25 мың халқы бар Исатай ауданында Ұлы Жеңістің 50 жылдығында 105 соғыс ардагері болып еді. Қазір екеуі-ақ қалыпты. Соның бірі «Даңқ» ордені мен бірнеше медальдардың иегері Мұхат БЕРКАЛИЕВ
ВИТЕБСК ҚАЛАСЫ ҮШІН ТАРТЫС
Қиян-кескі соғыстың қызған шағы. Гүрсілдеген бомбадан жер асты-үстіне түсіп жатыр, нағыз тажал дерсің. Дала көк түтін. Оқ пен оттың иісі мұрынды жарады. Жауынгерлерге Витебск қаласы үшін күресуге тура келді. Қалаға өзен арқылы жетуге болатын. Онша қашық болмаса да әрбір қадам үшін қиян-кескі ұрыс жүрді. Жас жауынгерлер қанша жүрексінсе де алға ұмтылып келеді, жанқиярлықпен өзеннен де өтеді. Алда Витебск қаласы. Осы кезде Мұхатқа жақын жерден снаряд жарылады.
-Бұдан кейін біразырақ не болып жатқанымды өзім түсінбедім. Түс сияқты,-дейді өткенге ой жүгірткен ол.
Қай жерінен жараланғанын білмей, есінен қайта-қайта айрылған ол бір кезде қасына келген жауынгердің үңіліп:
-Тірі екенсің. Мен қазір санитарларға айтармын,-дегенін естіді.
Есін бір жиғанда, зембілде. Кеуде тұсы көтертпейді, сол қолының жаны жоқ сияқты. Шылқыған қан. Дала госпиталіне әкелінген Мұхаттың қасына келген дәрігер басын шайқап-шайқап кетіп қалды. Ауыр дене жарақатын алған ол есі кіресілі-шығасылы болып жатты да қойды. Дала госпиталі жарақаттары жанына батқандықтан ыңырсыған, айқайлаған жауынгерлердің үніне толы. Мұхатты орталық госпиталге жіберді. Жол үстінде ойламаған жерден ауылдасы Әбілхайыр БАЙДАУЛЕТОВТЫ көріп қалады. Бүкіл ауыл көшіп келгендей күй кешкенін қайтерсің. Ол да көп тұрмады «жазылып кетесің, ештеңені ойлама» деп қояды жүгіре басып. Мұхатты госпиталь дәрігерлері ары бері қарап:
- Снарядтың жарқыншағы төс сүйектің астында, шандырға ілініп тұр. Ота жасауға болмайды, екі ай осылай жатасың. Кеудеңді сол қолыңмен тосып жүгіргенсің, соның арқасында тірі қалыпсың, көрер жарығың бар екен, екі саусағың садаға, бастың амандығын ойла,-деп жатыр. Көнбеске не шара, екі саусағы молтық болып қалды, кеуде тұсы шіріп жатыр. Табандап 2 ай жатты.
ТІРІДЕЙ КӨМІП ҚОЙЫПТЫ
Аяғына тұрғасын 3 топтағы мүгедек Мұхат елге жіберілді.2 санитар Гурьевке (қазіргі Атырау қаласы. Л. Қ.) әкеліп «әрі қарай өзің жетерсің» деп тастап кетеді. Қараңғыда поездан түскен ол қайда барарға білмей, бір үйдің ауласына түнейді. Таң атар-атпас Таскран қайдасың деп тартып отырады. Жолай Нарындағы военкоматқа келеді. Тіркелу керек. Мұның қолындағы анықтамаға бір қарап, біресе делосына қарап, военком аң-таң.
-Сен қашқынсың, Беркалиев Мұхат баяғыда өліп қалған. Сондықтан сені тұтқындаймын.
Мұхаттың сөзіне сенер емес, санитарлар болса кетіп қалған. Сол жерде басынан өткеннің бәрін баяндап береді. Военком сенгендей қалып танытады, көңілінде күдік бары да сезіліп тұрды. Ауылға барғанда да тек әке-шешесі аңырап қарсы алды. Қалғандары сол ма, сол емес пе дегендей қарайды кеп. Әбден жүдеген Мұхаттың кескін келбеті ауылдан кеткеннен өзгерген. Селолық Совет төрағасы келді шауып, анықтамасын дұрыстап тұрып қарады. Осы кезде Мұхаттың 13-14 жас шамасындағы інісі Оңғарсын екі бірдей «қара қағазды» Совет төрағасының бетіне лақтырып жіберді. Ол Мұхаттың 2 рет соғыста қаза тапқанын білдіретін анықтама еді. Соғысқа кеткен 6 бірдей ағасының хабарсыз қалғанын анасы көтере алмас дегендей, қара қағаздарды селолық Советте жұмыс жасайтын Оңғарсын тығып жүреді екен.
Соғыстан соң 4 ағасы майданнан оралды, тек Мұханбетжан ғана хабарсыз кетті. Көзі жұмылғанша әке-шешесі Беркалы мен Жұмахан, артында қалған ұрпағы келіп қалар деп жолға қараумен болды. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» дегендей, бірнеше ай хабарсыз жоғалған Мұхат та келіп еді, деп дәмеленген.
Соғыс елге де оңай тимеген, жүдеу, ашқұрсақ жандар ашынған. Ол бірден егінге мотор айдаушы болды. Кейін жүргізуші, қоймашы міндетін атқарды. 1948 жылы осы өңірдің тумасы Тояшқа үйленіп, екеуінен 11 бала дүниеге келіп, 7-уі тірі. Олардан немере, шөбере сүйіп отыр. Келесі жылы Тояшпен бас құрағанына 55 жыл толады.
- Біз соғысты көзбен көрдік, қиындығын өмір бойы тарттым. Ендігі ұрпақ соғыс өртін көрмесін, ел тыныш болсын деймін, - дейді Мұхат Беркалиев.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА