Атырау, 23 қараша 22:18
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Ленинградтық Эмма

4 158 просмотра

Бұдан 70 жыл бұрын кішкентай Эмма Ленинградпен қош айтысып еді. Сүйікті қалалары Суокас отбасын үздіксіз жарылған бомбалардың ысқырығымен шығарып салды.

-  Мен жалғыз қалдым ба? Блокададан Атырауға келген үшеуміз едік. Ішіндегі мықтысы, демек, мен болғанмен, менен саған қандай пайда, - деп күледі Эмма Семеновна, менің есімде ештеңе жоқ! Тек біздің алдымыздан жүріп отырған машина ғана есімде бар. Ол да мұз боп қатқан өзен үстінен  адамдарды тасыды, эвакуация жүріп жатты. Алдымызда келе жатқан машина кенет көз алдымызда мұздың астына кетті де қалды, үстіне бомба түсті ме, әлде мұз жарылып кетті ме білмеймін. Ал  біздің машина бұрылып үлгерді де, біз аман қалдық. Ал, әлгі машинадағылардың бірде - біреуі тірі қалмады, тек су бетіне көрпеше қалқып шықты. Неге екені белгісіз, осы көрініс қана көз алдымда сақталып қалды, басқа ешнәрсе есімде жоқ..

Эмма Семёновна ПАРАСКИВИДИГЕ қарасаңыз, оның бойындағы ақсүйектікті аңғарасыз, питерлік дене бітімін  соғыс та, кәрілік те еңкейте алмаған. Мені оның өңменіңнен тесіп өтетіндей өткір көкшіл, өткір ғана емес, күлімдеп тұрған көз жанары қайран қалдырды.

Финдерден тараған байырғы ленинградтық Суокастар отбасы 1942 жылдың желтоқсанында, яғни,  блокада басталғаннан кейін он алты ай өткен соң  көшірілді.

- Аштық есімде жоқ. Алайда, анам әңгімелеп отыратын, адамдардың көшеде кетіп бара жатып құлап жатқандары  еміс-еміс есімде қалған. Оларды жинап алатын, бірақ, адам мүрдесі көп болатын... Ал, біз жеке үйде тұрдық, бақшамыз болды, анам болса, азық-түлікті жинап-теріп дайындап алатын. Картоп, орамжапырақ дегендей, картоп болса, нанның да болғаны ғой. Анам жұмыс істеп, қалай болғанда да қиындықтан шығудың амалын жасады. Тіпті, жолға да азық дайындап алып шықты. Ал, суды жол бойы ағам алып отырды. Ол кезде оның жасы 14-те болатын, ол тіпті, кейбір стансаларда қалып қойып, артынан басқа пойызбен біздерді қуып жетіп отырды. Біздерді тауар таситын пойызбен алып жүрді. Ұп-ұзын жоғары және төменгі сөрелерде ине шаншар жер жоқ, солай келдік. Суық болды, алайда, оған төзбеске амалың жоқ еді. 

Алты жастағы Эмма және оның тоғыз жастағы апасы, үлкен ағасы мен аналарын Краснояр өлкесінің Копьево стансасынан түсірді. Эмманы бір-екі айға балабақшаға орналастырды, оларды онда тамақтандырды.

- Анам  күзетші болып жұмысқа орналасты және кеңсенің еденін жуды. Ал, ағам ағаш ағызушы болып жұмысқа орналасты. Тағы да бақша егіп, жазда жабайы сарымсақ пен дала пиязын жинады, сөйтіп күндерін көрді.

Ол жерде олар Жеңіс туралы хабарды тосты, соғыстан кейін де олар сол жерде тұрып қалды.

Үш баламен қайда барады? Ер жеткен соң да ол жерден кетуімізге болатын еді, бірақ, біздің кеткіміз келмеді... Техникумда оқыдым, күйеуге шықтым, күйеуім осы жерге алып келді.

Көп жылдардан соң Ленинградқа баласын оқуға алып барғанда Эмма өздерінің үйлерінің орнында жоқ екендігіне көзін жеткізді.    Эмма Семёновна екі ұл, бір қыз өсірген ана, оның жеті немересі және әзірге бір шөбересі бар. Ол туралы айтқан сайын әжесінің көзінен жалын ұшқындайды.

-Ол қандай тәтті дейсің,– дейді ол үшін жан беруге дайын қарттар сөз таппай, бастарын шайқап, күлімсірейді.

Бағып отырмын дегенмен, оның өзі бәрін жасай алады, дүкенге де барады, үйді де жинайды, тіпті, саяжайда да атыз қазады.

- Атасы да бәрін өзім жасаймын деп ешкімге дес бермейтін, тек қазір инсульттан кейін төсек тартып жатып қалды. Ал, мен жерді  өзім-ақ қаза беремін – ол дегеніңіз денсаулыққа жақсы ғой. Есіңде болсын – көп еңбек етсең, ұзақ жасайсың! –  деп әжей маған батасын да беріп жатыр. Ол арқасын тіп-тік ұстайды,  иегін жоғары көтеріп жүреді, тіпті үстіндегі халатпен-ақ, ханымдар секілді көрінеді. Эмма Семеновнамен  табалдырық алдында қоштаса тұрып, оның жұп-жұмсақ бетіне бетімді тақап, қоштастым. Мұндай сәттерде іші-бауырың елжіреп кетеді. Шын мәнінде соғыс жылдары туралы оқығанда, әсіресе, жаныңды мұздай қаритын сол жылдардың естелік суреттерін көрген кезде, сен оған жауап іздейсің және оның жауабын таба да алмайсың: олардың  маңдайына жазғаны сол ма?!

Эмма Семёновна ұзақ өмір сүріңіз,  ауырмаңыз, сіз біздер үшін қымбат жансыз!

Ленинград блокадасы – қаланы неміс, финдар және испан (Көкшіл дивизия) әскерлерінің әскери блокадаға алуы. Ол 1941 жылдың 8 қыркүйегінен 1944 жылдың 27 қаңтарына дейін 872 күнге созылды (блокада сақинасы 1943 жылдың 18 қаңтарында бұзылды). Блокада басталғанға дейін қалада азық-түлік өнімдері мен отын қоры жеткіліксіз болды. Блокада құрсауындағы Ленинградпен байланыстың бір ғана жалғыз жолы қоршап тұрған артиллерияның қол жетім жеріндегі Ладожский көлі болып қалды. Бұл транспорттық артерияның жіберу қабілеттілігі қаланың сұранысына сәйкес келмеді. Соның нәтижесінде Ленинградта жылумен, көлікке қатысты проблемалармен қиындаған аштық бірнеше жүздеген мың тұрғындардың өліміне әкеп соқтырды.

9 мамыр 2012, 15:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.