Облыс прокуратурасында 2010 жылдарға арналған әлеуметтік-экономика саласындағы жұмыстар қорытындыланды.
Мыңнан аса тексерулер жүргізіліп, 12 мың тәртіп бұзушылық анықталды. Тәртіптік жауапкершілікке 1632 адам, әкімшілік жауапкершілікке-1360, материалдық жауапкершілікке-42 адам тартылды. 14 502 азаматтың конституциялық құқықтары қорғалды, көбіне облыста еңбек қатынастарына қатысты, мәселен, еңбекақыларының кешіктірілуі, зейнетақы жарналарының уақытылы аударылмауы, сондай-ақ, заңсыз жұмыстан шығарылу секілді заң бұзушылықтар орын алады.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес желісі бойынша қылмыстық істі тергеу жалғасуда. Оның бірі «Лауазымды өкілеттілігін асыра пайдалану» бабы бойынша Жайық-Каспий экология департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Қанат МҰСАПАРБЕКОВКЕ қатысты қозғалған еді. Бұл жерде әңгіме ТШО ЖШС-нің қоршаған ортаға келтірілген 8,7 миллиард теңге көлеміндегі зиянын сот арқылы мәжбүрлі түрде орындату шараларын алмағандығы туралы болды. Айтпақшы, баспасөз конференциясында облыс прокурорының орынбасары Мұрат ТӨЛЕУБАЕВ атап өткендей, Мұсапарбеков бүгінгі күні «ауырып қалған-мыс немесе облыс аумағынан тыс жерде және тергеу шақыртуларына келмей отырған» болып шықты.
Тағы бір ірі табиғат қолданушы компания-NCOC-дің экологиялық заңнамаларды және өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларын бұзғаны туралы да сөз болды.
2008 жылы жаңа босанған әйел мен оның баласының өліміне байланысты жұртшылық алаңдаушылығын туғызған қылмыстық істі тергеу жалғасуда. Тексерулерден және бірнеше рет жүргізілген зерттеу жұмыстарынан кейін 2010 жылы 27-ші шілдеде Алматыдағы сот-медицина сараптамасы «өлімнің орын алуы облыстық аурухана мен облыстық перзентхана дәрігерлерінің өздерінің кәсіби міндеттерін дұрыс атқармағандығы салдарынан болған» деген қорытындыға келді. Соның нәтижесінде прокуратура «медицина қызметкерлерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы» деген бап бойынша қылмыстық іс қозғады. Жаңа туған сәбиі қайтыс болған тағы бір ананың арызы Атырау қаласының ІІБ-на жолданды.
«АЖ» газеті өткен жылы прокуратура мәлімдеген біраз фактілер туралы еске салды. Мәселен, АМУ-не таяу оң жақ жағалаудағы биік ғимарат туралы. Ол әлі күнге ресми түрде пайдалануға берілген жоқ. Естеріңізде болса, Әйтеке би, 113 мекен-жайындағы 17 қабатты тұрғын үйді пайдалануға қабылдау жөніндегі мемлекеттік акт қала әкімінің шешімімен заңсыз түрде бекітілген болатын. Актіде өртке қарсы қызметтің визасы болмаған, алайда, өрт сөндірушілердің «келісімі» жоқтығына қарамастан үйге адамдарды қоныстандырған. Кейін прокуратураның араласуымен заңсыз мемлекеттік қабылдау актісі жойылып, барлығы тыныштанғандай болды. Прокурор орынбасары жағдайды көз қырына алуға уәде етті.
Баспасөз конференциясы аяқталарға жақын біз табиғат қорғау прокуратурасына берілген үкіметтік емес ұйымдардың шағымдарының тағдырын білмекші болдық. Бұдан бұрын хабарлағандай, ҮЕҰ мұнай төгілісіне қарсы әрекет ету базасының құрылысы жөніндегі Қоршаған ортаға әсерді бағалау жобасы бойынша қоғамдық экологиялық сараптама жүргізіп, еліміздің экологиялық заңнамалары мен халықаралық конвенциялар заңнамаларын бұзған біраз заң бұзушылықтарды анықтады («АЖ», №2 «Жасылдар» билікпен соттаспақ»). Мұрат Төлеубаев прокуратураның ұстанымын мәлімдеді: «Шағымдар белгіленген мерзімде қаралатын болады. Біз базаның керек екендігін және ол мәселенің үкімет деңгейінде шешіліп отырғандығын түсінеміз, егер заң бұзушылықтар болса, біз оған қатысты шаралар қабылдайтын боламыз».
Лев ГУЗИКОВ