Атырау, 27 желтоқсан 07:36
 ашықВ Атырау +1
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Елеусіз қалған шағымдар

4 173 просмотра

Қаңтардың 25-і күні Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Атырау облысы бойынша басқармасы былтырғы жылғы жұмыстарын қорытындылады. Осыған орай өткізілген баспасөз мәжілісінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі құзырлы органдардың тарапынан мүлдем орындалмай отырғандығы белгілі болды.  

Оған дәлел, аталмыш басқарманың жыл сайын жүргізіп отырған мониторингі мен тексерулері. Ал өткен жылғы мониторинг бойынша «Тұлғалар өтініштерінің бірыңғай есебі» атты автоматтандырылған ақпараттық жүйенің дерекқорындағы мәліметтерге сәйкес, заңмен белгіленген мерзімде орындалмаған 1270 өтініш қаралған.  

Мәселен, 2010 жылдың 8-қарашасында облыстық ішкі істер басқармасы азаматша Г.Миралиеваның шара алу туралы берген арызына жауапты 1,5 айдан кейін қайтарған.

Осылайша облыстық ішкі істер басқармасы азаматтардың 118 арызын уақытында қарамай, заң бұзушылықтарға жол берген. Нәтижесінде, үш қызметкер жауапкершілікке тартылып, оның екеуіне сөгіс, біреуіне ескерту жасалған.

Осыған ұқсас жағдай «ОблаТрансГаз» КМК-да да орын алған. Азаматша Б.Мұғалімова табиғи газды қосуға рұқсат беруін сұрап арыз жазғанымен, мекеме оның өтінішін бір айдан аса уақыт қараған. Бұл мекемеде өткен жылы 31 өтінішке қатысты заң бұзушылықтар кездескен.

Жоғарда көрсетілген дерекқорды жасақтап отырған құқықтық статистиканы қалыптастыру бөлімінің аға прокуроры Максим ТОЛСТОВТЫҢ айтуынша, 2010 жылы түрлі мемлекеттік органдар атына облыс халқынан барлығы – 439 842 өтініш түскен. Соның 323 022-сі жеке тұлғалардікі, 116 820-сы заңды тұлғалардікі.

Бұл 2009 жылмен салыстырғанда, 4 пайызға жуық төмендегенін көрсеткен. 2009 жылы түскен өтініштердің жалпы саны – 443 860 болса, оның 393 323-і жеке тұлғалардан, 104 537-сі заңды тұлғалардан.

Жалпы, есепке алынған өтініштер мен арыз-шағымдардың басым бөлігі - қалалық және облыстық әкімдіктерге (131 858 өтініш) және әділет басқармасына (50 402 өтініш), салық органына (175 309 өтініш) және ішкі істер органдарына (17 399 өтініш) жазылатыны байқалған. Бұл өтініштердің 96,3 пайызы мемлекеттік органдарға тиесілі екендігін көрсетіп отыр.

Облыс тұрғындары тарапынан келіп түсетін өтініштер әсіресе - жылжымайтын мүлікке (7 279 өтініш), жер және жерді пайдалануға (52 549 өтініш), салық және басқа да төлемдерге (175 486 өтініш), тұрғын үй және коммуналдық шаруашылыққа (15 691 өтініш), неке және жанұяға (12 642 өтініш), еңбек және халықты жұмыспен қамту бөліміне (11 432 өтініш), әлеуметтік және зейнеткерлік мәселелерге (7 690 өтініш) қатысты екен.

Кейбір органдар өтініштер санын жасырып қалуға тырысатыны байқалған. Мәселен, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі жалған мәлімет берген.

Басқарма бастығының орынбасары Аталық БОРАШОВТЫҢ мәлімдеуінше,жалпы, өткен жылы тіркелген өтініштердің 352 309-ы, яғни 80,4 пайызы (2009 жылы - 350 427, 79,8 пайыз) қанағаттандырылған. Оның айтуынша, бұл көрсеткіш демек, арыз-шағымдардың дұрыстығын білдіреді. Сондай-ақ, ол арыз-шағымдардың көп болуы себебі - көпшілік мекеме басшылары жұмыс барысында, заңды орындау кезінде азаматтардың құқықтарын бұзады. Осыдан барып халық арыз-шағым беруге мәжбүр болады деп отыр. «Байқап қарасақ, кейбір мекемелерде арыз-шағымдар көп. Ол сол мекеменің басшысы заң талаптарын сақтамай, азаматтарды арыз-шағымдар жазуға мәжбүрлейді деген сөз.Тексере келе, біз мекеме басшыларының сөзбұйдалыққа салып, шағымдарды уақытында тексермейтіндігіне көз жеткіздік. Азаматтың сұрап отырған арызына берілетін жауап иесіне жетпейді де, оларды қайтадан арыз жазуға итермелейді. Тіркелген 439 842 арыз-шағымға қарасақ, облыс халқының ½-і (екіден бірі-А.А.) арыз-шағым жазатын сияқты ғой. Бұл не нәрсе? Бұл - облыста заңдардың қолданылуы мен азаматтардың құқықтарына тірелген мәселелердің әлі дұрыс жолға қойылмай, шешілмей келе жатқандығын білдіреді» деді Аталық Құрманұлы. Осыған байланысты биылғы жылы өтініштерді есепке алып қана қоймай, құзырлы органдардың талаптары мен азаматтардың өтініштерінің дұрыстығын, және олардың не себепті дер кезінде қаралмай жатқандығын анықтау үшін мониторинг өткізіп, жауапкершілікке тарту мәселелері қаралатынын жария етті.

Ал басқарма бастығы Серік АРЫНОВ былтыр қарашаның 15-і күні Ақмола облысында «Айқын» сынақтық жобасы жұмысын бастағанын атап өтті. Бұл жоба азаматтар мен мекемелер өздері өтініштерінің қаралу барысын интернет желісі арқылы толық бақылап отыруға мүмкіндік береді. Жоба жұмысы жүзеге асса, еліміздің барлық өңірінде де осындай ашықтық бастамасы жолға қойылмақ.  

ҚР-ның «Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы» Заңына сәйкес, басқарма субъектілерден алынған құқықтық статистиканың дұрыстығы мен нақтылығын, толықтылығын ғана тексеріп, «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңы мен «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін есепке алу» ережесі бойынша жұмыс істейді. Сондай-ақ, халықтың өтініштері қаралу кезінде заң бұзушылықтар орын алған жағдайда мына сенім телефондарына хабарласып, тиісті жауап алуға болады: 27-20-27, 27-20-40. Одан бөлек, толық түсіндірме алу үшін аталмыш басқарма басшылығының қабылдауына да кіруге болады.  

Тексерулер мен мониторингтер қорытындысы бойынша, өткен жылы басқарма тарапынан 28 ұсыныс беріліп, 21 ақпараттық хат жолданды және 41 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

27 қаңтар 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.