Атырау, 26 қараша 13:25
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Суретшіні ренжіту қиын

Сурет
5 262 просмотра


Атыраудағы бір шенеунік мүсіншіге жекежайын мәдениеттендіруге тапсырыс беріпті. Келесі күні мүсінші жұмысына кіріседі.

-Тоқтаңыз, жобасы, нобайы болмай ма? – деп тапсырыс беруші наразылық білдіреді.

- Не шығатынын менің өзім де білмеймін, - деп жауап беріпті ол сұйық қоспаны қабырғаға айғыздап жағып. - Қалай жасап боламын, сосын көрсетемін.

- Бірақ бұл менің үйім ғой. Егер маған ұнамаса ше?

- Ең бастысы маған ұнауы тиіс, - деп жауап қатқан екен мүсінші.



КӨҢІЛДІ ТОТЫҚҰС

Осы оспадар суретші Атыраудағы көңіл көтеру орындарының бірін африкалық және теңіз стилінде безендірді: крокодилдер, бегемоттар, мүйізтұмсықтар, құстар, балықтар, дельфиндер, тауыстар.... Бұл мүсіндердің аясында суретке түседі, балаларымен серуендейді, бір сөзбен айтқанда, сүйсініп тамашалайды – танымал жер және оны байқамау мүмкін емес. Бұл ертегінің авторы Якуб ТУРСУМЕТОВ. Ол он жылдан астам уақыттан бері Атырауда тұратын Өзбекстаннан келген мүсінші. Елу жасында қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізген шығармашылық тұлға өзіне сәл оғаштау, шадыр мінезді болуға мүмкіндік береді.

Бәрі тапшы болған «тоқырау» кезеңін өткерген көптеген өнер адамдары сияқты ол жоқ нәрседен сұлулық жасай алады: пластик бөтелкелер, құм, цемент, арматура... Мұндай қоқыстардан әдемі нәрсе жасауға болады деген кімнің ойына келеді?




ЕРКІНДІК БЕРУ

- Менің қалыптасу кезеңімде істерін жаңа бастаған бизнесмен-рестораторлар келіп: «Якуб, ақша жоқ, бірақ оны әдемі етіп жасайсың ба?» деп өтінетін. Егер жақсы адам өтініп тұрса, неге көмектеспеске? Оның үстіне толық еркіндік беріп тұр ғой. Сұр қабырғаларды арқанмен, ағаш бұтақтарымен және тауықтың қауырсындарымен қаптадым. Өзгеше болып шықты, халық интерьерді көруге ағылды, аспаз да тамағын дәмді етуге тырысты, сөйтіп бизнесі өрлеп кетті.

Ал мүсіншіге берілген еркіндік өте оғаш болып келеді. Әлдебір жобалау-сметалық құжаттама оның ішкі асау дүниесімен, желдей ұйытқыған көңілімен, толқындаған идеяларымен, дыз етер күмәндерімен, импровизациясымен қайдан сай келсін? Ешқандай.

Дегенмен, Якубтың соншалықты сенімді, батыл болмаған кездері де болған. Ол П. Беньков атындағы Ташкент республикалық көркемөнер институтының дипломымен қалалық аялдамаларды бояп жүрген кездерін зауықсыз еске түсіреді:

- Арба сүйреп жүргеніме қатты қорланатын едім... Бірақ қатты тамақ ішкім келетін. 


ҮЙЛЕСІМІ ЖОҚ ҚАЛА

- Біздің қаламыз туралы не ойлайсыз? Бұл жерде әдемі нәрселер жасауды ұсынды ма?

- Ұсынды. Жилгородкадағы ретро парк жобасын мақұлдау кезінде. Жобаны көрген кезде таң қалдым - бәрі стандартты, қатал, іш пыстырады. Көптеген елдер мен қалаларға бардым, сол жердегі парктерді көрдім. Атыраудағы ретро парк - әдеттегі әскери бөлім секілді: жолдар, орындықтар, бірнеше субұрқақтар мен мүсіндер. Атырау секілді қала үлкен нәрсеге лайық. Маған өз қиялыңды да қос деді. Бірақ бұл қиын болды: әдеттегі шеңберден шықпайтындай етіп, қалай өзімдікін қоса аламын? Мен бас тарттым.

Атырауда - үйлесімділік, жарасымдылық жоқ, көшелер мен үйлердің бір-бірімен ойнап, сабақтасып тұрғаны көрінбейді, шашыраңқы, ретсіз орналасқан. Жасыл-желек аз. Оны осында тұратын жақсы адамдар ғана құтқарып тұр. Бәлкім, менің осында қайта оралуымның себебі  осы шығар.




ҚҰМ ЖӘНЕ АРМАН

- Маған осы жердің құмы қатты ұнайды. Текстурасы керемет, әдемі сары реңді, оның қалай жарқырайтынын айтсаңшы – сондай өзгеше. Мен шамамен одан не жасауға болатынын елестетемін. Тек құм мен желім, - Якуб көзін жұмып, саусақтары ауада бір нәрсені кескіндей бастады. - Мен не туралы айтып отырмын? Иә! Маған адамдар көрген кезде қайран қалатындай ауқымды нәрсе қажет. Мұның құмыра болуы мүмкін емес, түсінесіз бе?!

- Құмыраның несі жаман?

- Күні бойына бір құмыраны ғана жасау үшін сазға малынып отыру іш пыстырады. Содан кейін бәрі келіп, оны көру үшін тұғырға орнатуың керек. Сіз шынымен қалжыңдап тұрсыз ба? – деп мырс етті Якуб, содан соң қайтадан қиялданып, сөзін жалғастырды. – Менің арманым – биік шатыры бар үлкен аумақ. Мен ол жерді мәңгі жаз жасар едім. Шынайыдан айырғысыз сиқырлы емендер, сарқырамалар, бұлақтар, көлдер орнатар едім. Сүрлеулер, жануарлар, балықтар, жабайы өсімдіктер. Шығыс, ацтек, солтүстік нақыштары. Нағыз ертегіге айналдырар едім. Э-эх... Сізге бір нәрсенің суретін салып берейін бе, қалайсыз ба?

Егер ол әлдене жасауды қаламаса, мыңдаған кішкентай Якубтерге бөлініп кететіндей сезім пайда болды. Ол менің қолымнан блокнотымды алып, бірнеше секундта дәл, бірқалыпты қимылмен африкалық қыздың бейнесін салып шықты. Содан кейін жылқының суретін. Содан кейін суреттерді толтырып тастады.

- Мен бәрін тез жасаймын. Титтей нәрсені жасап, бір жерде отыра алмаймын, - деп, суретке шиырып қолын қойды. - Маған орын керек. Және нені және қалай жасау керектігі туралы ешкім бұйрық бермеу керек. Сонда міндетті түрде үздік туынды пайда болады.

- Айтпақшы, әлгі шенеунік пен оның жекежайына қатысты хикая немен аяқталды?

- Ол маған сенім білдірді және оған еш өкінген жоқ.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Суреттер Якуб Турсуметовтің жеке мұрағатынан алынды.

30 қаңтар 2018, 11:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.