
Солтүстік Корея Біріккен Ұлттар Ұйымы салған санкцияларға қарамай экспорттан 200 миллион доллар пайда тапқан. Бұл туралы халықаралық ұйымның сарапшылары хабарлады.
Баяндамада ресми Пхеньянның экспорттауға тыйым салынған тауарларды астыртын сатып келгені айтылған. Соның ішінде олар бірнеше елге көмір жөнелткен. Қатты отынды сату үшін «Қытайда өндірілді» деген жалған құжат жасаған. Оған қоса түрлі құйтырқы бағдарларды пайдаланған.
Сарапшылар тобының дерегінше, Пхеньян жалғыз көмір ғана емес, Біріккен Ұлттар Ұйымы экспорттауға тыйым салған барлық тауарды астыртын саудалап келген. Ол үшін офшорлық компаниялар мен халықаралық банк жүйесін пайдаланған.
Баяндама авторлары 2012 жыл мен 2017 жыл аралығында Солтүстік Кореяның Сирияда химиялық қару жасау ісіне белсенді қолдау көрсеткеніне сенімді. Дегенмен Ресми Дамаск оны жоққа шығарды.
Сирия билігі елде солтүстіккореялық мамандардың бар екенін мойындағанымен, олардың спортшыларды жаттықтыру мақсатында жүргенін мәлімдеді.
Дереккөз: 24.kz
В Атырау -5