Атырау, 26 қараша 13:58
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Мектепте оқушыларды қалай қорғаймыз?

8 959 просмотра


Челябинск, Пермь және Улан-Уде мектептеріндегі қанды оқиғалар адамдарды қатты алаңдатты. «АЖ» тілшісі Атырау мектептерінде оқушы қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілгенін зерделеді.

КҮЗЕТШІЛЕР МЕН КАМЕРАЛАР

Атырау қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Бердібек ТАЙШИЕВТІҢ айтуынша, 57 қалалық мектептің сырты мен ішкі дәліздерінде 1734 бейнебақылау камералары орнатылған. Камера жазбалары 30 күн сақталады. Сондай-ақ, мектепте оқушылар саны мен басқа да критерилерге байланысты күзетшілер жұмыс жасайды. Біз осы ақпараттарды анықтау үшін бірнеше мектепті араладық.

Ә. Жангелдин атындағы мектеп. Түнгі ауысымда 3 күзетші кезекпен қарауылдайды, күндіз 2 техникалық қызметкер (вахтерлер) кіріп-шығушыларды тіркейді. Барлығы 16 камера жұмыс жасайды. Турникет жоқ.

№35 мектеп-гимназия. Түнгі ауысымда 3 күзетші, есік алдында 2 вахтер, 24 камера бар, турникет жоқ.

Геологтағы Қ. Сәтпаев атындағы орта мектеп. 16 бейнекамера. Мұғалімдер кезекпен және вахтерлер оқу орнының тыныштығын кезекпен бақылайды. Турникет жоқ.

Талғайраң ауылындағы орта мектеп. 16 камераның екеуі істен шыққан. Қашан жөнделетіні белгісіз. Турникет жоқ.

№31 мектеп-гимназия. Мектеп сырты мен ішінде 32 камера бақылау жасайды. Күндіз вахтерлер мен кезекші мұғалім есік алдында отырады. Турникет орнатылған.

Осы мектептердің барлық директорларының айтуынша, барлық келіп-кетушілер арнайы журналға тіркеледі. Тек алдыңғы негізгі есік қана ашық, қалған есіктер жабылып, директор қолымен мөрленген. Мектептегі қауіпсіздікке мектеп инспекторлары да жауап береді.

Күзетшілерді арнайы күзет ұйымынан емес, конкурс бойынша қабылдайды. Кейде қалалық жұмыспен қамту бөлімі керекті қызметкерлерді ұсынады. Бұл жұмысқа көбіне ересек адамдар орналасады. Жұмыспен қамту бөлімінің ақпараты бойынша, қала мектептерінде бос тұрған күзетші орны жоқ.

АҚЫЛЫ ТУРНИКЕТТЕР ТУРАЛЫ

Әлеуметтік желілерде мектепке орнатылатын турникеттер үшін ата-аналар 1500 теңгеден ашқа жинауы керек-мыс деген тақырып қызу талқыға салынуда. Бұл сауалды біз қалалық білім бөліміне жолдадық:

- Мектептерде ақылы турникеттер жоқ. Антитеррористік ережелерге сәйкес, мектептерде дабылқақыш пен турникет болуы керек,- дейді Атырау қ. білім бөлімінің басшысы Света АМАНШИЕВА. – Егер ата-аналар балаларының мектепке кіріп-шыққаны туралы СМС-хабарлама алғысы келсе, ерікті түрде қосымша ақы төлей алады.

Анықтағанымыздай, мектептердің көпшілігінде турникеттер жоқ. «АЖ» тілшісі Д. Байбосынов атындағы №13 ұлттық гимназияға телефон соқты. Мектеп басшылары: - Мектебімізде 25 камера бар.Қазір турникет орнатып жатырмыз. Оқушыларда ешқандай карточка жоқ. Бәрі тегін,- деп түсіндірді.

Турникет орнатумен айналысатын бір кәсіпкердің айтуынша, балаларының мектепке кіріп-шығуын бақылағысы келетін ата-аналар қосымша ақы төлей алады:

-  Турникеттерді мектептің есігі алдына орнатады, қажет жағдайларда сынып кабинетінің алдына қоюға болады. Қондыру тегін. Тек ай сайын 1200 теңге төлеу қажет. Орнатқаннан кейін біз арнайы карточка береміз, осы арқылы ата-ана смс-хабарлама алып отырады. Бқл қауіпсіздік шарасы. Орнату үшін бір мектептен кем дегенде 50 ата-ана келісім беруі керек. Мектеп әкімшіліктерімен әзірге ешқандай келісім болған жоқ.

ДИРЕКТОРҒА АЙЫППҰЛ

Жыл сайын қаңтар-мамыр айлары аралығында төтенше жағдайлар департаменті мектептерге өрт қауіпсіздігі бойынша тексеру жүргізеді. Өйткені білім ордалары жоғары тәуекелді өрт қауіптілігі санатына жатады. 2017 жылы осындай 145 тексеру жүргізілді, 210 ереже бұзушылық анықталды. Ал жеке меншік оқу орындары көп тексерілмейді.

Дәурен ДӘУЛЕТОВ: облыстық ТЖД өрт қауіпсіздігіне бақылау жасау және алдын алу басқармасының бас маманы:

- Тамыз айында біздің нұсқамаларымыздың орындалуына қатысты қосымша тексеру жүргіземіз. Мекемеде түтін және жылу қабылдағыш дабылдар, өрт сөндіру құралдары болуы керек. Мұғалімдер өрт қауіпсіздігі бойынша сабақтар өткізуі қажет.

Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 2017 жылы 28 жауапты тұлғаға жалпы сомасы 885 мың теңге айыппұл салынды. Негізінен мұндай айыппұлдарды мектеп директорлары арқалайды.

Фархат ӘБІЛОВ 

Суретті түсірген автор

27 қаңтар 2018, 18:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.