Атырау, 28 қараша 12:48
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Жайыққа "жерленген" кемелер

7 662 просмотра

Атырау аумағындағы Жайық өзенінде қараусыз қалған кемелер іріп-шіріп жатыр

Өткен жылдың аяғында біз қала маңындағы өзен жағалауында бірнеше жыл бойына тот басып жатқан ескі екі жүзбелі зауыт-кемесін бұзу жұмыстары басталғаны жайлы хабарлаған едік (АЖ №49, 8 желтоқсан 2011 жыл, «Зауыт-кемелерді өзен ішінде «кескілеп» жатыр»). Сөйтсек сол кезде осы жүзбелі зауыт-кемелерді металл сынықтары ретінде сатудан түскен қаржыдан «Атырау Балық» АҚ өз жұмысшыларына көп күттірген жалақысын беріпті.

 

ҚАУІПТІ ҚАЛДЫҚТАР

Жүзбелі зауыттар Жұмыскер маңындағы «Атырау Балықтың» жөндеу базасының жанында орналасқан. Бүгінде бір жүзбелі зауыт ішінара бөлшектелген. Қасында құрылыс қоқыстары: жылу изоляциясының, еден жабынының, металл және ағаш арқалықтардың қалдықтары және т.б. үйіліп жатыр.

- Шынымақта (стекловата) кесектерін көріп тұрсыз ба? Бір ай су тасқыны ішінде Жайық өзеніне қаншасы ағып кетті? Ол ағза үшін қауіпті ғой, ал бірнеше метр жерде балаларымыз суға шомылады.

- Бізде суға қатысты іркілістер жиі орын алған соң, Жайықтан су тасуға тура келеді. Ал бұл жерде үйілген қоқыстар көп, - деп наразылық білдірді Жұмыскер поселкесінің тұрғыны Жалғас КҮЗЕМБАЕВ (суретте).

Өткен жылдың желтоқсанында біз Жайық-Каспий экология департаментіне бірқатар сұрақтар жолдаған едік. Атап айтқанда:  мұндай жұмыстарды  өзен акваториясы мен қала шеңберінде жүргізуге бола ма? Жұмыстарды қандай компания жүргізеді және оның заңды құжаттары бар ма? Елімізде жүзбелі кемелер қалай бөлшектелуі тиіс? Алайда жауап ретінде тек мұнымен жүзбелі зауытты сатып алған «Эркер» ЖШС-нің мердігері «Станок и Трактор» ЖШС айналысады деген ақпаратты ғана алдық.

Өз дереккөздерімізден анықтағанымыздай, «Эркер» ЖШС-не тек бір ғана №3 жүзбелі зауыт тиесілі екен. Екіншісін - №6-зауыт-кемені басқа «СтройКом-2007» ЖШС сатып алған.

 

ҚҰПИЯ ЭКОЛОГТАР

Қоршаған ортаға келген зиян туралы сұрақ барысында департаменттің бас маманы Қуандық ЕСМҰРАТОВ жүзбелі зауыттарда жанармай жоқ болғандықтан, алаңдайтын да ештеңе жоқ деп мәлімдеді.

- Экологияға келген зиянның алдын алу сіздің тікелей міндетіңіз ғой.

- Біз дабылсыз тексеру бастай алмаймыз. Онсыз да екі сөгіс алдық. Бұдан басқа, менің басшылығым – қоршаған ортаны қорғау министрлігі маған тікелей баспасөзбен байланысуға тыйым салды. Тек Комитет (Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің экологиялық реттеу және бақылау комитетін айтып отыр – Л. С.)   мақұлдағаннан кейін ғана байланысқа шығуға болады.

2012 жылғы 5 сәуірде Комитет төрағасының міндетін атқарушы А. Әлімбаевтың қолы қойылған және барлық аймақтық басқармаларға таратылған осы құжат біздің қолымызға түсті. Жайық-Каспий департаменті бұрын да бізге ашыла қоймайтын, демек енді ол баспасөз үшін мүлдем жабық болғаны ғой.

Сонымен, кемені экологияға еш кедергі келтірмейтіндей етіп қалай бөлшектеуге болады? Қазақстандық және ресейлік интернеттен өздігімнен жауап таба алмадым. Есесіне Түркияда кемені бетон алаңдарда бөлшектейтінін білдім. Ал Литвада барлық қауіпті деген бөлшектердің барлығын саңылаусыз пакетке орау заңмен белгіленген екен.

АРТЫҚ ҚЫЛАМЫЗ ДЕП...

Ал жүзбелі зауыттарға қатысты ахуал жақын арада қалалық әкімдікте санитарлық тазарту жөніндегі кеңесте талқыланған еді.  Әлі бөлшектелмеген кеменің меншік иесі – «СтройКом-2007» ЖШС-нің өкілі жұмысқа кірісуге судың көтерілуі кедергі келтіргенін айтты. Оның үстіне салмағы 500 тонна болатын жүзбелі кемені жағалауға шығарып алу үшін және бөлшектеу жұмыстарын аяқтау үшін олардың көп тонналық техникасы жоқ екен.

Қалалық әкімдік араласқаннан кейін Теңіз және Қашаған жобаларына арналған ауыр және габаритті емес жүктерді тасымалдаумен айналысатын «Саренс» компаниясымен келіссөздер басталды. Енді жүзбелі зауыттың меншік иесін бельгиялық компанияның өз қызметін қаншаға бағалайтындығы және оны кім төлейтіндігі мазалап отыр.

Егер қолдарынан келмейтін болса, не үшін кірісті деген сұрақ туындайды. Ал бұл жағдай трагикомедия боп шықты. «СтройКом-2007» бастапқыда кемені бөлшектеуді емес, оны шаруашылық қызмет үшін жөндемек болғанын растап отыр. Бірақ басқа жүзбелі зауытты бөлшектеген «Станок и Трактор» қызметкерлерінің «қызып» кеткендері сондай, бөгде нысанды да едәуір кесіп тастаған. Енді жұмыстарды бітіруге тура келеді. Бұған қатысты «СтройКом-2007» сотқа жүгінген:

- Біз жұмысқа әлі кіріспегендіктен, өзенде жатқан бүкіл қоқыс біздікі емес, - деп мәлімдеді «СтройКом-2007» өкілі кеңесте.

«Станок и Трактор» (олар Орал қаласынан) ұстанымын біле алмадық. Қалалық әкімдікке де, Жұмыскер поселкелік округіне де олар байланыс деректерін қалдырмапты. Ал мемлекеттік сатып алулар жөніндегі сайттан табылған ұялы телефон ажыратулы болды.

Жұмыскер округінің әкімі Махамбет ҒИЛЫМОВТЫҢайтуынша, компания жұмысын сәуірдің аяғында тоқтатқан.

- Бәлкім, олар судың беті қайтқан кезде келетін шығар, - деп жорамал жасады әкім. Айтпақшы, осы көріністің бәрі оның дәл терезесінің түбінде болып жатыр.

 

КЕМЕЛЕРДЕН СОЛЯРКА АҒЫП ТҰР

Судағы жүзбелі зауыттардың қасында тағы бірнеше иесіз кемелер тұр. Сондықтан осы жерді кемелер қорымы деп атауға болады. Дегенмен, жұмыскерліктерді әсіресе екі әзірбайжандық кәсіпшілік-көлік кемелерінің отын багының ішіндегі майлар алаңдатады екен.

Олардың өзгеше өз хикаялары бар. Бірнеше жыл бұрын 16 әзірбайжан балықшыларынан тұратын екі командасы бар екі кеме теңізде құрықталған. Балықшыларға ҚР Қылмыстық Кодексінің бірнеше баптары, соның ішінде, «Экономикалық контрабанда», «Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту», «Мемлекеттік жалауды заңсыз көтеру» деген баптары бойынша салмақты айыптар тағылып, кемелерге тыйым салынды. Дегенмен, сот процесі барысында айыптардың көп бөлігі алынып тасталып, әзірбайжандық азаматтар тек браконьерлік бойынша кінәлі деп танылып, айыппұл жазасын алған еді.

Осы уақыт ішінде, Жұмыскерде айтылып жүргендей, басқа жаққа кетпеу туралы қолхат жазған әзірбайжандықтар өздерінің кемелерінде мекендеген. Ал күзде сот процесі аяқталғанда кемелердің бірімен отандарына жүзіп кетуді ұйғарыпты.

- Олар бүкіл жанармайды осы кемеге құйып, жүзіп кетуге тырысты. Бірақ судың беті қайтып кеткендіктен, кемелері қайырлап қалды. Осыдан кейін олар бәрін тастап, кетуге мәжбүр болды. Бастапқыда кемені жергілікті тұрғындардың  бірі  ақысына күзететін. Алайда ақысы аз төленген соң, кеме қараусыз қалды. Олар түрлі-түсті металдар үшін тез арада талан-таражға түсті. Биыл су қатты көтерілгенде, кемеден солярка ағып тұрғанын көрдік. Бұл ірі габаритті кеме, ол жерде жанармай көп болуы тиіс. Егер өзенге бәрі ағып кететін болса, экологиялық апат орын алады, - деп уайымдайды жергілікті тұрғындар.

Шынымен де, кеме жанындағы су бетінен майлы үлдірді көрдік, жағалаудың әжептәуір бөлігіне мазут майы төгіліпті. Жұмыскерліктердің айтуынша, әсіресе мұнай қабаты кешкі уақытта жақсы көрінеді екен. Егер жүзбелі зауыттардың қожайындары бар болса, бұл кемелер үшін кім жауап береді?

 

ПРОКУРОР АЙНАЛЫСЫП ЖАТЫР

Біз бастапқыда №2 қалалық соттың үкіміне сәйкес, екі кәсіпшілік-көлік кемелері де қожайындарына – Г.З. Тагиев атындағы әзірбайжан балық ыстау зауытына қайтарылуы тиіс болғандығын анықтадық.

- Маған оны өздеріне қайтару үшін кәсіпшілік-көлік кемелерінің меншік иелері хабарласты. Біз сөйлестік, бірақ содан кейін олар қайтадан менімен байланысқа шыққан жоқ, - дейді сотта әзірбайжан балықшыларын қорғаған адвокат Нұрлан ЖОЛБОЛОВ.

Шамасы, прокуратура үйлеріне жеткен әзірбайжан браконьерлеріне қарсы жаңа қылмыстық іс қозғалғандықтан және екі кемеге қайтадан тыйым салынғандықтан олар хабарласпаған шығар.

Облыстық ІІД балық қорларына қылмыстық қол сұғушылықпен күрес бөлімінің бастығы Қайрат ШОНАЕВ алғашқы тергеу барысында жалған құжаттар ұсынған кеме қожайындарына қатысты қылмыстық істің олардың шетелде болуына байланысты тоқтатылғанын хабарлады.

- Олардың қайтып оралмайтыны түсінікті. Кемелердің жағдайы не болмақ?

- Заңда белгіленген мерзім өткеннен кейін оларды иесіз деп тану үшін және сот бойынша мемлекет кірісіне өндіріп алу үшін жергілікті атқарушы органдарға жүгінеміз.

Атырау облысының табиғат қорғау прокуроры Аршат ТАЙТУЛЛИН ол жерге өз қызметкерлерін жіберуге, ал тексеру нәтижелері туралы бір аптадан соң хабарлауға уәде берді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА,

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

16 мамыр 2012, 22:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.