Атырау, 2 қараша 19:23
 бұлттыВ Атырау +11
$ 488.11
€ 530.09
₽ 5.01

Бұл біздің жауынгерлер!

5 981 просмотра

Украина жерінде Ұлы Отан соғысы жылдарында жерленген біздің жауынгерлердің туысқандарын іздестіруге арналған мақалалар («Ол Харьков түбінде қаза болды» «АЖ» №16, 19.04.2012 жыл, «Бір дерегің болар ма екен, есіл ер...»,  «АЖ» №18, 3.05.2012 жылғы сандарын қараңыз) өзінің алғашқы нәтижелерін бере бастады.

«АЖ» газетінде жарияланған Харьков облысы Большая бабка селосында жерленген жауынгерлер тізімінің ішінен Нұрғаным НЫҒМЕТОВА өзінің атасын тауып алған, оны бүгінгі күнге дейін таяуда ғана қайтыс болған әйелі мен балалары іздестіргенмен, нәтиже болмаған еді. 

- Оқып отырып, көзім түсіп кетті,  менің атам - Бекенқожа АЙДАРҒУЖИЕВ.  Атамды табамыз деген үміт үзілгелі қашан,  – дейді қобалжыған  Нұрғаным. – Әжем оны өмірінің соңына дейін күтті, өйткені, одан қара қағаз келмеген еді, кейін оған хабар-ошарсыз кетті  деп айтты, бірақ, әжем бәрібір күтті. Менің әкем де өзі өмірден өткенше әкесін, не болмаса оның зиратын қалайда іздеп табамын деп үміттенді. Менің өзім интернеттен іздедім, басқа да ақпарат көздерінен қарадым. Алдыңғы жылы шыққан  «Боздақтар» кітабында да біздің атамызды хабар-ошарсыз кеткендер тізіміне енгізген. Түрлі дерек көздеріндегі ақпараттар да түрліше. Мен атамның туған жылын нақты біліп алдым және сіздердің газеттеріңіздегі барлық көрсетілген мәліметтер: мекен—жайы, туған жылы, әскерге шақырылған жері бәрі дұрыс келіп тұр, тек әжеміздің есімі ғана бұрмаланған, тізімде «Залина» деп жазылған, ал шынында оның есімі Злиха. 

Нұрғаным Атыраудағы іздестіруді ұйымдастырушы өз атасы Өтеш ҚАРАБАСОВТЫ іздестірген Әділғали БАЙМЫРЗАҒА хабарласқан. Ал, ол осы мәліметтермен қатар, 1942 жылы Украина жерінде жерленген жүздеген біздің басқа да жерлестеріміз туралы да ақпарат алды.

- Стандартты сызба бойынша бізге міндетті түрде РФ Қорғаныс министрлігінің Подольскідегі орталық мұрағатына баруымыз керек екен, алайда, украиндықтар бізге көмектесуге дайын, оларға облыстық әскери комиссариаттың мұрағатындағы әскерге шақырылу жөніндегі барлық қолда бар мәліметтер туралы анықтама берілсе болды – дейді  Әділғали. – Біз Нұрғаным екеуміз әскери комиссариатқа бардық, олар  анықтаманың  бір аптадан соң дайын болатындығына уәде етті. Анықтаманы алғаннан соң Харьков облысының Чугуевский әскери комиссариатына біздің жерленген ата-бабаларымызды тізімге енгізу туралы өтінішті жолдаймын.

Бұл демек, 202 атқыштар полкінің 81 атқыштар дивизиясының жауынгерлері Өтеш Қарабасов пен Бекенқожа Айдарғужиевтің есімдері жаңа бой көтеретін мемориалдық ескерткіш тақтасына жазылады деген сөз.

Редакцияға шамамен Харьков түбінде Перковка селосында жерленген жауынгер Қизат ҒАБДУЛЛИННІҢ (тізімде Қизат Ғабдулиев) немересі қоңырау шалды:

-Атамызды көп жылдар бойы іздестіріп келдік, ол адамның атам екендігіне мен 99 пайызға сенімдімін, бәрі сәйкес келеді, тек әжеміздің есімі ғана қате кеткен, әжеміздің есімі – Меркура емес, Маскура, әрине бұл жазылу барысында кеткен әріп қате. Әжеміздің бүгінгі күнге жетпей кеткені өкінішті-ақ. Біз Макка ҚАРАЖАНОВАҒА (Харьковтегі қазақ жерлестігінің жетекшісі) және Әділғали Баймырзамен хабарласып, біраз мәселені талқыладық.

Жерленгендер тізімінен өз туысқандарын тапқан адамдарға Әділғали Баймырзаның электронды мекен-жайын естеріңізге саламын: baimyrza_a@mail.ru

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

 

Ә. Баймырза: - Әлдебір кездейсоқтықпен мен Большая бабкада жерленгендердің жария етілген тізіміне тағы бір есімді – Сәрсен НЕТАЛИЕВТІ енгіздім. «Наталиев Сырсн» деп жазылған және әскерге Томарлы селосынан шақырылған, бірақ, Кашемировский аудандық әскери комиссариатынан шақырылған деп жазылған, бірақ, ондай комиссариатты естігенім жоқ.  (Соған қарағанда қате жіберілген сияқты, бұл жерде әңгіме Қайыршақты селолық округі туралы болуы мүмкін – З.Б.). Әйелінің есімін анық оқи алмадым, кешірім сұраймын. Жария етілген 99 іздестіріліп жатқан жауынгерлер тізіміне жүзінші тағы бір жерлесіміздің есімін енгізуді сұраймын.

 

Несібелі ИМАНДОСОВА өзінің қайын атасы Хасан ЖАҚСЫЛЫҚОВТЫ тапты: - Біз Подольскіге бірнеше рет сұрау жолдадық, екі рет оның «хабар-ошарсыз кеткендер» тізімінде екендігі туралы жауап алдық, соңғы рет 1982 жылы бізге тіпті, жауап беруден қалды. Одан туысқандары соңғы хатты 1942 жылдың ақпан айында алған: «Бас аман-денім сау, Соль-Илецкідеміз», бұл бұрынғы Чкалов облысы, қазіргі Орынбор облысы болатын. Енем мен жолдасым өмір бойына бірі әкесін, бірі күйеуін іздеді, ол туралы еш дерек таппастан олардың өздері де дүниеден өтті. Ақыр соңында атамыз туралы деректі тауып берген жандарға алғыс айтамыз. 

9 мамыр 2012, 15:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.