Атырау, 14 қараша 07:27
 бұлттыВ Атырау +5
$ 492.17
€ 522.39
₽ 5.00

Індет ошағы іргеде тұр

5 161 просмотра

Христиандардың марқұм болған жандарды еске алу күні атыраулық православиеліктер үшін нағыз сынаққа айналды. 24 сәуірде редакцияға ашу-ызаға толы қоңыраулар соғылды. Бұған зират ішін алып кеткен нәжістердің жағымсыз иісі себеп болды. Азғана тергеу жүргізген біз тек иіс қана емес, қалаға нақты індет қаупі төнгенін анықтадық.

ЕРЕКШЕ КӨРШІЛЕСТІК

Ата-аналар күнінде соққан жел зират ішіне ащы иіс таратты. Иіс бір жерлерде әлсіз сезілсе, енді бір жерлерде қолқаны жаратындай еді.

- Қалалық зиратқа туыстарым жерленген болатын, осы жерде орын алған жағдайға қорландым, - дейді қала тұрғыны Ирина ЛИСОВА. – Қызым әкесінің басына зиярат ету үшін Алматыдан отбасымен бірге арнайы келген еді. Бұл жерден жабығып кетті: айнала қоқыс, күлімсі иіс. Өлі жандарға, әрине, бәрібір ғой, бірақ бізге, тірілер үшін бұл маңызды. Біздің жанымызды жаралағандай болды.

Үш жыл бұрын православиелік зиратқа жақын жерге 1 000 бас малға арнап «Асыл Агро» шаруашылығы салынды. Зиратқа өте жақын жерден учаскені қалай бөліп бергені белгісіз. «Асыл Агро» директоры Нүфтолла ҚҰЛБАСОВ менің бірде-бір қоңырауыма жауап беруді қажет деп таппады. Бірақ, егер тау Мұхаммедке келмеймін десе...

Дегенмен, тауды шынымен де тауып алдық. Тау боп үйілген күлімсі тезектер еш күмән қалдырмады – иістің көзі осы жерде екен. Шындығын айтқанда, өзіміздің де жүрегіміз айнып тұрды: тезекке үймелеп құжынаған шыбындар, жылы күннің шуағы – жазда ащы иіс жақын маңда орналасқан мұсылмандар зираты мен сол маңдағы поселкені де алып кететін шығар.

-  Иә, бізге зиратқа келетін адамдар жиі шағымданады. Не бопты? - деді мал жемдейтін шаруашылық жұмысшысы Ерлан деген біреу. – Бұл жерді суретке түсіруге қақыларың жоқ. Бұл жеке қожалық. Егер ештеңе сатып алмайтын болсаңыздар, бұл жерден кетіңіздер.

 

КІМНІҢ СОҚЫРШЕГІ?

Тағы бір жайт.  Зират шетінде сұрауы жоқ мүрделерді көметін орын бар екені белгілі. Мұны қалай істейтіндігі туралы қалада сұмдық аңыздар айтылып жүр. Алайда осынау нөмірленген төбешіктерден қашық емес жерлерге операциядан кейінгі адам ағзалары да көміп тасталатыны мен үшін жаңалық болды.

Бұл жерді иттер тобырымен жаулап алыпты. Біз жақындай бергенде ауыздарына әлденені қыстырып, жан-жаққа қашып кетті.

Шала көмілген шұңқырлардан қан-қан болған пакеттер, қанмен күреңделген резіңке қолғаптар, сәл әрігіректе бір мәрте пайдаланылатын медициналық пакеттерден адам ағзаларының бөлшектерін көрдік. Бұл көрініс жүйкесі шамалы жандар үшін жан түршігерлік болатын.

Редакцияға келген кезде, зират әкімшілігімен хабарласып, ахуалға түсінік беруді өтіндік.

- Шамасы, біздің бәсекелестеріміз ластаған шығар немесе өздеріңіз тастаған боларсыздар. Сіздерге кім тапсырыс берді? – деп тұқыртып тастады зират директоры Ольга ПАВЛЕНКО, содан соң: - Сенбеймін! – деп қосып қойды.

Зират әкімшісі Виктория СИНИЦЫНАМЕН (суретте) бірге қайтадан операция қалдықтарын көметін жерге бет алып, қанға боялған пакеттер шығып тұрған шұңқырларды көрсеттік.

- Бұл біздікі емес.

- Енді кімдікі? Ана жерде «операциялық қалдықтар» деген маңдайша тұр, айналада бәрі шашылып жатыр. Биоқалдықтарды осылайша ұқыпсыз көметін зират қызметкерлері ғой.

- Олай емес. Бұл адам ағзасы емес. Бұл қасапханадан келген, - деп өз үкімін шығарды В. Синицина «етті» мұқият зерттеген соң. – Мұның қазбалайтын несі бар? Мен бейіттен аяқ-қол шығып жатыр екен деп ойлап қалып едім, ал сіздер осындай ұсақ-түйек үшін бізді мазалайсыздар. Адамдарды жете білген сайын, иттер көбірек ұнайтын болды.

- Бірақ операциядан кейінгі материалдарды көмудің қатаң ережесі – инфекцияның таралмау кепілдігі ғой. Ол жануарлар мен құстар үймелемес үшін белгілі бір тереңдікте көмілуі тиіс. Жұқпалы індеттер аз емес қой!

- Айттым ғой, біздікі емес деп. Біз бәрін өз деңгейінде жасаймыз, көріп тұрсыз ба, тіпті бәріне хлор себілген.

ҚОРЫМДАҒЫ АҚИҚАТ

Бізге зират жанындағы діни жоралғылар қызметі кеңсесінің бұрынғы қызметкерімен тілдесудің сәті түсті. Фамилиясы мен қазіргі жұмыс орны туралы атап көрсетуге қатаң тыйым салған Алексей былай деп әңгімеледі:

-Менің міндетім қабір тасын орнату болатын, бірақ медициналық қалдықтарды қалай көметінін жиі көретінмін. Шұңқырға түсіктен кейінгі шараналар салынған пакеттерді лақтыратын, өлі туылған сәбилер де кездесетін. Осынау көрініс әлі күнге дейін көз алдымда. Толтырылған қаптардың үстіне топырақты шамалы себелейді. Шамасы уақытты немесе орынды үнемдеу үшін болса керек. Келесі қапшықты бірнеше күннен кейін алып келеді, тағы да топырақ себелеп, шұңқыр толғанша солай жалғастыра береді. Жалпы ит-құстар шығарып алмас үшін бәрі шұңқырдың түбінде көмілуі тиіс.

Облыстық патологоанатомиялық бюроның бас дәрігері  Исатай МОЛДАҒАЛИЕВ ағзалардың зираттарға көму үшін әкелінетінін растады:

- Бізге мүрделер, онкологиялық ауруханадан, облыстық ауруханадан, перзентханалардан және т.б. жерлерден адам тіндері келіп түседі, біз оларды зерттейміз. Егер криминалмен байланысты болса, сот-медициналық сараптамаға жібереміз. Біздің тексеруімізден кейін барлық тіндер қапқа салынып, арнайы контейнерлердегі мұздатқыш камераларда сақталады. Әр 2-3 күн сайын жерлеу бюросы материалдарды алып кетіп, арнайы бөлінген орынға көмеді, - деген ол, таяу арада кесіп алынған жатыр миомасын көрсетті. – Мынаны әлі зерттеп, тексеруіміз керек. Тікелей жерлеумен біз айналыспаймыз.

- Мұның бәрін контейнерлерге саласыздар ма?

- Жоқ, полиэтилен қаптарға.

- Демек, олар абайсызда жыртылып кетуі мүмкін екен ғой?

- Иә.

 

БАҒЫНЫШТЫ ЕМЕС

Қазақстанда ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен 2010 жылы 23 шілдеде бекітілген №533 денсаулық сақтау нысандарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бар. Онда медициналық қалдықтар қауіпсіздік дәрежесі бойынша 5 сыныпқа бөлінеді. Адамның биоқалдықтары «Б» санатына жатады және эпидемиологиялық төтенше қауіпті деп сипатталады. Зақымдалған ішкі ағзалар мен адамның аяқ-қолдарын алып тастайтын операциядан кейінгі қалдықтар жалпы өртелуі тиіс. Алайда крематория жоқ болғандықтан, оларды көмеді. Қалай көметіндігін біз көрдік.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау комитеті департаментінің директоры Тимур СУКАШЕВПЕНәңгімеміз қысқа болды:

- Бірнеше жылдан бері зират бізге есеп бермейді.

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

 

Мал шаруашылығының қалдықтары күшті ластану көзі боп табылады. Онда ауру жұқтыратын организмдердің болуы вирустық және паразиттік ауруларды туғызуы мүмкін. Топырақта түрлі инфекциялық аурулардың (іш сүзегі, дизентерия, тырысқақ, сальмонеллез, бруцеллез, оба, көкжөтел) қоздырғыштары таралуы мүмкін. Топырақ өздігінен тазаланбайды немесе өте баяу тазаланады. Олар топырақтан ашық су тоғандарына, жерасты суларына түсіп, су, балық немесе өсімдік арқылы адам ағзасы түсуі мүмкін.

9 мамыр 2012, 15:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.