Атырау, 11 желтоқсан 20:05
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Вокзалдағы былық-шылықтар

4 323 просмотра

4 мамырда санитарлық тазалық айлығының жүру барысы бойынша қалалық әкімдік Атырау қаласының теміржол вокзалында рейд ұйымдастырды.

 

ҚАҚПАНҒА «ҚОЯН»  ТҮСТІ

Вокзал алаңындағы ақылы автотұрақ пен жаяу жолдағы қоқыс қорабы, пакеттер, шекілдеуік қабықтары мен көптеген темекі қалдықтары бірден көзге түсе кетті. Оның бәрі желмен бірге жаңа отырғызылған көшеттердің түбіне қонақтауда. Вокзал ғимаратының ішіндегі көріністер де аса мәз емес: жер асты өткелінің туннелінен су тамшылап ағып тұр, екі қабаттағы күту залдарының күйі де шамалы: қабырғаның бояулары түсіп жатыр, едендері қоқысқа толы. Айтпақшы, ғимаратқа бірден кіруге мүмкіндік болмады: кіреберіс есік алдында жолсерік Мәрия бейджигін теріс қаратып алып, клиенттерді «қармағына» іліп алуға жұмыстанып тұр.  Мен сол жерде-ақ, “Алматыға балалармен бара жатырмын” деп өтірікті соғып қалдым.

- Балалармен бірге жеке купеде барасың, орынның бәрін төменнен беремін. Ешкім мазаларыңды алмайтын болады,- деді. 

- Ол орындар үшін қанша аласың?

- Сенде қанша бар? Қанша бересің, соны аламын. 

- Мен тек әрқайсымызға 2 мың теңгеден ғана бере аламын.

- (бес секундтан соң) Ал, жарайды. Мен  сенің баратыныңа сенімді болу үшін ақшаңның жартысын алдын-ала беріп қой, не болмаса менің ұялы телефонымды жазып ал да, хабарлас.

Мен міндетті түрде хабарласатындығымды айтып, одан әзер қашып құтылғандай болдым.

 

СЕНІМ ДҮҢГІРШЕГІ

Вокзалдағы дүңгіршектердің санының көптігіне назар аудардым. Оның сөрелерінің көпшілігі  тез бұзылатын тағам түрлеріне толы.

- Дүңгіршектегі азық-түлік өнімдерінің сапасын кім тексереді? деген сауалымдытеміржол вокзалын2007 жылдан бері сенімді басқаруға алған «Яик-Трейдинг» ЖШС директорының орынбасары Мұрат ІЗМҰҚАНОВҚА қойдым.

- Біз емес. Дүңгіршектер ғимараттың ішінде де, сырттағы алаңдарда да бар, жеке кәсіпкерлер жалға алып отыр. Олар өздері теміржол транспортындағы мамандандырылған санитарлық-эпидемиологиялық қызметпен  келісімге келеді.

Теміржол транспортындағы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бастығы Игорь ШИННЕН (суретте)енді азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі кәсіпкерлердің ар-ұятына байланысты екендігін білдім:

- Биылғы жылы біз дүңгіршектерді әлі тексергеніміз жоқ. Өйткені, жаңа заң бойынша мемлекеттік бақылау бойынша біздің құзырымыз айтарлықтай тарылды және барлық тексерулер жоспарлы болуы керек. Мәселен, айталық, қоғамдық тамақтану нүктелері бірінші топтағы нысандарға жатады және ай сайын тексеріледі. Дүңгіршектер екінші немесе үшінші топқа жататындықтан, жылына бір рет немесе тоқсан сайын бір рет тексеріледі. Сіз білесіз, бұл шаралардың барлығы шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған ғой. 

- Ал, өткен жылы қанша заң бұзушылықтарды анықтадыңыздар?

- Шамамен 50-ге жуық. Әкімшілік шаралар қолданылды, жекелей алғанда 30 АЕК көлемінде айыппұлдар салынды.

- Қақталған балық және басқа да сапасы күдік тудыратын тағамдарды сататындардың пойыз және вокзал аралап жүруі қалай болып жатыр?

- Бұл да, әрине, проблеманың бірі. Заңсыз сауда-саттық жасауға бақылау жасау міндеті жергілікті атқарушы органдардың құзырында. Енді қалалық әкімдік СЭС және полицияның қатысуымен рейдтер жүргізуі үшін комиссия құруы керек. Егер біз өз бетімізше тексеру жүргізетін болсақ, онда сол балықты сатушы бізді сотқа беруі мүмкін.

- Түсінікті, барлық тексеруші органдар секілді енді сіздер де түскен шағымдар бойынша жұмыс істейтін болғансыздар ғой. Дүңгіршектегі сапасыз тағамдарға және вокзалдағы, пойыздағы қоқыс үшін кімге шағымдана аламыз?

- Басқарманың сенім телефондарына хабарласа аласыздар: 36-15-20.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА, суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

9 мамыр 2012, 19:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.