Әлеуметтік желідегі «АЖ» тілшісінің жаңа (НЗМ - Назарбаев Зияткерлік мектептері мысалында) және ескі бағдарлама бойынша мектептегі білім берудің қазіргі сапасы туралы жүргізген шағын сауалнамасы күтпеген жерден түрлі пікірлер туғызды.
ОҚЫП ШАРШАДЫҚ
Зарема Қожанова: Менің екі балам (5 және 7 сыныптар) гимназияда жаңа бағдарлама бойынша оқып жатыр. Кіші балам екінші ауысымнан үйге сағат 19.30-да келеді. Тамақтанып, дереу үй тапсырмасын орындауға кіріседі. Оны түн ортасына дейін орындайды. Бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) немесе тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ)* жақындаған кезде – түнгі сағат екіге дейін бірге дайындаламыз. Таңертең бақылауға дайындалуды сағат 12.00 дейін жалғастырамыз. БЖБ мен ТЖБ бір күнде барлық пәннен болуы мүмкін. Нәтижесінде, бас ауырып, мұрыннан қан кетеді.
Үлкенім де сабақтан бас алмайды, әрі оқу орталығына барады - физика мен ағылшын тілін пысықтаймыз. Балаларымның спортпен айналысуға, үйірмелерге баруға уақыты жоқ. Ал біз, ата-аналар жұмыс істейміз, олардан басқа кішкентай балаларымыз бен қарттарымыз бар. Қонақтыққа баруды қойдық, отбасының бүкіл өмірі жаңа бағдарламаның төңірегінде өтіп жатыр.
Жаңа бағдарлама бойынша білімді компьютер бағалайды, ал мұғалім бар болғаны тәлімгер ғана. Ол жаңа тақырыптарды түсіндіруге міндетті емес, оқушы бәрін өзі тоқып, өзі қабылдауы керек. Бірақ ол өзі қабылдай алмайды, біз көмектесеміз. Қатты шаршадық...
Ардаша Әбдірахманова: Балам НЗМ жаңа бағдарламасы бойынша 2-ші сыныпта оқиды. Сабақты түстен бастап кешке дейін оқимыз, демалуға уақыт жоқ. Үйде тақырыпты қосымша түсіндіруге, қайталауға тура келеді. Сыныпта қырық оқушы бар, мұғалім барлық баладан сұрап үлгермейді. Тоқсанның аяғында баллдық жүйе бойынша қорытынды баға адам айтқысыз болып шығады. Тоқсандағы қорытынды бағаның қалай төмен түсіп кететінін баланың өзі түсінбейді. Жоғары оқу орындарындағы балдық жүйені түсінуге болады. Біз де кезінде оқыдық, балл жинап, қосымша тапсырып жүрдік, яғни, мәнісін түсінетін едік, бірақ 8 жасар бала мұны қалай түсінеді?!
Ирина Кокорева: 3-сыныптамыз, үй тапсырмасына орташа алғанда екі сағат жұмсаймыз. Мен мөлшерден тыс жүктеме байқамаймын.
«АЖ» анықтамасы:
БЖБ және ТЖБ - жиынтық бағалау, оқу бағдарламаларының бөлімдеріне мұғалімнің балл қоюы. Қойылатын жиынтық бағалардың негізінде тоқсан үшін және оқу жылы үшін автоматты түрде бағалар есептеледі.
Наталья Владимировна: Балаларымыз сабақтан босамайды. Күн сайын 6-7 сабақтан болады. Барлық пәндер бойынша үй тапсырмасын келесі күні оқимыз. Бәрін орындап шығуға физикалық тұрғыда уақыт жеткіліксіз. Балам қатты шаршайды. Оның үстіне сенбі күндері факультативтер өтеді...
Dina Tunay: Қазір білім реформасы кезең-кезеңмен енгізілуде, сондықтан түрлі сыныптарда жүктеме әртүрлі. Біз 3-ші сыныпта оқып жатырмыз, әр пән бойынша тапсырма береді, бірақ көп деп айта алмаймын. Әр кеш сайын 2 сағат үй тапсырмасын орындаймыз. Бәрі оқушының өзіне байланысты, олар әртүрлі деңгейде меңгереді.
Светлана Бекметова: Ал менің балаларымның балалық шағы бар: көше, төбешік, великтер..
Тілегенова Гүлмира: Ереже бойынша БЖБ мен ТЖБ сыныпта орындалуы тиіс. БЖБ үшін 20-25 минут бөлінеді, ал ТЖБ үшін 40 минут, яғни, бір сабақ беріледі. Мұғалім үлгермейді. Неліктен? Өйткені, біздің жалпы білім беретін мектептерде балаларымыз мұндай бағдарламаға дайын емес. Жалпы алғанда, бағдарлама өз бетімен оқуға арналған, олар өздері материалды салыстырып, талдап, бағалауға тиіс.
Бота Мусағалиева: 17-мектепте 3 сынып эксперименттік бағдарламамен оқиды. Барлығы балаға байланысты, біреуі тез қабылдап, бейімделеді, біреулеріне шынымен де қиын. Мен кешке баламмен бірге түнге дейін отырамын.
Dina Alpamyssova: Бағдарлама дербестікке, логикаға және ойлауға арналған. Бір үлкен кемшілігі - бағдарлама топтық сабақтарға (яғни, сыныптағы 12-14 балаға) арналған, ал типтік сыныптар бұған арналмаған, олар кеңестік сыныптар күйінде қалған.
Анар Қалиева: Біз 5-ші сыныптамыз. Жаңа бағдарлама бойынша жүктеме азайды. Қазір үй тапсырмасы 1-2 сағат уақыт алады, үй тапсырмасын өз бетімен жасайды. Бәлкім, менің балама бәрі оңай шығар, білмеймін. Бірақ менің ойымша, білім берудегі өзгерістер жақсы емес. Жыл басынан бері бірде-бір өлеңді жаттауға бермеді, қызымның өзі көп оқиды. Ал енді жаңа бағдарлама бойынша балалар тесттерге: БЖБ мен ТЖБ-ға ғана мән береді. Мысалы, 4-5 параграфтан бөлім оқып, сынақ тапсырады. Осындай 4-5 сынақтан қорытынды баға шығарады. Аралық сынақ дейтін жоқ, бағаны түзетуге ешқандай мүмкіндік болмайды. Бөлімді оқыту кезінде балалардан сабақ сұрамайды, тиісінше, олар да онша дайындала қоймайды. Тіпті, тақта алдына шығарса да, күнделікке «Өте жақсы» немесе «Тамаша!» деп жазады, бірақ журналға белгілемейді. 11-сыныпта балалар өздігімен ойлауды ұмытып, тек берілген нұсқалардың біріне құсбелгі салу үшін тестілеуді күтетін жағдайға жетеді деп ойлаймын.
Зульфия Искалиева: Таныстарымнан естігенім – бала мектепке күйзеліссіз барады, үй тапсырмасының орындалмағаны үшін ұрыспайтынын біледі. Балалар өзін-өзі төмен бағаламайтын болған, нәтижесінде сабаққа оң көзқараспен қарайды.
Ёлка Морозовна: 5-сынып. Біз жаңа бағдарламамен оқып жүрміз, үй тапсырмасы көп беріледі. Күн сайын өлеңдер жаттатқызады, барлық пәндер бойынша мазмұнын айтуға дайындалады. Үйге келсек, түнгі сағат 11:00-ге дейін үй тапсырмасымен отырамыз. Баламның балалық шағы тек каникулдарда ғана өтеді, қалған уақыты сабаққа дайындалуға кетеді.
Natalya Zheinova: Қызым 16-мектептің 10-сыныбында оқып жатыр. Бес күндік деп жариялады, бірақ сенбі күндері сағат 9-дан 12-ге дейін, жұмыс күндері 14-тен 19-ға дейін сабақ болады. Үйге 20.00-ге қарай келеді де, түнгі сағат бірге дейін сабақ оқиды. Таңертең қайта жалғастырады. Соның салдарынан күйгелек болып кеткен, көшеге шығып келуге мұршасы жоқ, оларды профессор қып шығарғылары келе ме?
Aigul Ichshanova: Әрбір сабақта жаңа тақырып өтеді, ал өткен сабақты қашан пысықтайды? Кеш сайын үйден қайта түсіндіруге тура келеді. Үй тапсырмасын орындауға 2-5 сағат уақыт кетеді.
Айсұлу Қалмұрзиева: 7-сынып, 17-мектеп: сабақ 14:00-ден 19:15-ке дейін болады. Көшеге серуендеп шығуға уақыты жоқ. Кешке жазбаша сабақтар, таңертең – ауызша сабақтарды орындайды. Ешқандай үйірмелерге, секцияларға үлгермейді. Менің балалық шағым әлдеқайда жақсы болды. Оның үстіне физика, химия пәндерінің мұғалімдер жеткіліксіз.
«АЖ» анықтамасы:
Атырау қалалық білім беру бөлімінің мәліметтері бойынша, мұнай астанасында жалпы білім беретін 57 мектеп бар. Бүгінгі күні мұғалімдердің, әсіресе, орыс тілінде оқытатын бастауыш сыныптар мұғалімдерінің тапшылығы (44 бос орын бар) сезіледі. Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Света АМАНШИЕВАНЫҢ пікірінше, Х. Досмұхамедов атындағы жергілікті университетте бұл мамандыққа қызығушылық төмен болғандықтан бастауыш сынып мұғалімдерін мүлдем дайындамайды.
ЖҰМЫСТАН БОСАТЫҢЫЗ
Мұғалімдер қайда кетіп жатыр? «АЖ» тілшісі бастауыш сынып мұғалімімен тілдескен еді. Оны таңдаған себебім, бастауыш сыныптар – мектептегі білім берудің негізі болғандықтан ғана емес, ол ұстаздық мансабы дәуірлеп тұрған кезде, жүктеменің көптігіне төтеп бере алмағандықтан өз еркімен жұмыстан кеткен. Қазірдің өзінде аты-жөнін атамауды жөн көреді. Бәлкім, бұл өзінің сүйікті ісінен кетуге неге мәжбүр болғанын шынайы айтуға мүмкіндік беретін де шығар.
«... Қазақстанда мұғалім мамандығы беделді емес, ең алдымен бұл жалақының төмендігінен, - дейді ол. - Мысалы, Ресейде бастауыш сынып мұғалімдері (менің 104 мың теңгеме қарсы) 30-45 мың рубль (170-220 мың теңге) алады, ал менің 30 жылдық тәжірибем және жоғары санатым бар. Педагогика мамандықтарын оқуға қазір ҰБТ бойынша төмен нәтиже алған мектеп түлектері барады. Яғни, үш деген баға алып жүрген балалар мұғалім атанады. Жоғары оқу орындарын бітіргеннен кейін, олар мектепке орта буын мұғалімдер ретінде қайта оралады.
... Мен 80-жылдарда сабақ бере бастадым, білім беру жүйесіндегі бүкіл өзгерістерді - жақсысын да, жаманын да көрдім. Бүгінгі күні мұғалім ретінде жұмыс істеу - негізінен қағазбастылық жүктеме болғандықтан, азаппен бірдей. Мен әрдайым жаңа, қызықты нәрсені қолдаушымын, бірақ ол ойластырылған, негізді болса ғана. Ал қазіргі реформалар бейберекет жасалған, бірдеңені бастайды да, сосын тастай салады, қайтадан жаңасын ойлап тауып, тәжірибе жасайды ...
Отыз жыл бұрын қарапайым журналды қолмен толтырдым, оқу жоспарын жазып, көрнекіліктер жасадым, жыл соңында сыныптар бойынша тоқсанға және жартыжылдыққа анықтама дайындадым. Қалған уақытты балаларды оқытуға арнадым. Ал енді мұғалімдерден жыл сайын жұмыс бағдарламаларын жасауды талап етеді, яғни, кеңселік бағытқа қарай айтарлықтай өзгерді. Мұның бәрін электронды және қағаз нұсқаларында (мұғалімде компьютер мен принтер бар ма, оған ешкім бас ауыртпайды) тапсыру керек. Бір сабақ әзірлеу үшін А4 өлшеміндегі қағаздан 4-5 парақ қолданылады. Күніне мұндай сабақтар орта есеппен алтаудан болады, оларды әр минут сайын жазып, сауалнама әдістерін және бақылау нысанын көрсету (әзірлеу және жасау) керек. Күніне 20-дан астам парақ кетеді. Бір аптада, тиісінше, жүз парақтан асады. Бұл үшін қағазды азғана жалақымызға өзіміз сатып аламыз.
Сондай-ақ, ата-аналар жиналысы, педагогикалық конференциялар мен байқаулар, құжаттаманы толтыру, дәптерлер тексеру (айына 2 556 теңге төленеді), электронды журнал толтыру деген бар - мұның бәрі төленетін сағаттарға кірмейді. Айтқанымның көп бөлігін, әрине, жұмыстан кейін үйде істеу керек, өйткені сыныпта интернет жоқ. Соңғы бес жылда мұғалімнің жұмысы шығармашылық емес, кеңсе жұмысына айналып кетті. Бұдан оқыту сапасы зардап шегеді, ал ең бастысы, күн сайын балалар шаршап, қажыған адамның сабағына келеді.
Сондықтан мен кетіп қалдым. Дәлірек айтқанда, жүйе менен кетті. Ар-ұжданы бар адам болғандықтан, балаларды нашар оқытуға құқығым жоқ. Ал нашар оқытқаннан - еш оқытпаған жақсы».
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН
P.S.: «АЖ» редакциясына белгілі болғандай, жұма күні, 19 қаңтарда Атырауға ҚР білім және ғылым министрі Ерлан САҒАДИЕВ жасырын келіп кеткен. Ол жабық есік ішінде педагогикалық жұртшылықпен кездесу өткізіпті.