Өзбекстан мұсылмандарының діни басқармасы (ӨМДБ) АҚШ Мемлекеттік департаментінің дін еркіндігі туралы баяндамасын "қате" деп есептейді. Вашингтон Өзбекстанды азмааттардың діни наным-сенім еркіндігін бұзатын елдердің тізіміне енгізген еді.
"Айта кетерлік жайт, баяндаманы құрастырғандар Өзбекстанда жұмыс істейтін 16 діни конфессиядан ақпарат сұрамаған. Атап айтқанда, Мұсылмандар діни басқармасы, Ташкент ислам университеті және имам Бұхари атындағы халықаралық ғылыми-зерттеу орталығына ешкім хабарласпаған. Белгісіз дереккөздерге сүйенген америкалық мамандар Өзбекстандағы дін еркіндігіне қатысты жалған қорытынды жасаған" делінген діни басқарма мәлімдемесінде.
Басқарма дерегі бойынша, өткен жылы дін саласында елеулі өзгерістер болған. Атап айтқанда, Ислам өркениеті орталығы және имам Бұхари мен имам әл-Термизи атындағы халықаралық зерттеу орталығы ашылған. Облыстарда ислам ғылымын зерттеуге арналған бес ғылыми мектеп жұмыс істей бастады.
Өзбекстан мұсылмандарының діни басқармасының мәліметінше, республика бойынша 15 мешіт салынып, 55-і жөнделген.
Дереккөз: azattyq.org