Өзбекстанның алтын-валюта қоры 2017 жылы 1,4 миллиард долларға артты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Өзбекстанның Орталық банкіне сілтеме жасап.
2017 жылдың қорытындылары бойынша, таза алтын-валюта қорының көлемі 26,6 миллиард долларды құрады. Орталық банк төрағасының бірінші орынбасары Тимур Ишметовтің айтуынша, оған өткен жылғы күзден бері 750 миллион доллар қосылған.
2017 жылдың екінші жартысында ақша-несие саясатын өзгерткен маңызды макроэкономикалық факторлардың бірі валюта саясатының ырықтандырылуы болды.
Қолданылған шаралар 2017 жылдың алғашқы жартысымен салыстырғанда, қыркүйек-желтоқсан айларында банктердің шетелдік валюта сату-сатып алу бойынша жүргізген орташа айлық операцияларының тұрақты түрде артуына жағдай жасаған.
Нақтырақ айтқанда, заңды тұлғалардың шетелдік валютаны сатып алу көрсеткіші 60%-ға, ал сату көлемі төрт есеге артқан. Қыркүйектегі девальвациядан кейін шетелдік валютаны Өзбекстан ұлттық валютасына айырбастау бағамы біршама тұрақтанды: 1 АҚШ долларының орташа бағамы 8049-8138 сум төңірегінде сақталды.
Дереккөз: inform.kz