Атырау, 24 қараша 10:22
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Оба ошағы оянып кетпесін

9 192 просмотра

Атырау обаға қарсы стансасының қызметкерлерінде қазір жұмыстың нағыз қызған шағы. Мобильді топтар оба бүргелері мен зиянды кеміргіштерді  залалсыздандырудың жыл сайынғы маусымдық жұмысын бастады. 2004 жылдан бастап облыс аумағында обаның қоздырғыштары табылған жоқ. Алайда, мамандар оған бола босаңсуға болмайды, деп есептейді.

Осынау індеттің алғашқы ошағы біздің аймақта Қосшағылда 1904 жылы пайда болып, сол кезде 415 адам қайтыс болды. 1904 жылдан 1997 жылға дейін Атырау облысының аумағында барлығы 400-дей оба ошағы болған. Егер бастапқыда олар жаппай індетті тарату ошағына айналса, соңғы он жылдықта таралу аясы біраз азайып, бірлі-жарым ғана жағдайлар тіркелуде, ал, ол індет ошақтарын өз уақытында локализациялаудың арқасында жүзеге асырылып отыр.

Атырау обаға қарсы стансасы 1939 жылы ашылған. Бүгінгі таңда оның қарауында обаға қарсы үш бөлімше – Ганюшкино, Махамбет  және Құлсарыда  бар. Бұдан басқа, жыл сайын 5  маусымдық эпидемияға қарсы отряд жұмыс жасайды, олар – Жаңа Ұштаған, Исатай, Индер және Қарабау, Ескене.

 

ДАЛА ЖАСАҚТАРЫ

Біздің аймақта обаны таратушы дала кеміргіштері – үлкен және кішкентай саршұнақтар болып табылады, ал, тасымалдаушылар – бүргелер, олар тек өздерінің «қожайындарына» ғана жұқтырып қоймайды, үй жануарлары мен адамдарға да жұқтырады.

- Обаға қарсы станса қызметкерлері жыл сайын маусымдық мониторинг өткізіп отырады. Тек кемірушілер мен бүргелердегі оба микробының бар-жоғын ғана тексеріп қоймаймыз, сонымен бірге оба табиғи ошағына жақын маңда орналасқан елді мекен қосындарын да тексереміз. Мәселен, айталық, қызыл құйрық саршұнақ адам тұратын жерге үйір болады, демек, одан келер қауіп бар. Біз кез-келген қауіпті жоюға тиістіміз,- дейді Атырау обаға қарсы стансаның директоры Григорий СКЛЯРЕНКО.

Эпидемияға қарсы отрядтардың жауынгерлері даладағы кемірушілер санын, олардың  мекендеген жерлерін, қырдан материал, яғни, кемірушілерді ұстап, бүргелерді  обаға қарсы стансаның зертханасына әкеліп, бақылауға алады.

 

ЗЕРТХАНАҒА ОРАМАЛ ТАҒЫП, БЕТПЕРДЕ КИІП КІРЕСІҢ

 Індетті таратушылар және  тасымалдаушылармен күрес  зертханасында бүргелерді зерттейді.  

- Бүргелердің кіп-кішкентай денесін микроскоп арқылы қарап, олардың физиологиялық жасын анықтауға болады. Алынған мәліметтер олардың санын болжауға көмектеседі, - дейді біздің обаға қарсы станса бойынша жол бастаушымыз болған облыстық обамен күрес стансасының аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу және эпизоотологиялық зертхана меңгерушісі Фёдор САРАЕВ (суретте).

Айтпақшы, бұл жерде осыдан 60 жыл бұрын басталған бүргелердің бірегей жиынтығы жасақталған. Олардың түрлерінің нақты санын атауға паразитологтардың өзі қиналып қалады. Өйткені, олар өте көп!

Бактериологиялық зертхана «таза» және «жұқпалы» блоктарға бөлінеді.

- Зерттеулер жұқпалы блоктарда жүргізіледі, өйткені, онда әкелінген кез-келген кеміруші немесе бүргелер барынша қауіпті, - деп әңгімелейді зертхана меңгерушісі Моника ТАСИМОВА.– Зертханаға кіру мүмкіндігіне тек нұсқамадан өткен мамандар ие болады. Олар обаға қарсы костюмдерді киеді, ол арнаулы  пижама, шыт матадан тігілген халат пен кішкене орамалдан, аяқ киім, бетперде, көзілдірік және қолғаптан  тұрады.

Қырдан кенеп қаптармен жеткізілген кемірушілердің қаны оба микробына оның антителі мен антигенін анықтау үшін серологиялық зерттеуге жібері-леді. Зерттеуге жануарлардың ішкі органдарының да сынамасы алынады. Барлық қажетті деген анализдерді жүргізу үшін зертханада тірі жануарлар мұражайы бар. Ол жерде тоңазытқыштарда түтікте қауіпті бактериялар мен микробтардың сұрыпталған мұражайлық қалыптары сақталады. Бактериологиялық зерттеулерден басқа, биологиялық зерттеулер де жүргізіледі. Зерттелген кемірушілер органдарынан алынған эмульсияны тәлімбақта арнайы өсірілетін тышқандарға, теңіз шошқаларына жұқтырады, кейін тәжірибе жасалған жануарлардың органдары мен қаны мұқият тексеруге алынады. Тышқандар мен теңіз шошқаларын бір жағынан аяғанмен, бірақ, міндетті түрде солай жасалуы керек.

- Зерттеліп жатқан материалдан оба микробы табылған жағдайда біз шұғыл түрде кемірушілер тіршілік ететін аумақты арнаулы  бүргелерді  жоятын құралдармен улаймыз. Жұқпалы індет  туралы дәрігелер мен тұрғын халықты хабардар етеміз, - деп әңгімелейді Ф.Сараев. – Атырау облысында оба жұқтырған адам соңғы рет 1997 жылы тіркелді. Шұғыл шаралардың алынуы арқасында сырқатты аман алып қалуға мүмкіндік болды және індет ошағының одан әрі таралуына  жол берілмеді.

 

ӘЗІРГЕ «ҚАЛҒЫП» ОТЫР

Станса қызметкерлері соңғы жылдары обаны қоздырушыларды анықтау жағдайларының жоқ  болғанына алаңдаулы...

- Біздің шараларды қолға алуымыз үшін оның анықталғаны дұрыс болар еді,- дейді Г.Скляренко. - Жасырынған дұшпан тіптен қауіпті, өйткені, оның қайдан және қашан бас саларын білмейсің.  Эпизоотикалық тыныштықтың себебін анықтауға тырысқан жергілікті мамандарметеорологиялық мәліметтергежүгінді. Гидрометериологиялық қызметтің көп жылғы мәліметтері бойынша, соңғы он жылдықта орташа айлық оңды (нөлден жоғары) температура кезеңі артты, яғни, ол енді наурыздан қарашаға дейін ұзарды. Температуралық режимнен басқа аймақта жауын-шашынның режимі де өзгерді. Бұрын көктем мен күзде аз болып, қыс пен жазда көп болса, енді керісінше болып отыр. Ал бұл факторлар обаны таратушылар мен тасымалдаушылар санын айтарлықтай азайтты.

Дегенмен, менің сұхбаттасушыларым болашақта ұзақ уақыт тыныштықтан кейін ошақтардың белсенді болатындығын жоққа шығарып отырған жоқ. Мәселен, айталық, Маңғыстау облысында оба 18 жыл бойы «қалғыды», ал, соңғы жылдары үлкен саршұнақтар арасында түрлі жедел эпизоотия түрінде таралғандығы анықтала бастады.

 

ЖҰҚПАЛЫ ІНДЕТТЕРМЕН КҮРЕС

Атырау обаға қарсы станса мамандары тек обаны анықтаумен және оның алдын-алумен ғана айналысып қоймайды, басқа да қауіпті бірқатар жұқпалы індеттермен күреседі. Көктемде тоғандарда судың 16 градусқа дейін жылуы барысында тырысқақ вибрионын зерттеу басталады. Сібір ойық жарасы, конго-қырым безгегі, бруцеллез, теңбіл безгек және туляремия індеттері бойынша жағдай бақылауға алынады. Біздің мамандар оба және тырысқақпен күресудің нағыз шеберлері болса, кейбір індеттердің қоздырушыларын зерттеу барысында оларға біраз жұмыстануға тура келеді.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

 

"АЖ" АНЫҚТАМАСЫ

 

 

 

Шығыс Рим империясында басталып, Таяу Шығысты түгел қамтыған «Юстинианов обасы» (551-580 жж.) дүниежүзіне танымал індет болып табылады. Ол 20 миллионнан астам адамның өмірін жалмады. Соңғы ірі оба індеті 1910-1911 жылдары Маньчжурияда болды. Онда 100 мың адамның өмірі қиылды. Жалпы тарих бойынша алып қарасақ, обадан 150 миллионнан астам адам өлген.

Обаның табиғи ошақтары Қазақстан аумағының 39% алып жатыр. Атырау облысында обаның жұғуы ықтимал деп есептелетін бес табиғи ошағы бар, олардың ішінде барынша үлкен алаңды алып жатқан үшеуі: Еділ-Жайық, Жайық-Ембі және Үстір-талды жазықтығы. Біздің өлкеде кеміру-шілер арасындағы оба эпизоотиясы ресми түрде 1913 жылдан бастап тіркеле бастады.

16 мамыр 2012, 20:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.