Қалалық әкімдікте облыс орталығында өтіп жатқан екі айлық санитарлық тазалық мәселесі талқыланды.
СОҒЫСТАН ҚАЛҒАН БА ДЕРСІЗ...
Атырау қаласының бас санитарлық дәрігері Темірбек МУСАҒАЛИЕВТІҢ айтуынша, бір жарым айдың ішінде қала айтарлықтай тазарып қалған. Дегенмен, проблемалар баршылық. 14 көппәтерлік үйлердің жертөлелері кептірілмеген, ал, 121 үйдің әлі күнге дейін пәтер иелері кооперативі жоқ.
- Көптеген ПИК жақсы жұмыстар атқарды, мамыр мерекелеріне дейін оларға ешқандай да ескертулер берілген жоқ. Алайда, демалыс және мереке күндері бәрі өз қалпына түскен: аулада және подъездерде күл-қоқыс жайрап жатыр. Ал, оны жинастыру күнделікті жұмыс емес пе?! – деді ПИК төрағаларына Мусағалиев. – Рейд қорытындысы бойынша біз 15 ПИК-ке айыппұл салдық. Бізге заңның сіздерді тек тоқсанына бір рет қана тексеруге рұқсат беретіндігіне қарамастан, фотоматериалдардың және тұрғындар тарапынан шағымдардың түсуіне байланысты сіздерді әкімшілік тәртіп бойынша жиі-жиі жазалауға құқығымыз бар.
Әдеттегідей ол өз сөзін дәлелді фотосуреттермен, оның ішінде Дружба көшесіндегі, Химпоселкедегі, Авангард-3 ықшам ауданындағы күл-қоқысқа толған контейнерлердің суретімен нақтылады.
- Арнаулы автобазаға келетін болсақ, қоқыс толу шамасына қарай 2-3 күнде бір рет емес, күн сайын алынып отыруы тиіс.
Бас санитарлық дәрігердің коммуналдық нысандарға: «Атырау-Жарыққа», Атырау жылу желілері, Атырау Су Арнасына қоятын ескертуі де болды
Әсіресе, құдықтардың ашық қалған люктері алаңдатады. Мусағалиев «Насиха» және №21 мектеп арасындағы «Рахат» КСС-на назар аударды:
- Көрер көзге соғыстан қалғандай күйде деуге болады.
- Құдықтарды біз тәулік бойына апта сайын 20-30 рет жауып отырамыз, - деп жауап берді «АСА» директоры Андрей ТАШЛЫКОВ. – Қалалықтардан беттері ашық қалған құдықтар көрген болса, мына 76-09-17 телефоны бойынша хабарласуларын сұраймыз. КСС-на келетін болсақ, онда тұрбаларды ауыстыру бойынша күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Атырау жылу желілері өз тұрбаларын уақытша қайта жөндеуі үшін үлкен қазаншұңқыр қазылатын болады.
БАЗАРЛАРДЫ БАРЛАҒАНДА
Мәжілістегілерді «Көктем» базарындағы өркениетті қоқыс алаңынан айтарлықтай айырмашылығы бар «Насиха» пассажы маңындағы қоқыс алаңынан түсірілген кадрлар шошытты. «Мерей» базары жеке бір тақырыпқа арқау болды.
- Қоқыстар, көптеген кәуапханалардан шыққан түтін, шағын вагондардағы жайма сауда-саттықтары бар - бұл базар ешқандай санитарлық нормаларға сәйкес келмейді. Ал, жақында тіпті, сіздерде кісі өлімі болды, -деді қала әкімі Асқар КЕРІМОВ «Мерей» әкімшілігінің өкіліне. – Базарды жабу туралы әңгіменің қозғалғанына екінші жыл, бірақ, қалай болғанда да ол кейінге қалдырылып отырады. Әлде оған әлдекім мүдделі ме? Сіздер базардан пайда тауып отырсыздар, неге өркениетті жағдай тудырмайсыздар? Базар кесте бойынша жұмыс істеуі керек және кешке ол жерде ешқандай қылмыстық әрекеттер орын алмауы үшін жабылуы тиіс. Ал, сіз (Мусағалиевке )- өкілетті органсыз, егер сіздің қолыңызда тексеру қорытындысы болса, неге базарды жауып тастамай отырсыз? Менде ондай құқық жоқ. Өзімнің орынбасарыма бұл мәселемен тереңірек танысып, қандай шара алу жолын қарастыруды тапсырамын. Егер қажет болса, сотқа да барамыз. Ал, әзірге ең болмағанда шағын вагондарыңызды алып тастаңыздаршы.
Сол тұста «Әнуар-Авангард» ПИК төрағасы Людмила ШАРОВАТОВА ПИК-не қарайтын қоқыс алаңдарын «Мерей» базарының саудагерлері құрылыс қалдықтарымен толтырып тастайтындықтарына шағымданды.
ТАҒЫ ДА ЖАҒАЖАЙ ТУРАЛЫ
Мәжіліс соңында Асқар Керімов дүкендерде полиэтиленді пакеттерді сатуға тыйым салуды ұсынды, өйткені, «бүкіл қала осы пакеттердің қоқысына айналды»: - Қалада қағаз пакеттерді өндіріп шығаруды қолға алып, оларды жүзеге асыру үшін кәсіпкерлермен келісім-шарт жасау керек..
Екінші ұсыныс он жылдан бері сағызша созылған жағажай мәселесіне қатысты қозғалды: – «Ресми» болып есептелетін екі жағажайдан басқа, Атырауда тағы да 5-6 қалалықтар демалатын заңсыз жағажайлар бар. Менің пікірімше, оларды кәсіпкерлерге бөліп беріп, ақылы етіп жасау қажет. Сол кезде оның қожайындары аумақты жабдықтауға және тазалығын сақтауға мүдделі болады. Таза да, қолайлы етіп жабдықталған жағажайларда азғантай ақы үшін демалуға ниет білдірушілер табылады деп ойлаймын.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА,
Сурет қала әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды