Атырау, 23 желтоқсан 05:09
 ашықВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Түрмедегі арулар

4 933 просмотра

Өткен аптада Атырау облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты УГ-157/11 әйелдер түзеу мекемесінде тағы да мәдени шара өтті.  Бір қызығы ол ешқандай мереке немесе атаулы датаға негізделмеген. Жай ғана сотталғандардың моральдық рухын көтеру үшін.

Әрине сахналанған көріністерді біраз күтуге тура келді. Бәрі техникалық кедергілерге байланысты. Оны кейбір мекеме қызметкерлері ондағы «аураның»  ауырлығымен де түсіндіріп жатты. Дегенмен музыка басталып, сахнаға қаздай тізілген сымбатты қыз-келіншектер шыға келгенде бір сәтке мұның  әйелдер түрмесі екендігі есімнен шығып кеткендей болды. Оның үстіне көрермендер де өнердің мәнін терең түсінетін талғампаз жандардай, қызу қол шапалақтап, кез-келген көрініске мәз болысты.  Мен оларды іштей аяғандай да болдым. Оларға тағылған айып әртүрлі болғанымен тағдырлары бір. Осы бір  шағын жиынның өзі олар үшін үлкен мейрам еді. Оған түрмедегі қыздар  жан-тәндерімен дайындалғандары көрініп тұр.

- Бұндай қойылымдарды дайындай келе олар тіпті  әртіс болып алды,-дейді түрме бастығы Нұрлыбек АРЫСТАНҒАЛИЕВ.

Әйтсе де осы жолы олар «Үздік жасақ бастығы» мен «Үздік жасақты» анықтауға ден қойған. Қазір колонияда 288 әйел  бес жасаққа бөлінген. Сайыс шартына сәйкес алдымен жасақ бастықтары өзара білімдері мен біліктілігін сарапқа салды. Әр жасақ басшысының бөлмелері бойынша бағалау жасалды,  яғни күнделікті қолданыста қажеттілікті талап ететін оқулықтар, бұйрықтар, нормативтік құқықтық актілер, құжаттамаларға тексеру жүргізілді. Өйткені жасақ басшысы тіпті түнгі ұйқыдан оятқанда сотталғандардың санын, олардың қаншасы мектепте оқитындарын, ал қаншасы жұмысқа тартылғанын жатқа білуі шарт. Әрине қызметтік міндетін де  жақсы меңгеріп, жазасын өтеушілерге әлеуметтік-құқықтық жағынан ұғынықты терең дәріс бере білуі керек. Сонымен қатар саптық тексеріс кезінде киім үлгісінің сақталуын, жеке тазалық, төс белгісінің нормаға сай болуы тәрізді  ішкі мекемелік талаптар да ескерілді.

Сайыстың екінші бөлімі жасақ арасындағы «Ән, би, ойын-сауық» атты концерттік бағдарламаға ұласты. Әр жасақ өз командаларын құрап, ат қойыпты:  «Богиня», «Шанель», «Старые клячи», «Сұлу арулар»,  «Ақ сұңқар». Әуелі сайыскерлер қазақтың ұлттық биін көрсетті. «Қыз таңдау», «Келін түсіру, бет ашу», «Қыз Жібек пен Төлеген» тәрізді ұлттық нақыштағы көріністердің көрушілер көңілінен шығып жатқанын залдағы шудан аңғару қиын емес-ті. Содан соң олар орыс эстрадасы әншілерінің орындауындағы бірнеше әнді де шебер орындады. Әсіресе №1-ші жасақтың  қыздары көрсеткен спорттық би үлгілеріне қарап мұнда небір өнер иесінің  жиналғанына шек тудырмадық. Түрмедегілер әзіл-шыны аралас сахналық қойылымдарымен де өз өмірлеріндегі өтіп жатқан тағдырларын күлкіменен астарлап жеткізе білді. Мәселен, 4-жасақтың «Екі әйел алу» атты шығармасы өте қызық.

Жарыс қорытындысы бойынша «Ең үздік жасақ бастығы» атына лайық  деп 3-жасақтың бастығы әділет лейтенанты Марина АЙТЖАНОВА саналды. Ал  «Үздік жасақ» ретінде 1-жасақ сотталғандары аталды. Жалпы жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды 4-жасақ, 2-орынды 1-жасақ, 3-орынды 3-жасақ иеленді. Оларға сыйлықты департамент қызметкерлерінен құралған әділ-қазылар мүшелерінің төрағасы әділет полковнигі Асхат САПАНОВ табыс етті.

Әбден кеш батып, қараңғы үйірілгенде ғана  әйелдер өз орындарына тарасты. Әрине бұл бас қосу олардың жанын жадыратқаны сөзсіз, бірақ олардың әрқайсысы өз отбасына тезірек оралуды аңсайды.

Сәния ТОЙКЕН

Суреттерді түсірген автор

27 қаңтар 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.