Соңғы кездері Каспий итбалықтарының қырылуы туралы хабар құлақ түретін оқиғадан гөрі, үйреншікті жайтқа айналды.
Наурыз айында Маңғыстау облысының Баутино шығанағының маңында теңіз жағалауынан 35 өлі итбалық табылды. Зертханалық анализдердің қорытындысы әлі күнге дейін белгісіз. Қалай дегенмен де, итбалықтардың қырылуының нақты себебін анықтауымыз неғайбыл. Каспийдің ескекаяқты мекендеушілерінің көбею мониторингісін жүргізетін жалғыз ғана компания - Аджип ККО (бұл жағдайда итальяндықтар ҚР қоршаған ортаны қорғау министрлігінің ұсыныстарын орындайды). Есептемелердің қортындылары, әдетте, жұртшылыққа жария етілмейді:
- Біз жыл сайынғы Аджип зерттеуіне қатысамыз, - дейді Қазақ балық шаруашылығы ҒЗИ Атырау филиалы директорының орынбасары Юлия КИМ. – Бірақ неліктен екені белгісіз, олардың бәрі жабық. Жария етпегендіктен, маған олардың саясаты түсініксіз.
ӘР ЖЫЛДА ӘРТҮРЛІ
Тәуелсіз шетелдік және қазақстандық сарапшыларды тарту арқылы Каспий итбалықтарының популяциясын зерттеуді Аджип ККО 2006 жылдан бастап жүргізіп келеді. Наурыз айының басында біз компанияға ресми сауал жолдадық. Онда қысқы мониторинг нәтижелерін жариялауды өтінген едік. Жақында (яғни, 2 айдан кейін) жауабы келді. Кейбір мәліметтерді қысқаша ұсынамыз.
Консорциумның мәліметтері бойынша, Каспий итбалығы популяциясының көбею деңгейі әжептәуір өзгеріске ұшыраған. Олар былай деп жазыпты:
«Бұған дүниеге келген итбалық күшіктерінің саны туралы бағалау мәліметтері дәлел:
2004-05 жылдары – 23 000;
2005-06 жылдары – 19 000;
2006-07 жылдары – 8 000;
2007-08 жылдары – 7 000;
2008-09 жылдары – 19 000;
2009-10 жылдары – 7 000;
2010-11 жылдары – 21 000 (алдын ала бағалау бойынша).
Бұл мәліметтер популяцияның азаюына немесе көбеюіне айқын тенденция жоқтығы туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Оның денсаулығына әсер ететін бірқатар факторлар бар. Әрі қарай да кешенді зерттеуді жалғастыру қажет.
Көбею деңгейіндегі елеулі ауытқулар - жалпы итбалықтарға тән. Ең алдымен мұны қорекке қатысты жағдаймен түсіндіруге болады; егер бір жылдары қоректің (бастысы, майшабақтың) тапшылығы байқалса, итбалық аналықтарының дүниеге күшік әкелу қабілеті төмендейді. Ал келер жылы итбалық күшіктерінің саны азаяды».
ТОРДАҒЫ АЖАЛ
Соңғы кездері Каспий итбалықтары мұзжарғыш кемелердің құрбанына айналған. Бір рейс кезінде бұранданың астына 20 бас итбалық түсуі мүмкін деген жорамалдар жиі айтылып жүр. Аджип өз жауабында кемелер қозғалысының әсері бар екенін жоққа шығармайды, бірақ статистика келтірмейді. Консорциумның мәліметтері бойынша, мұзжарғыш кемелердің итбалықтарға әсері шамалы ғана.
«Каспий итбалықтарының популяциясы бірнеше онжылдықтар ішінде азайған. Оған түрлі қауіп-қатерлер себеп болды, соның ішінде табиғи және техногендік қауіптер де бар. Бұған аурулар, ұдайы өндіріске қатысты проблемалар, азық-түлік тізбегінің өзгеруі, мұз қату процесінің өзгеруі, сондай-ақ,балық кәсіпшілігі, аңшылық, ау құру нәтижесінде орын алатын бақытсыз жағдайлар мен кемелер қозғалысының әсері жатады.
Каспий итбалықтарын халықаралық зерттеу бағалары бойынша жыл сайын 1 000-нан 10 000-ға дейін итбалықтар браконьерлік салдарынан (балық аулау торларына түседі), 10-нан 1 000-ға дейін – ресми аңшылық маусым кезінде қырылып қалады. Салыстыру үшін, Каспий итбалығын халықаралық зерттеу туралы есепке - 2010 жыл ішіндегі мұзжарғыш кемелердің әсерін зерттеуге сәйкес, кемелердің итбалықтармен тікелей соқтығысуы өте сирек орын алады екен. Осыған қарамастан, консорциумда осындай әсер етуді азайтуға бағытталған шаралардың кешенді жоспары қабылданды. 2011 жылы біз итбалықтарды қорғау мен сақтау мақсатында тәуекелділікті азайту шараларын алдық, соның ішінде, мұзжарғыш кемелердің қозғалысын лайықты жоспарлау үшін итбалықтардың шоғырлануы туралы ақпаратқа жауапты маманды алдық; алдыңғы жақты максималды шолу мақсатында қолайлы модельдер бойынша мұз кемелерінің құрамын жасақтаймыз.
САРАПТАМА НӘТИЖЕ БЕРМЕЙДІ
Юлия Кимнің айтуынша, соңғы кездері итбалықтарға қатысты түсініксіз жағдай орын алған:
- Биылғы қыс олар үшін қолайлы және өсімталдығы жаман болмаған секілді. Бірақ бар проблема мынада, шетелдік компаниялармен жұмыс істеген кезде олар итбалықтарды союға рұқсат етпейді. Ал жай ғана есеп жүргізу жеткіліксіз, жануардың жағдайын қарау керек. Соңғы жылдары популяцияның сырқатқа шалдыққаны сөзсіз. Бұл сырқат бірнеше жылға созылып келеді. Сондықтан ғылыми мақсатта сойғанда оны анықтау өте қиын. Бізде осы мақсатқа лимит бар. Бірақ біз өлі итбалықтарды ғана соямыз, яғни, факт бойынша. Меніңше, шетелдіктер жүргізетін зерттеулер жеткілікті мөлшерде терең жүргізілмейді. Итбалықтар санының ауытқу себебін іздеу керек. Оларға кәсіпшілік жоқ секілді немесе ол аз, ал бірақ популяция өте нашар көбеюде.
- Бәлкім, Аджип зерттеуімен айналысып жатқан ғалымдар бір нәрсені бүгіп отырған шығар?
- Егер қандай да болмасын келеңсіз мәліметтер бар болса, оны жасыруға болады деп ойламаймын. Бірақ меніңше әңгіме компанияларда емес, олар тіпті мұнай өндірумен айналысуды әлі бастаған жоқ. Бұл итбалықтардың көне кеселі. Бізде Аджиптен басқа ауқымды ластанулар әрдайым болды, мұның бәрі жылдар бойына жабық су қоймасына шоғырланды. Алайда, өкінішке орай, итбалықтарды терең зерттеумен Қазақстанда ешкім айналыспайды, бізде тиісті мамандар жоқ.
МҰЗЖАРҒЫШТАР, СУБҮРКІТТЕР ЖӘНЕ ТОКСИКОЗ
- Маңғыстау балық қорғау инспекциясы осы қыста қырылған итбалықтардың ағзасында ауыр металдардың рұқсат етілген мөлшерінің көп болуы олардың қырылуына себеп болған деп есептемейді. Бұл қаншалықты негізді?
- Бәлкім, бұл басты себеп болмауы мүмкін, бірақ ауыр металдардың шоғырлануы нәтижесінде ағза әлсіреп, ең әлсіздері қырылады. Ал соңғы жылдары итбалықтардың популяциясы өте баяу, тіпті оны дәлелдеудің қажеті жоқ.
- Мұзжарғыштар итбалықтар үшін қауіпті ме?
- Әрине, мұзжарғыштар да олардың қырылуы үшін себеп болуы мүмкін. Кезінде экологиялық ұйымдар итбалықтар аз шоғырланатын жерлерге тұрақты маршрут жасауды ұсынған болатын. Мәселен, 2004 жылы біз мұзжарғышта болып, тәулік бойына кезекшілік еттік. Сол кезде өз жолымыздағы бес күшіктің мазасын алған едік. Ал қатаймаған ақуыздар (итбалықтардың күшіктері) суға түседі, олар қатып қалуы мүмкін. Бірақ оларға субүркіттер шабуыл жасайды. Сол жылы біз өз жолымыздан субүркіттердің шеңгеліне түсіп, қанға боялған 18 өлі итбалықты көрдік.
Ал сарапшылардың пікірінше, итбалықтардың қырылуына анағұрлым ықтимал себеп токсиндермен уланудан туындаған созылмалы токсикоз боп табылады. Уытты заттар жылдар бойына жануарлардың ағзасына шоғырланып, иммундық жүйені бұзады. Бұлар - өнеркәсіп қалдықтары, дұрыс тұмшаланбай, әлі күнге дейін тамшылап тұрған су басқан ондаған ескі ұңғылар. Осы тұрғыда Каспийдің жойылып бара жатқан тіршілік иелеріне алдағы Қашағанды игеру жұмыстарының қалай әсер ететінін елестетудің өзі қорқынышты.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА