Атырау, 25 қараша 18:24
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Қолжетімді орта»: қағаз жүзінде және өмірде

Сурет Бейнежазба
5 218 просмотра


Чехиялық құрбыммен Атырауды аралап жүріп, дүкендер мен кафелердің кіреберісіндегі өте биік пандустарға назар аудардым. «Бұл пандустар арқылы ішке кіру мүмкін бе?» деп біраз талқыға салғаннан кейін құрбым маған: «Сен көшелерден мүгедектерді көрдің бе?» деп сұрақ қойды.

- Жоқ. 

- Қызық, бәлкім, сіздерде жоқ шығар? Прагада оларды жиі кездестірем, әсіресе, демалыс күндері. Олар Влтава өзенінің жағасында аққуларға жем шашқанды жақсы көреді, кофеханаларға барады, иттерін ертіп бақтарда серуендейді, қала ішінде емін-еркін қозғалады.

Бүгінде біздің мұнайлы астанада 305 мың адам тұрады, оның 21 мыңдайы – мүгедектер, соның ішінде, арбаға таңылған 634 жан бар. Ал соңғы жылдары көшеден олардың бірде-біреуін көрген емеспін. 

ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ЖҰМБАҒЫ

- Адам өзін мүгедек қылған зақымды алған кезде ішкі дүниесінде күрес басталады. Бұл торығып, күйзеліске ұшырайтын уақыт. Енді мойынсұнғандай болған кезде, өз пәтеріңнің алғашқы табалдырығына «сүрінесің». Содан соң қайтадан төрт қабырғаға қамаласың, - дейді арбаға таңылған Гүлназ ҚОСМҰРЗИЕВА. 

Атырау облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы Темір ЕСТЕБАЕВТЫҢ айтуынша, мүгедектер үшін мемлекет баспана ұсынады екен: 

- Пәтерлер пандустармен жарақталған үйлердің бірінші қабатында. Тек бұл пандустардың көпшілігі ережелерге қайшы жасалған. 

Темір Естебаевпен бірге Нұрсая ықшамауданындағы №65 үйге бет алдық. Сол жерде тұратын мүмкіндігі шектеулі әйелден әлденеше рет шағым түсті.

Бір қарағанда әжептәуір пандус аяқ-қолы сау менің кіреберіске кіруіме едәуір кедергі келтірді. Көлбеу бұрышы, ұзындығы дұрыс емес, резеңке қаптамасы мен таянышы жоқ. Бір жұмбақ нәрсе: кіреберісте пандус бар, ал пәтер орналасқан баспалдақ алаңына пандус салынбаған.


БҰЛ ЖЕР МОПЕДКЕ ЛАЙЫҚСЫЗ

Мүгедектерге арналған «Қолжетімді орта» мемлекеттік бағдарламасы біздің елімізде 2012 жылдан бері бар. Бұл халықтың аз мобильді топтары кедергісіз қозғалуы үшін қалалық нысандар мен қоғамдық көлік жауап беруі тиіс талаптар жиынтығы. Көлікке келер болсақ: мүмкіндігі шектеулі адамға инватакси қажет болады. Облыс орталығында оның 7-уі бар. Қазір ол уақытша қызмет етуін тоқтатты. Мемлекеттік сатып алулар конкурсы өткізілгеннен кейін ғана қызметін жалғастырады. Сондықтан қазір мүгедектердің көпшілігі қайтадан өз үйлеріне қамалды. Инватакси жүргізушілері де оларды көбінесе тек бірнеше бағытқа – зейнетақы қорына, салық қызметіне, ТКШ бөліміне ғана апарып келеді.

- Неліктен біз өзімізді ХҚКО, қалалық қамсыздандыру немесе ТКШ бөліміне барумен ғана шектеуіміз керек? Мен әлі жаспын, мәселен, сұлулық салондарына барғым келеді. Жақын дүкенде барын сатып алмай, өзіме ұнайтын азық-түліктерді таңдап, супермаркеттерді аралағым келеді. Көкөністер мен жемістер алу үшін базарға шыққым келеді. Қоғамның бір бөлшегі болып, толыққанды өмір сүргім келеді! – деді Гүлназ Қосмұрзиева эмоциямен.

Қоғамдық көлікке келер болсақ, ірі тасымалдаушы «Айс Транс Холдинг» ЖШС-де мүгедектерге бейімделген 5 автобус қана бар.

- Бір күні өзімді масыл деп санаудан, туыстарымнан, достарым мен таныстарымнан көмек сұраудан жалықтым. Туыстарыммен ақылдасып, қала ішінде өздігіммен қозғалу үшін мүгедектерге арналған арнайы мопед сатып алуды ұйғардым. Германияда мұндай мопед 8 мыңға жуық еуро тұрады. Бірақ, біз қолдан арзандау бағасына сатып алдық. Алайда, біздің көше оған лайық болмай шықты. Жаяужолдан түсетін еңіс жер жоқ, көп жерде биік жиек түрінде кедергі бар. Сөйтіп, екі жылдан бері мопедім қолданылмаған күйі тұр, - дейді арбаға таңылған Әлия.


ТЕАТР ПАНДУСТАН БАСТАЛАДЫ

Облыстық драма театры секілді маңызды нысанда пандус деген атымен жоқ. Мүгедектер үшін биік баспалдақтар Эверест шыңымен барабар.

Қазір театр қайта жарақтауға жабылады, оның бағасы 800 млн теңгеге бағаланған. Бәлкім мердігер осы бюджетке пандусты орнату жұмыстарын қамти алатын шығар?

Оңтүстік астанада қалалық мүгедектер қоғамының мүшелері шенеуніктермен бірге мүмкіндіктері шектеулі тұлғалар үшін ғимараттың жарамдылығына қатысты рейдтер өткізіп тұрады. Бүкіл ескертулер жауапты тұлғаларға жолданады. Талаптар орындалмаған жағдайда заң бұзушыларға 100-ден 700 мың теңгеге дейін қомақты айыппұлдар салынады. Заң бұзушылық қайтадан анықталған жағдайда сома екі еселенеді. Жұмыс тобы кез келген қоғамдық орынға кез келген уақытта сап етіп келе қалуы мүмкін. 


ШЕНЕУНІКТЕРДІ ШАРЛАУ

Мүгедектер арбасын іздестіріп тауып, шымыр келген әріптесіммен бірнеше қоғамдық орынға аяқ басуға тырыстық.

Тізім басында қалалық ТКШ бөлімі болды. Арбада отырған серігім тіпті пандусқа да жете алмады, оған баратын жолда кішкентай жолжиек тосқауыл болды. Тек менің көмегіммен ғана кедергіден өтіп, пандусқа шыға алды. Арбаны артынан итеру өте қиын болды, қайта- қайта кері сырғанап, серігімді өзіммен бірге кері тартумен болдым. Өйтіп-бүйтіп, пандусқа да шықтық-ау. 

Әрі қарай – қалалық әкімдік. Орталық есік алдынан кафельмен капталған он сантиметрлік басқышты көрдік. Есесіне ғимараттың ауыз бөлмесінде кафель тақтамен қапталған енсіз, биік пандус бар. Біз оны тексеріп көрмедік, тексерусіз-ақ бәрі түсінікті еді.

Жилгородок – Авангард жаяу көпіріне көтерілетін пандустың да жарамдылығын тексеріп көрдік. Қазір оны қалың мұз қабаты басқан, онымен жүру мүмкін емес, бірақ, түсуге болады – тікелей травматологиялық пункттен бір-ақ шығасыз.

Ал қалалық қамсыздандыру бөлімінің орталық есігінде пандус атымен жоқ екен. Демек, «Қолжетімді орта» нақты өмірде емес, тек қағаз жүзінде ғана болғаны ғой.



Анастасия АЛЮШИНА

Суретті және бейнежазбаны түсірген Марат ТАКУЛИН


11 қаңтар 2018, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.