Индер ауданы Көктоғай ауылының тұрғыны «АЖ» тілшісіне хабарласып, жолдасын аудандық ауруханаға жеткізу үшін ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның жедел жәрдем көлігіне өз ақшасына жанармай құйғанын айтты.
Кенеттен ауырған күйеуіне шақырту бойынша келген дәрігерлік амбулаторияның медбикесі тыныштандыратын дәрі егіп, науқасқа болжамды түрде «соқырішек» диагнозын қояды. Алайда дәрігерлер аудан орталығына жеткізуге жедел жәрдем көлігінде жанармай жоғын, өз қалталарынан құйса ғана апаратындарын айтады. Науқастың әйелі 30 литр жанармай құйып, науқасты аудандық ауруханаға жеткізеді, ал аудан дәрігерлері алғашқы диагнозды растамай, тыныштандыратын дәрі егіп, сол күні үйіне кері қайтарады.
- Ертесінде жолдасым өзін тағы да нашар сезінді. Ауылдағы жедел жәрдем тағы жанармай жоқтығын алға тартып, науқасты облыстық ауруханаға таксимен апару керектігін айтты. Басқа шарам болмаған соң, облыстық денсаулық сақтау басқармасына телефон соғып, осы жағдайды айттым, содан кейін ғана ауылдағы жедел жәрдем көлігі жолдасымды Атырауға жеткізді. Облыстық ауруханада екі күннен кейін оның бүйрегіне ота жасалды. Бұл бірінші жағдай емес, жүкті кезімде де ауылдан таксиге отырып, қаладан шақырту бергенмін,- дейді тұрғын.
Біз Көктоғай ауылының дәрігерлік емханасына хабарластық. Сауалымызға жауап берген аға дәрігер Тұрсын МЕКЕЕВА бұл жағдайды жоққа шығармады:
- Науқас есепте Атырау қаласындағы №1 емханада тұрады екен. Бірақ біз алғашқы көмегімізді көрсеттік. Жылдың аяғы, әрі түн іші болғасын сол күні жедел жәрдем көлігінде жанармай болмады. Бізде мұндай жағдай арасында кездесіп тұрады. Келесі күні жағдайды реттеп, жанармай құйып, науқасты медбикемен бірге қалаға жеткіздік.
«АЖ» редакциясы ахуалға түсінік беру үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасына сауалхат жолдады. Ресми сауалымызға басқарма басшысының орынбасары Алмагүл ҚАБДРАХМАНОВАНЫҢ қолымен келген хатта былай делінген: «Бұл мәселе 2017 жылдың күзінде бензиннің қымбаттауына байланысты туындады. Науқастарды ауруханаға, шұғыл жағдайларда облыс орталығына жеткізуге жанармай жасау үшін жүргізушілерге қолма-қол қаражат беріліп келген болатын. Орын алған жағдайға қатысты: Көктоғай дәрігерлік амбулаториясы кезекшісіне 2017 жылғы 24 желтоқсанда жергілікті тұрғыннан шақырту болған. Жедел жәрдем жүргізушісі аға дәрігер Тұрсын Мекееваға жанармайының таусылғанын хабарлаған. Ал ол өз кезегінде ауданға хабарлап, жедел жәрдем шақыртпаған. Жіберілген кемшілік талданып, Т.Мекееваға әкімшілік тәртіптік шара қолданылды».
А. Қабдраханова, сондай- ақ, Индер ауданының барлық дәрігерлік амбулаториялары жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз етілгенін айтады. 2017 жылы жанармайға 6 185 000 теңге, биыл 7 495 000 теңге қаражат бөлінген.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА