Қысы қатты болмайтын Атырауда тұрғындарға табиғаттың осы бір тамаша мезгілін сезіндіретін орындар көп емес. «АЖ» тілшісі қаладағы қысқы белсенді демалыс орындарын аралап шықты.
Алдымен Х.Доспанова атындағы мұз сарайына бардық. Мұнда тұрғындарға арналған бұқаралық сырғанау аптаның демалыс күндерінде ғана ұйымдастырылған. Касса алдындағы кезек көп. Мұз айдынында адам көп, алайда нұсқаушыны байқай алмадым. Келушілердің барлығы конькимен сырғанап білмейді, бұл жаңадан үйренушілер үшін де, айналасындағы сырғанаушылар үшін де қауіпті.
Гүлнұр, ата-ана: Мұнда өзіміздің конькиімізді алып келдік. Өткен жолы келгенімізде осындағы конькиді пайдаланған едік. Мұны қаншама адам киіп-шешеді? Сондықтан өзіміз сатып алдық. Жайықта сырғанағаннан гөрі арнайы тегіс мұзда коньки тепкен қолайлырақ. Сондықтан осында жиі келеміз.
Орталық көпір маңында Жайық үстінде үш мұз айдыны салынған. Жексенбі күндері сол жерде сырғанау үшін конькилер тегін беріледі. Ойын балалары жағаның биік жарына су құйып, сырғанақтар жасап алған. «Гүл сағаты» орналасқан жол айрығы көпірі маңында шаңғы тебуге қар көп. Шаңғысын сайлаған жастар да осы жерде.
Жансая: Арнайы үйірме болмаса да, шаңғымен 5-сыныптан бері айналысып келемін. Бұл денсаулыққа да, дене дамуына да пайдалы. Жақында мектеп оқушылары мен студенттер арасында ұйымдастырылған шаңғыдан облыстық жарысқа қатысып, қыздар арасынан бірінші орынға ие болдым.
Көптеген адамдар Атырау облысында қысқы спорт түрлерін дамытуда климаттың сәйкес келмейтіндігін алға тартады. Бұған Дамбы ауылының тұрғыны Бақтығали ОРЫНБАСАР мүлдем келіспейді. Жасы жетпіске таяса да, ол өз ауылы тұсында Жайық өзенінің үстінен ауыл балаларына арналған мұз сырғанағын салған. Конькиге қызыққандарға конькиді, шаңғы үйренушілерге шаңғы тебуді үйретеді.
- Зейнеткерлікке шыққанға дейін дене шынықтыру пәнінен сабақ бердім. Қазір де балалармен жұмыс жасағанды ұнатамын,- дейді Бақтығали аға. - Біз ауыл балаларынан команда құрып, жыл сайын хоккей жарыстарына қатысып, жүлделі орындар алып жүрміз.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті және бейнежазбаны түсірген автор