Жақында ХҚКО-ға барып, бір айлық баламды балабақшаға кезекке қойған едім. Менің алдымда 24 мың 712 адам болды. Жыл сайын бірнеше мың бала мектеп табалдырығын аттап, орын босататыны түсінікті. Дегенмен, қара ақылға салсақ, үш жылда кезек келіп үлгермейтіндей көрінеді. Бұл солай ма?
- Жоқ, олай емес,- деп есептейді Атырау қалалық білім бөлімінің мектепке дейінгі тәрбие жөніндегі бас маманы Айжан ЕСМАҒАНБЕТОВА. - Соңғы жылдары көптеген мектепке дейінгі тәрбие мекемелері салынып жатыр. Былтыр «Бірлік», «Геолог» ауылдарынан жаңадан 2 балабақша пайдалануға берілді, биыл Нұрсая ықшам ауданы мен Еркінқала, Атырау округінен 3 балабақша іске қосылса, осы маусымда 6 мыңға жуық бүлдіршінді қабылдауды жоспарлап отырмыз. Бұған дейін әр жыл сайын 3000-нан аса бүлдіршін балабақшаға орналастырылатын. 2018 жылы 2015 жылы тіркелген барлық арыздарды қанағаттандыруға тырысамыз.
Бүгінде Атырауда және қала сырытндағы елді мекендерде 43 мемлекеттік және 34 жеке меншік (бұлардың 17-сі мемлекеттік тапсырыс алады) балабақша жұмыс жасайды. мемлекеттік балабақшада ай сайынғы төлемақы - 10 мың теңге.
Соңғы жаңалық - ас мәзіріндегі өзеріс - енді балаларға сағат 11-де екінші таңғы ас беріледі.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор