Жапонияда сакура гүлдеп, бозторғайлар ән салып жатқанда, бізге түнерген Отамалы, қашанда күтпеген бес қонақ пен құралай өз сыйларымен жетеді... Қазақтар осынау ауа-райының науқанын «амал» деп бір ғана ауыз сөзге сыйғызып атайды.
Сәуірде қатты жел соға бастаса болды, кез-келген атыраулық шаңнан көзін қыса түсіп: “Бесқонақ па, келіп қалған?...”, - деп қояры сөзсіз. Алайда оның сырын тек қарттар ғана біледі. Әрине, “көп жасағаннан емес, көп көргеннен” сұрауға тырыстық. Біраз жайтты мағлұматты 80-нің сеңгіріне шыққан Күнәйна әжей айтып берді. Бұрынғы кітапханашы, өзінің есінде қалған мәліметтерге иек артпай, 13 жыл бұрынғы газет қиындысына үңілді. Онда біздің ауа-райымыздың ерекшеліктері жазылған екен, оны не үшін сақтап қойғандығын әжейдің өзі де білмейді. Мақаланың авторы соғыс және еңбек ардагері, марқұм Сатқан ЕСЕНҒАЛИЕВ екен.
ХАЛЫҚ ГИДРОМЕТІ
Сатқан атаның жазбаларынан үзінді келтірейін: “Жетпістен асқан жасымның ішінде қызмет бабымен көптеген жерлерде болдым. Сол кезде көптеген ауыл адамдарымен кездесуге тура келді. Солардың бірінен біздің жерде көптен бері жылма-жыл қайталанып келіп отыратын ауа райы құбылыстары туралы мен өзімнің қойын кітапшама жазып алған болатынмын. Мұны жергілікті қазақтар жыл амалдары деп атап, әрқайсысына ат берген. Олардың шамамен болатын кезеңдерін көрсеткен. Бұдан басқа ескі күнтізбе бойынша әр айдың аралығында (жаңа күнтізбе бойныша әр айдың 13-14 жаңасы) өліара деп аталатын ауа райының өзгерістері болады деп күтіледі. Сондықтан да осы кезеңде сақтанып, ауа райының кез-келген қолайсыздығына дайын болу керек.
Бұл жөнінде мен бірнеше ақсақалдармен, елдегі шаруа адамдарымен кеңесіп, өзімнің жазып алғандарымның дұрыстығын тексеріп көрдім. Олардың барлығы да мұны мақұлдап, оң пікір білдірді. Қазір ауа райы туралы күнделікті баспасөзде, радио, теледидарда хабарланып отырғанына қарамастан, халықтың ежелден келе жатқан ауа райы жөніндегі тұрақты болжамын келер ұрпақ қадесіне ұсынсам деген ойым бар. Оларды жыл басынан бастап атап айтсақ, төмендегідей болады:
1. Қазбек наурызы– 23 ақпанда болады. Бұл кезде інде жатқан тышқан жер бетіне шығып, қыс ызғары қатты болса қайта ініне барып жатады,- дейді. Бұл көлденең шөпке жан кіретін кезең делінеді.
2. Наурыздың ақша қары– шамамен 10-15 наурызда жауады. Бұл ескі күнтізбе бойынша жылдың басы. Ертеде оны “Наурыз-айт” деп, мереке ретінде атап өткен. Қазір де еліміз оны бұрынғыша жаңа жыл ретінде қабылдайды.
3.Отамалы – 22-27 наурыз шамасында өтеді. Бұл кезде ауа райы құбылмалы болады. Сондықтан оны отамалы- ойылған қыс деп те атайды. Кейде оны орыстың қалталы қара Иваны дейді.
4.Бесқонақ – 10-20 сәуір аралығында. Бұл ескі күнтізбе бойынша ескі айдың соңғы бес күні, жаңа айдың алғашқы бес күні қосылып 10 күн құрайды. Сондықтан бес ескі, бес жаңа деп те атайды. Ертеде “осы күндердің ішінде ерте көктемнің кезі деп қаннен-қаперсіз қыдырып шыққан бес қонақ суыққа ұрынып, үсіп өліпті” деген ел ауызында аңыз бар. Бесқонақтың дауылынан кейін Қаратамақ, Сарышымшық торғай келеді.
5. Құралай – 28 мамырдың шамасында келеді. Бұл киіктің лағын өргізетін кезі. “Киіктің құралайындай” деген сүйкімділік ұғымы осыдан келіп шыққан”.
ДАЛА КӨРЕГЕНДІГІ
Алайда, басқа ақпарат көздерінде, айталық, Алматыда оншақты жылдар бұрын шығарылған “Халық астрономиясы” кітабында көктемгі амалдардың мерзімдері мен Сатқан Есенғалиевтің мақаласындағы көрсетілген мерзімдер арасында айырмашылық бар. Дегенмен, ауа райын қандай да бір шеңбер төңірегіне топтастыру аса қолайлы іс емес, сондықтан да осы амал құбылыстарына байланысты аңыздар мен болжамдар барынша қызықтырады. 74 жастағы Нина әжейдің айтуынша, Отамалы ерте түскен жылылыққа алданып, өз отарын алыс жайлауға айдап кетіп, суыққа ұрынған қойшының есімі екен. Күтпеген жерден ауа райының өзгеруінен болған суықтан оның буаз қойлары іш тастаған.
- Отамалы наурыздың аяғына келеді, ол күндері ауа райы өте құбылмалы болады, тіпті, боран соғып, соңы қарға ұласатын қатты жаңбыр болуы мүмкін. Ол қарлар мақтаға ұқсайды делінеді, тіпті, қазақтарда оның арнаулы атауы да бар – құс қанаты. Бұл амалдың басталуы, екі күнге созылады. Ал,Құралай – 14-ші және 16-шы мамыр аралығында тұрып алатын қатты жел. Бұл кезде төлдеуге дайын ешкілер желге қарсы әлсірегенше жүгіреді, тек сол кезде ғана олар төлдей алады. Өмірге ұрпақ әкелетін қай тіршілік иесі болмасын толғақ кезінде қиналады. Қазір босанатын әйелдер қатты айғайлап, жылайды, ал бұрын қазақтың әйелдері бірнеше қабатталып бүктелген орамалдың ұшын тістеп, жүресінен отырып босанған, ал, айқайлау ұят саналатын. Киіктердің ешкілері ғасырлар бойы желге қарсы жүгіруді жалғастырып келеді, тек сонда ғана олар төлдеуге қабілетті.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА