Атырау, 24 қараша 11:19
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Ерлік мәңгі жасайды

16 232 просмотра

Юрген Никельдің "Батырдың ерлігі" суреті

Жеңіс күні  біз сол бір сұрапыл соғыста құрбан болған сарбаздарды еске аламыз. Олардың қатарында Кеңес Одағының батыры Боран НЫСАНБАЕВ та бар.

 

«ЖЕКЕ ЕРЛІКТІҢ ҚЫСҚАША СИПАТТАМАСЫ»

Құжаттарға зер салсақ.

Боран Нысанбаев атындағы әскери-даңқ мұражайыМарапат қағазынан: «1. Шен: қызыл әскер. 2. Лауазым, бөлім: 137-ші атқыштар дивизиясының 771-ші атқыштар полкінің 1-ші минометшілер ротасының минометшісі. 3. Туған жылы: 1918. 4. Ұлты: қазақ. 5. Партиялылығы: ВЛКСМ мүшесі. 6. Отан соғысына қатысқан уақыты: 1942 жылдың қаңтары. 7. Отан соғысында алған жарақаттары мен контузиялары: 1943 жылдың 6 ақпанында қаза тапты. 8. Қандай әскери комиссариаттан шақыртты: Қазақ ССР-і, Гурьев облысының Есбол ауданы. 9. Үй мекен-жайы: Гурьев облысы, Есбол ауданы».

«Жеке жауынгерлік ерлігі-нің қысқаша сипаттамасы. 1943 жылдың 6 ақпанында 137-ші атқыштар дивизиясының 771-ші атқыштар полкінің 1-ші батальоны Орел облысының Покров ауданының Лески деревнясына басып кірді. Таңғы сағат 10-да 40 минуттық қуатты артиллериялық дайындықтан соң батальон Лески деревнясына екі рет шабуылдады, бірақ шығынға ұшырап, сәттілікке қолдары жетпей, бұрынғы орындарына шегінуге тура келді. Батальонның алға жылжуына деревняның ортасында орналасқан тас үйді мықты бекініске айналдырған дзоттан фашисттердің қарша бораған пулемет оғы кедергі болды.

Мектеп шарбағында орналасқан Боран Нысанбаевтың бюстіБоран Исимбаев өзінің командирінен дзотты жаруға рұқсат сұрады. Командир рұқ-сат етті. Исимбаев қарша бораған пулемет оғының астында жатып, дзотқа қарай жақындады да, екі рет граната лақтырды, бірақ жаудың пулемет оғын жеңе алмады. Үшінші рет комсомол мүшесі Исимбаев жаяу әскердің алға жылжуы үшін жолын ашпаққа өзін құрбан етуге бекінді. Ол денесіне гранаталар байлап, қолына тағы да екі танкіге қарсы гранаталарды алып, қарша бораған пулемет оғының астында дзот есігіне жер бауырлай жөнеліп, бар екпінімен ішке қарай кіріп кетті. Дзоттың гүрс еткен дауысы шабуылдауға белгі берді. Нәтижесінде, батальон басып алуға кірісіп, Лески деревнясын алды да, әрі қарайғы шабуылды сәтті жалғастырды. Жарылған дзотта жауынгерлер 28 неміс солдаты мен офицерлерінің мүрдесін тапты. Мұнда комсомол мүшесі Исимбаев Боранның денесі де табылды.

Исимбаев Боран өзінің Отанын ерекше сүйді. Ол неміс басқыншыларынан азат ету кезінде ерлікпен қаза тапты.

771-ші атқыштар полкінің командирі, подполковник ГОРДИЕНКО». 

«Жоғары шенді басшылардың қорытындысы. Қызыл әскер Боран Исимбаевқа қаза болғаннан кейінгі «Кеңес Одағының Батыры» атағын беру туралы өтініш беремін. 137-ші атқыштар дивизиясының командирі полковник АЛФЕРОВ. Майданның Әскери Кеңесінің қорытындысы: қаза болғаннан кейінгі «Кеңес Одағының Батыры» атағын алуға лайықты. Әскерлер қолбасшысы, армия генералы РОКОССОВСКИЙ, Әскери Кеңес мүшесі, генерал-майор ТЕЛЕГИН».

 

БАТЫР ЖАЙЛЫ ЕСТЕЛІКТЕР

Сіздер марапат қағазында батырдың тегінің дұрыс жазылмағанын байқаған боларсыздар? Осының кесірінен жерлестері мен туған-туыстары оның ерлігі жайлы көпке дейін білмей келді. Тек 20 жыл өткен соң ғана, 1963 жылы Орел қаласының қызыл ізшілері мен біздің жерлесіміз, жазушы Кенжеғали ҚАЙЫПТЫҢ еңбектерінің арқасында әділдік орнады. Боран Нысанбаевтың Атырауда тұратын інісі Оңдасын НЫСАНБАЕВ ағасының ерлігін кейінгі ұрпақ арасында әлі күнге дейін екінші орында көретініне, батырдың өз биігінде насихатталмай отырғанына қынжылады. Бұған дейін оны А.Матросовтың ерлігін қайталады деген бұрмаланған ақпараттар да тараған еді. Ақиқатында, Боран Нысанбаевтың ерлігін Александр Матросов 17 күннен кейін қайталады. Себебі, Б.Нысанбаев 1943 жылдың 6 ақпанында Орел облысының Лески деревнясында жаудың дзотын жарып, ерлікпен қаза тапса, дәл сол жылы 23 ақпанда А.Матросов Псков облысының Чернушки деревнясында батырдың ерлі-гін қайталап, мерт болды.

 

БОРАН ПАРТАСЫ

Біз Боран Нысанбаев туралы жазар алдында Индер ауданы, Көктоғай ауылына бардық. Ауылда 1941-1945 жылдардағы соғысқа қатысқан екі-ақ ардагер қалыпты – 95 жастағы Құбай НАҚПАЕВ пен 87 жастағы Жұмабай ЖҰМАШЕВ. Бұл екеуінің ішінде Б.Нысанбаевтың көзін көрген жалғыз Құбай қарт. Өкінішке орай, онымен тілдесудің мүмкіндігі болмады. Ақсақал төсек тартып жатыр, тілдесе алмайды. Батырдың көзін көрген қарт аналар да дүние салған. Ал Жұмабай ақсақал Б.Нысанбаевтың ерлігін ғана естігені болмаса, өзін көрмеген.

Көктоғай ауылындағы Боран Нысанбаев атындағы мектепте қызыл түспен сырланған Боран партасы бар. Оған батырдың өзі отырмаса да, есімі берілген. Бұл партаға тек қана озат оқушылар отыратын. Парта қазір жәдігерге айналды. Ол сол мектептегі Боран Нысанбаев атындағы әскери-даңқ мұражайында орналастырылған.

Менің Көктоғай ауылында туып-өскен әріптесім Гүлжанат ИСАБАЕВА да осы Боран партасында отырған үздік оқушылардың бірі. Ол сол кезді сағынышпен еске түсіреді:

- Біз осы партаға отыру үшін сабақты жақсы оқып, әрдайым үздік баға алуға тырысатынбыз.

Ал мұражай жетекшісі Қуаныш АБДРАХМАНОВ Б.Нысанбаевтың Индер ауданында  дүниеге келгенін айтады. Мектепте 4 жылдық білім алған. Колхозда мал баққан. Спортқа бейім, батыл әрі рухты ер болған. 

Мұражайда Боран Нысанбаевтың ерлік жасау сәтін бейнелеген картина ілінулі тұр. Бұл немістің суретшісі - Юрген Никельдің тапсырма бойынша салған туындысы.

Айнұр САПАРОВА, суреттерді түсірген автор

9 мамыр 2012, 19:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.