"АЖ" поштасына Құлсары қаласы тұрғындарынан түскен шағымдардың басым бөлігі қоғамдық көлік тасымалының нашарлығына арналған. Ал Жылыой әкімшілік рталығындағы 9 маршрутта тасымалды "Автостоянка-А" және "Теңізавтокөлік" ЖШС-тері жүзеге асырады.
Жолақы - 50 теңге. Күніне 30 шақты автобус жүрісте болуы керек. Жүру кестесі - 07.00-20.00 сағат аралығы. Алайда қалалықтарды қоғамдық көліктің уақытында жүрмеуі қынжылтады.
- Біз сабақтан кешкі жетіде тараймыз. Менің қасымда үнемі екі оқушым болады, біздердің баратын үйіміз бір бағытта болғандықтан, автобусты бірге ұзақ күтеміз. Әсіресе, №1 автобусты келіп болмайды. Амал жоқ, күдерімізді үзгесін такси ұстаймыз. Неге автобус кестеге сай жүрмейді. Неге құзырлы орындар бақылаусыз қалдырады,- дейді мұғалім Гүлмира БАЙМҰРАТОВА (суретте сол жақта).
- Төрт балам Сатыбалдиев мектебінде оқиды. Автобустар сирек жүргендіктен оқу орнына жету қиын,- дейді тұрғын Зулфия МЫРЗАҒАЛИЕВА (суретте). - Бұл турасында әкімдікке талай арыз жаздым. Бірақ шығып жатқан нәтиже шамалы.
Ал қаладағы 5"а" және 7"а" ықшамаудандарына автобус мүлдем жүрмейді – бұл бағытқа маршрут белгіленбеген.
Қалдаш МӘМБЕТОВ, "Теңізавтокөлік" ЖШС-нің директоры:
- Мен бұл сындармен келіспеймін. Кестеге сай жұмыс жасауға тырысамыз. Дегенмен оңай емес: автобустар ескі, кейде бұзылып жатады, ал жаңартуға қаржылық мүмкіндігіміз жоқ.
Екпін САДЫҚОВ (суретте), "Автостоянка-А" ЖШС-нің өкілі:
- Бізде баға 50 теңге. Қазақстан бойынша ең төменгі баға. Жеңілдіктер бар: мектеп жасына дейін балалар тегін жүреді, зейнеткерлер мен оқушылар 25 теңге төлейді. Кезінде тендерге түскенде АИ-80 бензині 89 теңге болған. Қазіргі баға тендерде ұтқан бағамен мүлдем сәйкес келмейді. Сондықтан шығынға батпас үшін алдағы уақытта бағаны 80 теңгеге көтеру ойымызда бар. Әйтпесе, жұмыс жасаудың мәні жоқ.
Ернар ЫСМАҒҰЛОВ (суретте), аудандық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы:
- Тұрғындардан көбіне №1,2,3,8 бағыттағы маршруттарға жиі шағым түседі. Жағдайды түзеуге тырысамыз, жұртшылық шағымдарына орай айына бір рет рейдке шығып тұрамыз. Ал 5 "а" және 7 "а" және Бесінші ауыл ықшамаудандарының мәселесіне келсек, осы бағытта жаңа маршруттар ашу жұмыстары жүріп жатыр, мәселе наурызда шешіледі.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор