28 қаңтарда Индер ауданы Бөдене ауылының маңындағы тоғай алқабында «АЖ» тілшілері аңшылардың қасқырға жасаған торуылына куәгер болды. Аудандық орман және аңшылық шаруашылық инспекциясы бөлімі бастығының міндетін атқарушы Жасен ЖОЛДАСҚАЛИЕВ хабарлағандай, жергілікті орманшылар түз тағыларын үнемі атып тұрады екен, бірақ бұл жеткілікті бола бермейді.
Қазір бұл тоғайда 8 ересек қасқыр бар, олардың жартысы осы жердікі, қалғандары Яблоневый деп аталатын учаскедегі қураған ағаштарды кесу кезінде моторлы араның шуылынан қашып, Жайық арқылы мұзбен келген.
Тоғай алқабында, сонымен қатар, 4 елік пен Батыс Қазақстан облысынан жақында қоныс аударған ақбөкендердің шағын үйірі мекендейді. Олардың популяциясын сақтап қалу үшін қасқырлар мен қорқаулар санын азайтуға шешім қабылданды. Осы мақсатта Атыраудан 20 мергеннен құралған топ шақырылды.
- Аңшылар күн көтерілетін кезді күтті – бұл кезде жыртқыштар түнгі аң аулаудан оралып, «жатуға» жайғасады. Мергендер аңды қаумалап аулау ережелеріне сәйкес тоғайды үшбұрыштап қоршады,- деп түсінік берді облыстық аңшылар қоғамының төрағасы Асылтек ИСПУСИНОВ. – Қазір олар «окладқа» сап түзейді: ең тәжірибелі 4 аңшы иір ойықты мылтықпен үшбұрыштың ұзын жағы болып табылатын Жайық жағасына шығады.
Екінші жағында біз (қаруланған Испусинов пен «АЖ» тілшілері) және карабинмен қаруланған 8 аңшы – «үндеместер» тұрмыз. «Үндеместердің» міндеті – тоғайдан қашып шыққан аңның көзін құрту. Тағы 8 аңшы аң қағушылар, олар ұшбұрыштың табанында бой түзеп, оның ұшына қарай қозғала бастайды. Қаумалап аулау ережесіне сәйкес, резервте жүз аңшы болса да бақылауға мүмкін болмайтын кең аумақ – қызыл жалаулар ілініп, ағаштар арасына керілген арқанмен «бұғатталған». Высоцкийдің әнінде айтылғандай, қасқырға анасының сүтімен қызыл жалаудан қорқу түйсігі берілетінін бәрі де біледі.
Аңшылар бригадасының жетекшісі Мұхтар ҚОҢЫРБАЕВ соңғы рет нұсқау берді:
- Тек қасқырды атыңдар! Загоннан бірінші болып қашып шығатын қоян, түлкі, еліктерге алаңдамаңдар. Басқа жаққа атпаңдар, серіктеріңе тигізіп алуларың мүмкін. Егер қасқыр арқа тұстан қашса, артқы жаққа атуға болады.
«Окладқа» қатысушының бәрі рациямен жарақталған. Загонға үш ит қатысады:
- Еліктер мен ақбөкендерге шаппас үшін иттерді жетекке алыңдар!
Сағат 11-де аң қағушылар қозғала бастады. Олар жаңа түскен қасқыр іздерін көргендерін баяндады. «Үндеместердің» бірі өзіне қарай бірнеше қоянның жүгіріп шыққанын айтып, ұсақ бытырамен атып алуға мүмкіндік беріңіз деп жалбарынды. Бірақ Қоңырбаевтан оларға мән бермеу туралы бұйрық алды. Бір сағаттан кейін екпіндеп түйе жүгіріп шықты. Бірақ қасқыр көрінбеді.
- Қорықпа! – деп иығымнан қағып қойды Асылтек. – Біз жаққа қарай қасқыр шаппайды, біздің алдымызда өсімдіктер жоқ. Ол әр жапырақ, әр төмпешікке тығылу үшін тоғаймен қашады.
- Сіздің бригадада тіпті қасқырлармен айқаста зақым алған тазыларға көмек көрсету үшін ветеринар да қарастырылыпты...
- Иә, бар, көмек көрсетеді, жарақаттарын тігеді.
- Қасқырларды қаумалап аулауда жалауларды көптен бері қолданып жүрсіздер ме?
- Көп уақыттан бері. Бұрын «бобин» магнитофон таспасын пайдаланатынбыз. Ағаштар арасына керілген ол жағымсыз сылдырлайды және иісі бар, қасқыр ол арқылы өтіп кете алмайды.
… Бірінші аң қағу нәтиже бермеді. Аңшылар тоғайдың басқа бөлігін таңдады. Аң қағушылардың бірі жағаға қарай жүгірген қасқырды көргенін айтты.
- Жардың астына қараңдар, ол сонда жасырынып қалуы мүмкін! – деп, Асылтек рация арқылы кеңес берді. Бірақ қасқыр жер жұтқандай ғайып болды.
Тоғай арасынан жылқы, оның артынан аңшы ит жүгіріп шықты. Иттерді күні бұрын шешкен кім? Аңшылардың біреуі ауаға орынсыз бір-екі рет атып, жоғалған иттерді шақыруға тырысты. Бірақ әріге қашқан қасқырларды одан сайын үркітіп жіберді. Адасқан иттер иесіне қайта оралды, аңшылардың жолы болмады.
Орманшы өз үйінің қасындағы учаскеден қасқырларды «тазартуды» өтінді. Аң қағушылардың бірі тоғайдан Жайық жағасына қарай шықты. «Орнын тастап шыққан кім? - деді мұны байқаған Қоңырбаев. Бұған жауап бергендей, шаршап, көңіл күйлері болмаған мергендер тоғайдың әр жерінен шыға бастады...
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Сурет пен бейнежазбаны түсірген Марат ТАКУЛИН