Атырау, 24 қараша 11:36
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Киікбай Ешманов: «Басшылықтың үйлерін өртейді деген сыбыс жүрді»

7 599 просмотра

«Өзенмұнайгаз» ӨФ бұрынғы басшысының сотта айтқан сөздері

2 мамырда «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының бұрынғы басшысы Киікбай ЕШМАНОВТАН сотта жауап алынған болатын. Қаржыны теріс пайдаланды деп тергеуге алынған шенеунік сотта жапа шегуші ретінде жауап берді. Оған прокурор мен айыпталушылардың адвокаттары сұрақтар қойған еді.  Бұл туралы сот залынан халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің мүшесі Макс БОҚАЕВ хабарлады.

Прокурор:

- Сіздің үйіңізге өрт қойылған жағдай туралы айтып берсеңіз.

- 16 желтоқсанға дейін басшылықтың үйлерін өртейді екен деген қауесеттер жүрсе де, тек менің ғана үйіме өрт қойылды. Нақты менің үйімді өртейді дегенді естіген жоқпын. Өрт қою мен ереуілдің арасында тікелей байланыс бар деп есептеймін.

- Тәртіпсіздіктер басталғанға дейін 16 желтоқсанда  не болғанын айтып беріңізші.

- Біз мерекеге дайындалдық. «ӨМГ»-ден 10 киіз үй жеткізілді. Жиналған адамдарды құттықтайтын кез болғанда, мен сахнаға шыққаным ыңғайсыз болар деп тартынып қалдым. Өйткені, алаңда біздің кәсіпорыннан жұмыстан шығарылған адамдар болды. Менің құттықтау сөзімнің оларға ұнауы неғайбыл еді.

- Мұнайшылар не істеді?

- Олар полицейлер қоршауын ығыстыра бастады. Оларды да полицейлер кері ығыстырды. Бірақ қантөгіске апаратындай ештеңе болған жоқ.

- Тәртіпсіздіктер басталғаннан кейін қандай шара алдыңыз, үйіңіздегі өрт туралы қалай білдіңіз?

- Мен полиция басшыларына, Айтқұловқа қоңырау шала бастадым. Бірақ байланыса алмадым. Дегенмен, содан кейін ҚІІБ орынбасарларының бірі (айқын емес) тұтқаны алды, ол маған: «Отбасыңды ал да, қаладан кет» деді. Мен отбасымды Ақтауға жібердім де өзім Жетібай поселкесіне кеттім. Кешке таман артқы аулаларды жағалап ҚІІБ-не кірдім. Ол жердегілер мені көпке дейін кіргізбеді. Сол жерде полицейлердің бірі менің үйімнің өртеніп кеткенін хабарлады.   

- Сіз бірден сол жерге бардыңыз ба?

- Иә, бірақ кірген жоқпын. Өртті көршілерім мен алыс туысқандарым сырттай бақылапты. Олар ойран салып, өрт тұтанған кезде үйдің жанында қара джип тұрғанын растап отыр.  Джиптен ойрандаушылар мен өрт қоюшыларға нұсқаулар беріліп жатқан. 

- Сіз ереуілге қатысты проблеманы шешуге тырыстыңыз ба?

- Иә, бірнеше рет. Жиналыстар, кездесулер, түсіндірме жұмыстарын өткіздік, тіпті сол уақыт ішінде ереуілшілердің ешқандай шартсыз жұмысқа шығуға мүмкіндіктері болу үшін жұмыстан шығару мораторийін де  жарияладық. УОС-5-ке ереуілшілерге бардық, бірақ үйлесімді әңгіме шықпады. Маған 59 цистерна мұнай ұрланғандығын айтты, алайда бұл туралы әңгіме мен «ӨМГ»-ге басшылық еткенге дейін басталған еді. Біз заңға сәйкес әрекет еттік, еңбекақыны Еңбек кодексіне сай төледік, мемлекеттік органдар, сот ереуілшілердің талаптарын заңсыз деп таныды. (Ешманов еңбек дауындағы өз ұстанымының дұрыстығын ұзақ  дәлелдеді). ӨМГ»-дегідей ұжымдық келісім-шарт еліміздегі еш жерде болған жоқ,тіпті қызметкерлердің туыстары қайтыс болған жағдайда көлікпен қамтамасыз етіп, бейіттерін тұрғыздық»... (Залдан және айыптыларға арналған тордан «Өтірік айтпа!» деп айқайлаған дауыстар естілді). Ешманов болса: «Мен ереуілді тоқтату үшін қолымнан келгеннің бәрін істедім, бірақ одан ештеңе шықпады» деп жалғастыра берді.

- Сіздің Талғат Сақтағановқа (ереуілшілердің жетекшісі – «АЖ» ескертпесі) бас араздығыңыз болып па еді?

- Жоқ.

- Сіздің оны қала сыртына алып кетіп, әлдебір спортшылардың көмегімен қорқытқаныңыз рас па?

- Мен спортшылар туралы қауесеттің қайдан пайда болғанын түсіндіргім келеді. Маған спорттың ұлттық жекпе - жек өнерінің түрлерімен айналысатын жігіттер келіп, демеушілік көмек сұрады. Тіпті, олардың қоғамдарының құрметті төрағасы болдым.

- Ереуіл белсенділерін атай аласыз ба?

- Нақты атай алмаймын, оларды оппозициялық партиялар итермеледі.

Әрі қарай сұрақтарды сотталушы мұнайшылардың адвокаттары қойды.

- Демалыс лагерлеріне кетіп бара жатқан мұнайшылардың балаларын не үшін автобустан түсіріп тастадыңыз?

- Мен өзім түсірген жоқпын, мұны басқалар жасады. Ереуілге шыққан мұнайшылардың балаларын жібермеу туралы басшылықтың бұйрығы болды. Өйткені ұжымдық келісім-шартта барлық әлеуметтік жеңілдіктердің, кепілдіктердің ереуілшілерге қатысты жарамсыз екендігі айтылған.

- Сіз мұнайшыларға «екінші Қырғызстан жасаймын» деп айттыңыз ба?

- Мені дұрыс түсінбеген, біз Қырғызстанға ұқсауға тиіс емеспіз деп айттым.

- Сіз қандай мөлшерде зиян шектіңіз?

- 41 миллион теңге, бірақ тергеуге тартылған сарапшылар зиянды 10 миллионға бағалап отыр.

- Неліктен сіз зиянды 41 миллионға бағалап отырсыз? Сіз  не, ол жердің қабырғасын мәрмәр тастан қаладыңыз ба?

- Жоқ, бірақ бұл 15 жылда жинаған дүние-мүлкім болатын.

- Сіз 7 ай ереуіл барысында неше рет алаңға бардыңыз?

-  Өзім бірде-бір рет барған жоқпын, «ӨМГ» қызметкерлері барды.

- Коэффициенттерге қатысты не айта аласыз, бұл заңды талаптар ма?

- 2009 жылы мұнайшылар енгізілген еңбекті төлеу жүйесіне өздері келісім берді, олардың талаптарын заңсыз деп есептеймін.

- Сізді Қараман атаның бейітінің басында әлдебір ант беріпті деген сөз рас па?

-  Мұны ант деп атай алмаймын, маған сол жерге барып, келіссөз жүргізуді ұсынды. САРБӨПЕЕВ, ӘМИНОВ, САҚТАҒАНОВ... (соңғы екеуі – ереуілге шыққан мұнайшылардың көшбасшылары – «АЖ» ескертпесі) болды. Біз жерасты мешітіне түсіп, сол жерде отырып сөйлестік. Жігіттер тарапынан жақсы сөздер көп айтылды. Олар біздің халық үшін жұмыс жасауға тиіс екендігімізді айтты. Шығар алдында мен басшылыққа айттым, олар рұқсат берді. Есімде, сол мешіттің қызметкері маған: «Сен боқтыққа батқансың», - деді, оның бұл сөзі менің шамыма тиді.

- Сіз «ӨМГ»-ге келген уақыттан бастап ереуілдер, жұмысшылар тарапынан наразылықтар жиілеп кетті, сіз мұны немен байланыстырасыз?

- Бұл арандатушылар мен айдап салушылардың ісі деп ойлаймын.

- Осы 37 айыпталушының ішінде сіздің үйіңізді өртеп-тонағандар бар деп біреу айтты ма?

- Жоқ, оны соттың өзі шешсін. Егер мемлекет өтемақы берсе аламын, бұл адамдардан қазір талап ете алмаймын.

- Сіз мұнайшылармен келіссөз жүргізу қиын болды дедіңіз, неліктен?

- Өйткені бірнеше топ құрылды, олардың әрбіреуінің өз талаптары болды.

- Қандай топтар?

- Бұлар Орынбасар ҚҰЛЫБЕКОВТІҢ, Жак ӘМИНОВТІҢ, Ықылас ШАҢГЕРЕЕВТІҢ топтары және тағы кәсіподақ комитеті.

- Сіз Алаңда ауқымды шаралар өткізбеу жөнінде ұсыныс жасадыңыз ба?

- Егер қалада тәртіпсіздіктер туралы сыбыстар жүріп жатса, шара өткізудің қажеті қанша деп түсінбеушілік білдірген едім. Алайда Орақ Сарбөпеев бәрінің шешіліп қойғанын айтты.

- Сіздің Талғат Сақтағановпен қарым-қатынасыңыз қандай?

- Жақсы болатын, бірақ кейін ол менімен араласпай қойды. Өз басым оны тонап, өртеді деп айып тақпаймын.

- Сіз ереуілшілердің талаптары заңсыз дегенге тоқтайсыз ба?

- Жаңаөзендегі сот оларды заңсыз деп шешті, мен сотпен келісемін.

- Сіз бухгалтерияның есебін алдыңыз ба?

- Кейбірін алдым.

-  «Жировкаларды» көрдіңіз бе? Неліктен олар екі түрлі болды?

- Олар екі түрлі болған жоқ. Егер болған болса, тиісті органдарға арыз беріңіздер.

9 мамыр 2012, 16:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.