Атырау, 26 қараша 13:38
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Асықпаған аман-сау үйде болар

Бейнежазба
3 223 просмотра


Атырау қалалық ІІБ жол-патрульдік полициясымен бірге «АЖ» тілшісі қаланың шулы көшелеріне шықты. Біз алдымен Жилгородок ықшамауданындағы жол қиылысына тоқтадық. Көп ұзамай жедел басқару орталығынан (ЖБО) «Әуезов көшесі бойындағы жүргіншілер өткелінен автомобиль әйеладамды өткізбеді. Сіздерге қарай бара жатыр» деген ақпарат түсті.

Хабарламаны қабылдаған полиция сержанты Медет НЫСАНБАЕВ келе жатқан көлікті тоқтатты. Жүргізушіге қатысты ӘҚтК-ның 600-бабы 1-тармағы (Жаяу жүргiншiлердің немесе жол жүрiсiнiң өзге де қатысушыларының жүруiне басымдық бермеу) бойынша хаттама толтырылып, 10 АЕК (24 050 теңге) айыппұл салынды. Сондай-ақ, жүргізушіге айыппұлды 7 күн ішінде төлесе, 50% жеңілдік болатыны ескертілді.

Айтпақшы, ереже бойынша адамдар, егер жақын жерде арнайы рұқсат беретін белгілер немесе жол қиылысы болмаса,кез келген жерде жолдан өте алады. Алайда жүргіншілер көлік ағынына кедергі келтірмеуі тиіс. Жүргізушілер де сақ болып, жылдамдықты асырмауы қажет, сонда ғана бақытсыз жағдайлардың алдын алуға болады,- дейді полиция лейтенанты Алмас ЗАКАРИЯЕВ.

ЖБО-дан келген келесі хабарламада Сырым Датұлы көшесімен «Toyota Estima» көлігін жүргізіп келе жатып, ұялв телефонмен сөйлескен Атырау қаласының тұрғыны Д.И. туралы болды. Ол бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Алайда жүргізуші жол-көлік қызметкерінің алғашқы талабына тоқтамай, қуып жетуге тура келген. Кейіннен ол өз кінәсіздігін дәлелдегісі келгенмен, бейне жазба ереже бұзушылықты растады. Әрі қарай істі қалалық ІІБ-ға жіберді. Енді жүргізушіге қатысты ӘҚтК-нің 613-бабы (полиция органдары қызметкерінің талаптарын орындамау, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өтуден жалтару) және 591-бап (Көлiк құралын басқару кезiнде жүргiзушiнiң телефонды не радиостанцияны пайдалануы) бойынша хаттама толтырылып, ісі сотқа жіберіледі.

ЖБО-дан тағы бір хабарлама келді – көлік жаяу жүргіншіні өткізбеді. Тоқтатылды – жүргізуші түскі асқа асығыпты. Тағы да жүргінші өткізбегені туралы хабарлама. Көлікті тоқтатқан бойда, жүргізуші таныс полицейлеріне қоңырау шала бастады, алайда бұл хаттама мен айыппұлдан құтқармады. Бұрын бір ереже бұзушылықты үш рет қайталаса 1 жылға көлік басқару құқығынан айыратын. 2014 жылдан бері бұл жазаны алып тастапты. Алмау керек пе еді?


Фархат ӘБІЛОВ

Видеоны түсірген Ғани САҒЫНДЫҚОВ

11 ақпан 2018, 18:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.