Франция Түркияның Сириядағы күрдтер орналасқан ауданында жүргізген әскери қимылдарына байланысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл жиынын өткізуді талап етеді. Бұл туралы француз сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан мәлімдеді.
Сенбі күні Түркия қарулы күштерінің бас штабы Сирияның Африн аймағындағы күрд жасағына қарсы операция бастағанын жариялаған. Бұл аймақ Сирия мен Түркия шекарасына жақын маңда орналасқан. Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырым 21 қаңтарда әуеден және жерүстінде әскери операция басталғанын растаған.
Түркия күрдтерге қарсы операцияны АҚШ-тың «әскери операция аймақтағы жағдайды ушықтырып жібереді» деген ескертуіне қарамастан бастап отыр. Түркияның мемлекеттік Anadolu агенттігінің хабарлауынша, күрдтердің "Халық қорғанысы жасағына" (YPG) қарсы "Зәйтүн бұтағы" деп аталатын әскери операцияны Сирия билігіне оппозиция саналатын "Сирия ерікті армиясы" тобы қолдап отыр.
Түркия күрд милициясын тыйым салынған Күрдістан жұмысшы партиясымен (PKK) байланысы бар деп айыптады. PKK 30 жылдан астам уақыттан бері Түркияның оңтүстік-шығысында бүлік жүргізіп отыр. Бұл ұйымды Түркия, АҚШ және Еуропа Одағы террорлық топ деп есептейді.
Дереккөз: azattyq.org