылдамдығы жыл бойына секундына 8-10 метр болады. «Жел қағарлардың» қалыпты жұмыс істеуі үшін 4-тен 25 м /с-қа дейін қажет. Жел күшейген жағдайда қондырғы автоматты түрде өшіп, қолайлы ауа райын күту режиміне ауысады.
Құрылыс жұмыстары 2017 жылдың қазан айында басталды, құрылысты аяқтау осы күзде жоспарланған. Көп нәрсе ауа райына байланысты. Жел секундына 12 метрден асқан жағдайда жұмыс тоқтатылады. Ал өздігінен жүретін ауыр кран үшін, әсіресе, жауын-шашын көп қиындықтар туғызады. Өйткені, таңдалған жер бір кездері Каспий теңізінің түбі болған және техника үшін қатты жер іздеуге тура келеді.
Жел электр қондырғыларының сыртқы көрінісі әсерлі: жалпы биіктігі 100 метрден асады, 4 секциядан тұратын тіреу салмағы 148 тоннаны, генератор 58 тоннаны, ал «винт» қалағының салмағы 21 тоннаны құрайды. Бір қалақтың ұзындығы 32 метр, ал ротормен бірге осы алып «пропеллердің» диаметрі 65 метр. Бұл машинаның бәрі айналып, жұмыс істеп, тек желдің күшімен электр энергиясын береді.
Алдияр АМАНИЯЗОВ, арнайы «АЖ» үшін