Атырау, 26 қараша 14:31
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Спорт жаңалықтары

Сурет
3 157 просмотра

ВОЛЕЙБОЛ

«Нұрсая» ДСК-де волейболдан Махамбет ауданының құрметті азаматы М.Оңдағанидың сыйлығына облыстық турнир өтті.

Оған 9 команда қатысты. 1-орынды «Бейбарыс», 2-орынды «АМӨЗ», 3-орынды «Жылыой» командалары алды. Өз ойын амплуалары бойынша Азамат Талжанов, Ернар Матеуов және Мерей Өтебаев үздік ойыншылар деп танылды.

 

ТУРНИР

Дубайда Параазиялық жастар ойыны өтті. Бұл жерде ҚР Еңбек сіңірген бапкері Гүлнар Иманалиеваның (үстел теннисі) шәкірттері сәтті ойын көрсетті. ҚР құрамасындағы 8 теннисшінің 5-уі Атыраудан. Раушан Орынбаева мен Жұлдыз Ерубаева командалық есепте 2-орын алды. Бұдан басқа, Раушан жеке есепте қола алқа алды.

 

ФУТБОЛ

Томислав Барбарич

Атырау ФК Хорватия мен Беларуссия легионерлерімен келісімшарт жасады.

29 жастағы қорғаушы Томислав Барбарич ұлттық құрамаға тартылып, 6 гол соққан. «Атырауға» хорватиялық «Рудеш» клубынан ауысқан.

Игорь Зенькович.
30 жастағы беларус шабуылшысы Игорь Зенькович соңғы бес жылда Қазақстанда өнер көрсетіп жүр, оралдық «Ақжайық» үшін 39 гол соғып, 19 голға доп шығарған. «Атырауға» «Ақтөбе» командасынан ауысып келді (30 гол + 9 нәтижелі пас).

 

БЕССАЙЫС

Алматыда 2006-2007 жылғы жасөспірімдер арасында заманауи бессайыс бойынша ашық қысқы ел чемпионаты өтті.

Күміс алқаны Атырау командасының капитаны Алпамыс Ибраев иеленді.

 

САМБО

Таразда 2000-02 жылғы жасөспірімдер арасында самбодан ел чемпионаты өтті.

62 келіге дейінгі салмақта атыраулық спортшы Әбілхайыр Хайруллин чемпион атанды. Енді ол ұлттық құрамамен Тбилисида өтетін әлем чемпионатына барады. Мәдениет Құлманов 48 келіге дейінгі салмақта қола жүлдегер атанды.

 

КҮРЕС

Грек-рим стилінің атыраулық палуандары Қаһарман Қисметов пен Евгений Поливадов Петропавлда 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен ел чемпионатында ерекшеленді.

Қаһарман 72 келіге дейінгі салмақта - алтын, Евгений  82 келіге дейінгі салмақта күміс алқа алды. Облыстың аға бапкері Александр Поливадовтың айтуынша, екі спортшы да 2018 жылдың қарашасында Бухаресте өтетін әлем чемпионатына қатысуға негізгі үміткерлер екен.

 

БЕЛДЕСІП КҮРЕСУ

Атыраулық спортшылар ҚР еңбек сіңірген бапкер Г.Валиевтің сыйлығына арналған халықаралық жасөспірімдер турнирінде жақсы нәтижелер көрсетті.

Облыстық құраманың қоржынына Ерсін Тұяқбай мен Бекзат Жақсығали күміс алқа, Сұлтансиық Аманжол қола алқа салды. Команданы облыстық құраманың аға бапкері Асылбек Қалиев дайындады.

 

ЖЕКПЕ-ЖЕК

ММА облыстық федерациясының спортшысы Самат Жағпаров грэпплинг бойынша Таиландта өткен NO-GI (кимоносыз) беделді турнирінде шеберлігімен көзге түсті.

Саматқа екі жылдан астам уақыттан бері жекпе-жекпен айналысып келе жатқан Intermediate санатындағы спортшылар сайысына қатысу бұйырды. Финалға жетер жолда ол Польша, Ұлыбритания және Ресей өкілдерін жеңіп, алтын алқа үшін жекпе-жекте канадалық спортшыға есе жіберіп алды. Сөйтіп, күміс алқа иеленді. Қазіргі кезде Самат Таиландтағы PHUKET TOP TEAM командасында жаттығуда.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

8 ақпан 2018, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.