Цифрлік банкноттар Бразилияға да жеткенімен, ел билігі мемлекеттік құрылымдарға криптовалютаға қаржы салудан бас тартуды ұсынды.
Сарапшылар: «Биткоинның астарында алаяқтық бар», – деп есептеп, немқұрайлық тантып отыр.
Сөйтіп экономистер жаңа ақшаның ерекшелігін зерттеумен бас қатырып жатқанда, Бразилия бұл банкноттардың айналымын уақытша тоқтата тұруға мәжбүр. Бразилия билігі елдегі қаржы активтерін виртуалды емес, жіті бақылауға ұстауды жөн көреді.
Бұл ретте криптовалюталар Бразилияның Қаржы реттеу органының құзырына кірмейтіні туралы инвестициялық қорларға ескерту жасалды. Сәйкесінше, оларға биткоинға ақша құюға тыйым салынды.
Аталмыш жобаның келешектегі тағдырын Бразилияның биржалары мен құнды қағаздары жөніндегі комиссиясы шешеді. Өйткені дәл осы ведомство цифрлік валютаны реттеу жүйесін жүйелі жүзеге асыруы тиіс.
Изаиас Жулио Соррентино, саяси сарапшы:
– Бразилиядағы криптовалюта тағдырын уақыт көрсетеді. Нақты бір байлам жасауға әзірге ерте. Заңға кейбір түзетулер енуі мүмкін. Барлығы егжей-тегжейлі тексеріліп, пысықталатын болады. Соның ішінде осы мәселе бойынша өзге елдердің тәжірибесі де зерттеледі.
Өткен айдан бастап криптовалюталарға тыйым салынатыны туралы алып қашпа сөздер шыға бастады. Желтоқсанның аяғында бразилиялық шенеунік Экспедито Нетто ұлттық реттеу органының тиісті рұқсатынсыз биткоинды айырбастау мен сатуға тыйым салу ұсынысын жариялаған болатын. Нетто бұны орындамағандарға айыппұл салу немесе жарты жылға қамауға алу туралы бастама көтерді.
Ал бүгін қаржы құюға тыйым салынғаннан бөлек, Бразилияның мемлекеттік құрылымдарына шет ел компаниялары арқылы криптовалютаға қаржы салу секілді жанама салымдардан аулақ болу тапсырылды.
Юлия Минюк, банк қызметкері:
– Орталық банк Президенті желтоқсан айында криптовалюталарды қаржы пирамидасы деп атаған болатын. Цифрлік ақша епті адамдардың қолына түссе, біздің қаржымызға қауіп төндіруі ықтимал. Кейбір елдерде криптовалюталарды реттеу немесе мүлде тыйым салу мәселесі талқыланып жатыр.
Криптовалюта нарығындағы көптеген мәселе бүгінгі таңда әлі де өзектілігін жойған жоқ. Экономистердің пікірінше, түйіткілдің түйінін тарқату үшін виртуалды қаржы әлемінде цифрлік валютаның мәселесін және қолданылуын бақылайтын бірыңғай банк құру қажет.
Әзірге бизнес-инвесторлар ең танымал крипто тиын биткоиннің тұрақсыздығын бақылап отыр. Бір ай бұрын оның құны шамамен 20 мың доллар болса, бүгінгі таңда валюта 14 мың доллар деңгейіне дейін төмендеді.
Өткен жылы Бразилияның депутаттар палатасында криптовалюта бақылайтын арнайы комитет құрылған болатын. Жарты жыл ішінде шенеуніктер электронды ақша тағдыры сөз болған жеті тыңдалым өткізген.
Жиын қорытындысы бойынша, мамандар бүгінгі таңда криптовалюта ел экономикасының дамуы үшін ең қауіпті және біркелкі тәсіл емес деген қорытындыға келген.
Дереккөз: 24.kz