25 қаңтар күні Атырауға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жамбыл АХМЕТБЕКОВ, Бақытжан СМАҒҰЛ, Серік СӘПИЕВ (бокстан олимпиада чемпионы) және Бейбіт МАМРАЕВ (Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің бұрынғы ректоры) келді. Келудегі мақсаттары ана мен бала денсаулығын сақтаудағы мәселелерімен танысу.
Депутаттар алдымен перинаталдық орталыққа барды. Орталық директорының м.а. Альмира САБЫРҒАЛИЕВА халық қалаулыларына неонатолог, акушер-гинеколог сияқты кадрлардың жетіспеушілігін айтты:
- Жас мамандардың біздің орталықта жұмыс істеуге қызығушылығы төмен. Маман тапшы.
- Маман тапшылығы сапалы емге кедергі келтірмеу тиіс,- деді депутат Бейбіт МАМРАЕВ. - Өзіміз көріп жүрміз, сіздерді де қағазбастылық жайлап алған. Науқас келгенде қағазын толтыруға асығасыздар. Қағаз аз болып, науқастарға ем уақытылы көрсетілуі тиіс.
Перинаталды орталықтың директоры жеткен жетістіктерін қуана айтып жатқанда депутаттар «Жеткен жетістіктеріңізбен Астанада танысып, біліп алдық » деп әрі қарай аралауға көшті. Сол кезде толғағы қысқан әйелдердің айқайынан шошынды ма, депутат мырзалар «Толғақ басталды» деп келесі бөлімге бет алды.
Депутаттар тағы да бірнеше денсаулық сақтау мекемелерін аралап, күрмеуі көп мәселелерді шешуге барларын салатындықтарын жеткізді.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ